Accessibility links

Голландияның үміті үзілуге шақ тұр


Нидерланд қақпашысы Мартен Стекеленбургтің (көк киімде) допты ұстай алмай қалған сәті. Украина, Харьков, 13 маусым 2012 жыл.
Нидерланд қақпашысы Мартен Стекеленбургтің (көк киімде) допты ұстай алмай қалған сәті. Украина, Харьков, 13 маусым 2012 жыл.

Германия құрамасы Голландия командасын 2:1 есебімен ұтты. Ал Азаттық сарапшылары «Бұл топтан кімнің шығатыны соңғы турдағы матчтардан кейін ғана анықталады» дейді.

Алғашқы голды немістер соқты. 24 және 38-минутта соғылған екі голдың да иесі - Марио Гомес. Ол осыдан соң турнирдің үздік мергендері қатарына қосылды. Екінші таймда Голландияның «сұрмергені» ван Перси алыстан гол соғып кетті.

«МАРВЕЙКТІҢ ҚАТЕЛІГІ»

Спорт шолушысы Ержан Көшкінбай Нидерландты жақтапты.

- Бұл - Ван Марвейктің (Голландия бапкері - ред.) тактикалық қателігі. Ойынның басынан-ақ екінші таймдағы тактикасын ұстану керек еді. Бірінші таймда Германия оларды толығымен «жеп» қойды, еш мүмкіндік қалдырмады. Екінші таймда ойыншылар алмасып, Голландияның бойына қан жүгіргендей болды. Бірақ бір ғана гол соқты, - деді ол.
Еуро-2012 чемпионатына келген голландиялық жанкүйерлер. Украина, 8 маусым 2012 жыл.
Еуро-2012 чемпионатына келген голландиялық жанкүйерлер. Украина, 8 маусым 2012 жыл.

Ержан Көшкінбайдың айтуынша, ойын неміс құрамасының жоспарымен өрбіген. Ол «Бундес тимның» шеберлігіне тәнті болғанын» айтты.

Бапкер Бауыржан Сәрсекенов «Футболшылар үлкен шеберлік үлгісін көрсетті» дейді.

- «Неміс машинасының» ойын тәртібі ерекше. Олар бапкердің айтқанын бұлжытпай орындады. Бірақ екі құраманың тактикасында өзгеріс жоқ, - деді ол.

Бапкердің ойынша, «Голландия бірінші матчта бей-берекет ойнап, мүмкіндіктен айырылып қалған».

Жанкүйер Бабыр Бәйменов бұл ойынның көңілінен шыққанын айтты.

- Бапкер Ван Марвейк Берт ойын алдында Германия құрамасын қалай ұту керек екенін тек өз шәкірттеріме айтамын деген еді. Алайда ван Перси мен Роббенге не айтқаны түсініксіз. Голландия командасы немістерге қарсылық көрсете алмады, - деді ол.

«АЛТЫН ДОП» ПЕН ГОМЕС

Бабыр Бәйменовтың ойынша, «Бұл кездесуде Месут Өзел өзінің техникалық шеберлігін көрсете білді».

- Ойынға дейін неміс бапкері Йоахим Лев «Голландия құрамасынан басқа тактика күтемін» деген. Алайда олар сол Данияға қарсы қойған тактикасын өзгертпеді. Сол баяғы Афеллайды негізгі құрамда шығарды. Ван Боммелді уақытында ауыстырғаны болмаса, ешқандай жаңалық жасаған жоқ. Бірақ, меніңше, немістерге басқа тактикамен шығу керек еді, - дейді жанкүйер.
Голландия қақпасына Германия құрамасының гол соққан сәті. Украина, Харьков, 13 маусым 2012 жыл.
Голландия қақпасына Германия құрамасының гол соққан сәті. Украина, Харьков, 13 маусым 2012 жыл.

Бабыр Бәйменов Марио Гоместің ойынын ерекше атап өтті.

- Осыған дейін әлемдегі «Алтын допқа» басты үміткер Криштиану Роналду мен Месси болса, дәл осы ойыннан кейін бұл қатарға Марио Гомес те қосылуы керек. Жанкүйерлер Голландия мен Германия арасындағы ойынды ең тартысты матч болады деп ойлаған еді. Алайда келесі турдағы Португалия мен Голландия кездесуі одан да асып түсетін сияқты. Себебі сол ойынды жеңген команда келесі кезеңге шығады. Шешуші матч болғаннан кейін Роналду бүгінгі жіберген қателіктерін түзеуге тырысады. Меніңше ол матч тең - 2:2 есебімен аяқталып, Португалия топтан екінші болып шығады, - дейді жанкүйер.

«ГОЛЛАНДИЯНЫҢ БІР МҮМКІНДІГІ БАР»

Спорт шолушысы Ержан Көшкінбай «Голландия құрамасының топтан шығуға теориялық мүмкіндігі бар» деп санайды.

- Соңғы турда Португалиямен ойнайды - бәрі сонда шешіледі. Бірақ осы екі ойында қатарынан жеңіліп қалудың өзі - Голландия командасы үшін үлкен сәтсіздік. Олар іріктеу кезеңінен бірде-бір рет жеңілмей шықты. Ал финалдық турда бірден екі мәрте жеңілу - Голландия сияқты футбол державасы үшін ұят нәрсе. Бұл команда - негізгі фавориттің бірі. 2010 жылғы әлем чемпионатында финалға шықты. Биыл да ойыншыларының көбі еуропалық клубтарда жақсы жағынан көрінді. Бірақ бас бапкер солардың басын біріктіріп, дұрыс арнаға сала алмады, - деді шолушы.
Португалия шабуылшысы Криштиану Роналду. (Көрнекі сурет)
Португалия шабуылшысы Криштиану Роналду. (Көрнекі сурет)

Ол «Келесі турдағы Дания құрамасына қарсы ойында Германия қосалқы құраммен ойнайды, себебі олардың топтан шығатыны анық» деді. «Германияның әлем және Еуропа чемпионаттарының финалында қателесетін әдеті бар» екенін де атап өтті.

- Бұл - шынында «өлім тобы». Өте мықты командалар. Голландияның әлі де келесі кезеңге шығу мүмкіндігі бар. Ол үшін Португалияны кемінде 2:0 есебімен ұту керек. Португалдықтар жеңіле қоймайды. Осал команда емес, - дейді жатықтырушы Бауыржан Сәрсекенов.

Ақпарат агенттіктері бұл ойынның билеті түгел сатылып кеткенін хабарлаған еді - сол себепті стадион қос құраманы қолдауға келген жанкүйерлерге лық толды. Украинада осыған дейін өткен бірқатар кездесулерде бос орындардың көп болғаны байқалған.
XS
SM
MD
LG