Accessibility links

Испания Италияны ұта алмады


Испандық жартылай қорғаушы Сеск Фабрегас допқа талас кезінде. Испания мен Италия ұлттық командаларының кездесуі. Польша, Гданьск, 10 маусым 2012 жыл.
Испандық жартылай қорғаушы Сеск Фабрегас допқа талас кезінде. Испания мен Италия ұлттық командаларының кездесуі. Польша, Гданьск, 10 маусым 2012 жыл.

Испания және Италия құрамалары арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Азаттықтың сарапшылар құрамасы матч туралы ойларын айтты.


Ойындағы есеп тек екінші таймда ашылды. Италиялық Антонио Ди Натале 60 минутта Алесандро Пирлоның пасын алып, допты қақпа бұрышынан бірақ шығарды. Алайда араға төрт минут салып Испания есепті теңестірді. Голдың авторы Сеск Фабрегас. Сөйтіп «С» тобындағы бұл құрамалар бір-бір ұпай алды.

«ЕКІ КОМАНДА ДА АШЫҚ ОЙНАДЫ»

Ойын Польшаның Гданьск қаласындағы «PGE Арена» стадионында өтті, оған венгриялық Виктор Кашшаи төрелік етті.
Матч алдында Испания командасының жанкүйерлері стадионға келе жатыр. Польша, Гданьск, 10 маусым 2012 жыл.
Матч алдында Испания командасының жанкүйерлері стадионға келе жатыр. Польша, Гданьск, 10 маусым 2012 жыл.

- Екі команда да керемет ойын көрсетті. Испания мен Италия да - мықты құрамалар. Осыған дейінгі ойындардың ішіндегі ең әдемісі осы болды. Командалар ашық ойын ойнады, Испанияның техникалық дәрежесі мықты, олар допты ұзақ ұстайды. Көбіне қысқа пас беріп, басымдық көрсетті. Шабуылшылары да мықты, негізі бұл команда «Барселонаның» стилінде ойнады, - деді бапкер Бауыржан Сәрсекенов. Ол Италия құрамасын «танымай қалғанын» айтты.

«ҚАҚПАШЫЛАР ҚҰТҚАРДЫ»

Спорт шолушысы Ержан Көшкінбай болса, мұндай ойынды күтпегенін айтты. Ол Испания құрамасы жеңеді деп ойлаған екен.
Испандық қақпашы Икер Касильястың командасын голдан құтқарып қалған сәті. Испания-Италия кездесуі. Польша, Гданьск, 10 маусым 2012 жыл.
Испандық қақпашы Икер Касильястың командасын голдан құтқарып қалған сәті. Испания-Италия кездесуі. Польша, Гданьск, 10 маусым 2012 жыл.

- Ойын толықтай Испания құрамасының басымдығымен өтті десек болады. Бірақ Италия футболшылары - шеберлік деңгейлері өте жоғары ойыншылар. Испандықтарда көптеген жақсы мүмкіндіктер болды, бірақ италиялық қақпашы Буффон уақтылы әрекет етіп отыр. Меніңше, ол - матчтың үздік ойыншысы. Ол болмағанда, италиялықтарды жеңілістен ештеңе сақтай алмас еді, - деді шолушы.

«Қаламгер-Медиа» орталығының директоры, жанкүйер Жанарбек Әшімжан ойындағы негізгі фаворит Испания болды дейді.

- Осының алдындағы Еуропа және әлем біріншілігінде қатарынан чемпион атанған Испания, үшінші ірі жеңіске жетуді қалайды. Ал әдетте әлем чемпионаттарында жақсы өнер көрсететін Италия Еуропа біріншіліктерінде ешқашан сәтті ойнамаған. Бүгін Италияның дайындығы ерекше көзге көрінді. Олардың қорғанысы мен тактикалық ойыны ерекше әсер етті. Франдели бапкердің 3/5/2 комбинациясы жемісін берді, - дейді жанкүйер.
Испандық футболшы Херард Пике (төменде) Италиялық ойыншы Тьяго Моттаға қарсы ойын ережесін бұзды. Польша, Гданьск, 10 маусым 2012 жыл.
Испандық футболшы Херард Пике (төменде) Италиялық ойыншы Тьяго Моттаға қарсы ойын ережесін бұзды. Польша, Гданьск, 10 маусым 2012 жыл.

Мамандардың барлығы да қақпашылардың еңбектерін атап өтті.

- Командалардың тең нәтиже көрсетуі - қақпашылардың еңбегі. Бірінші таймда бір ғана ескерту жасаған төреші екінші таймда қаһарына мініп, алты сары қағазды бірден көрсетті. Топтық деңгейде осылай ескертулер бере берсе, кейінгі ойындарда ең маңызды ойыншылардың алаңға шықпай қалуы мүмкін. Бүгін сары қағаз мүлдем көрсетпейтін жағдайларда көрсетілді, - дейді Жанарбек Әшімжан.

Ержан Көшкінбай болса, «Төреші бірінші таймда аса байқалмады, басты назар ойында болғандықтан төреші көрінбеуі тиіс» деді. Оның ойынша, төреші заңды шешімдер шығарды.

«ИСПАНИЯ АҚТЫҚ СЫНҒА ШЫҒА АЛМАЙДЫ»

Бауыржан Сәрсекеновтың айтуынша, екі команда да кірмелі пастар берді. Ол испаниялық Фернандо Торрес бірнеші жақсы мүмкіндіктерді іске асыра алмады деп санайды.
Испания құрамасының шабуылшысы Фернандо Торрес (оң жақта) 2010 жылғы футболдан әлем чемпионатында. Оңтүстік Африка, Дурбан, 16 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Испания құрамасының шабуылшысы Фернандо Торрес (оң жақта) 2010 жылғы футболдан әлем чемпионатында. Оңтүстік Африка, Дурбан, 16 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

- Негізі Испания ұту керек еді. Командалар әдейі есеппен ойнады, олар келесі қарсыластары Ирландия мен Хорватияны ұтады, сөйтіп келесі турға өтеді, - деді бапкер.

Ержан Көшкінбайдың пікірінше, бұл өте тартымды ойын болды. Маман «Бір ұпай екі команданы да одан арғы жеңістерге жігерлендіреді» деді.

- Екі команда да өз деңгейлерінде ойнады. Бірақ бұл - алғашқы кездесу. Екеуі де әлі түрленеді, өздерінің шеберлік шамаларын олар әлі толық көрсетпеді. Бұл топтан осы екі команда келесі кезеңге шығуы тиіс, - деді ол.

Ал Жанарбек Әшімжанның сөзінше, испаниялық бапкер «Атлетико Бильбаоның» құрамындағы Льорентены алаңға шығаруы тиіс еді.

- Мұнда қорғаушы Пуйоль мен Давид Вильяның жоқтығы айқын сезілді. Бапкер Висенте дель Боске алдағы уақытта шабуылшылардың мәселесін шешу керек деп ойлаймын, - дейді жанкүйер.
Бұл топтан осы екі команда келесі кезеңге шығуы тиіс

Ол «Егер дәл осындай ойын өрнегін көрсетсе, Испания ақтық сынға шыға алмайды» деп санайды. Оның сөзінше, есеп әділетті болды.

Бұл екі команда ірі халықаралық турнирлер кезінде алты мәрте кездескен екен. Испания командасы Еуро-2008 чемпионатында Италия құрамасын пенальти арқылы жеңген, үш ойында Италия құрамасы ұтса, тағы екі ойын тең есеппен аяқталған.
XS
SM
MD
LG