Accessibility links

АҚШ президенті сайлауында Трамп жеңді


АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамп. Нью-Йорк, 9 қараша 2016 жыл.
АҚШ президенті болып сайланған Дональд Трамп. Нью-Йорк, 9 қараша 2016 жыл.

АҚШ президенті сайлауында Республикалық партия кандидаты Дональд Трамптың жеңіске жетті. Оның бәсекелесі, Демократиялық партия үміткері Хиллари Клинтон жеңімпазды құттықтаған.

АҚШ президенті сайлауында Республикалық партия кандидаты Дональд Трамп Висконсин штатында жеңіске жетіп, сайлаушылар алқасының 276 дауысына ие болған соң америкалық ақпарат құралдары оны сайлау жеңімпазы деп хабарлады.

Огайо, Флорида және Солтүстік Каролина сынды сайлау нәтижесі үшін шешуі маңызы бар штаттарда басым дауысқа ие болуы Трампты алға шығарды.

Демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтонды қолдап сайлаушылар алқасында 215 адам дауыс берген.

АҚШ сайлау жүйесінің тәртібі бойынша, сайлаушылар алқасындағы 538 дауыс берушінің көбі, яғни кемінде 270-і қолдау білдірген кандидат АҚШ президенті болып сайланады.

Сайлаудағы жеңісінен кейін жақтастары алдында сөйлеген сөзінде Дональд Трамп «АҚШ халқының игілігі үшін дереу жұмысқа кірісуге дайынмын» деп мәлімдеген. Ол «барлық америкалықтардың президенті» болғысы келетінін айтқан кезде жақтастары «АҚШ! АҚШ!» деп ұрандатқан.

Трамптың бәсекелесі демократ Хиллари Клинтон өзінің жеңілгенін мойындап, Дональд Трампты жеңісімен телефон арқылы құттықтады деп хабарлады CNN телеарнасы.

АҚШ-тағы бұл жолғы сайлауда бұрын-соңды болмаған мөлшерде көп сайлаушы – 46 миллион азамат алдын ала дауыс берген.

Хиллари Клинтон қарашаның 8-і күні жұбайы, АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонмен Нью-Йорк штатының Чаппакуа қаласындағы сайлау учаскесінде дауыс берді. Ол журналистерге «көпшілік жұрт нәтижесінен үміт күткен» бұл сайлаудың жауапкершілік жүгін сезінетінін айтқан.

Хиллари Клинтонның дауыс беруі:

Хиллари Клинтон дауыс берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:21 0:00

Дональд Трамп әйелі Мелани Трамппен бірге өзінің сайлауалды штабы орналасқан Манхэттенде дауыс берді. «Әзірге бәрі жақсы. Сайлау күні қызықты болғалы тұр» деген Трамп.

Дональд Трамптың дауыс берген сәті:

Дональд Трамп дауыс берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00

Қарашаның 8-і күні АҚШ азаматтары ел президентімен қатар конгрестің өкілдер палатасының 435 мүшесі мен сенаттың 34 депутаты сайлауына да дауыс берді. Өкілдер палатасында республикашылдар осы жолы да көпшілік орынды сақтап қалады деген болжам бар. Ал демократтар сенатта басымдыққа ие болу үшін бұл жолы кем дегенде төрт орынды иеленуден үмітті.

69 жастағы Хиллари Клинтон мен 70 жастағы Дональд Трамптың сайлауалды науқаны қиян-кескі айтыспен өте тартысты өтті.

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон сайлау науқаны кезінде орта таптың табысын көбейте түсуге; мейлінше көп азаматтардың жоғары білім алуына жағдай жасауға; денсаулық сақтау жүйесінде 2010 жылы Барак Обаманың бастамасымен басталып, осы күнге дейін сынға ұшырап жүрген «Обамакейр» реформасын жетілдіруге уәде берген. Клинтон Ресейдің Украина мен Сириядағы әрекеттеріне қарсы әрі бұл мәселеде қатаң позиция ұстанады. Мемлекеттік хатшы болған кезінде ол Сириядағы шабуылды күшейте түсуді бірнеше мәрте ұсынғанымен, президент Обама оған қолдау танытпаған.

Бұған дейін саясатпен айналыспаған бизнесмен әрі реалити-шоу жүргізушісі Дональд Трамп сайлау науқаны кезінде АҚШ-та жұмыс орындарын көбейтіп, салықтарды азайтуға, заңсыз иммиграцияға тосқауыл қою үшін АҚШ пен Мексика арасына биік дуал тұрғызуға уәде еткен. АҚШ пен өзге батыс елдерінің Иранмен арадағы ядролық келісімін қатты сынаған Трамп Ресей президенті Владимир Путинді «тамаша басшы» деп мақтаған.

XS
SM
MD
LG