Accessibility links

"Декрет емес, заңмен жүретін билікті күтеміз". Азаттық бастауындағы үміт пен үгіт

"Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз!" кітабының мұқабасы
"Азаттық радиосынан сөйлеп тұрмыз!" кітабының мұқабасы

Азаттықтың деректі хабарларына арналған "Азаттық толқынында" подкасында радио жұмысын қалай бастағаны жайлы баяндаймыз. Наурыздың 18-інде Азаттық радиосының қазақ тілінде хабар тарататын Түркістан редакциясы атымен құрылған бөлімінің ашылғанына 72 жыл толады.

"Бұл әлі істің басы". Азаттық бастауындағы үміт пен үгіт
please wait

No media source currently available

0:00 0:31:01 0:00
Жүктеп алу

Орталық Азия елдері тілдерінде хабар тарататын Түркістан редакциясы Азаттық радиосы құрылғанда алғаш ашылған бөлімдердің бірі болды. Азаттық радиосы 1953 жылғы 1 наурызда эфирге шығып, жұмысын бастаған еді.

"АЗАТТЫҚ АРҚЫЛЫ ДЕМОКРАТИЯҒА СЕНІМ КҮШЕЙДІ"

Радионың 1995 жылғы 30 сәуірде эфирге ұсынған хабарының бірі Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұр. Осы хабарда Азаттықтың тыңдарманы, кейін авторларының бірі болған Фадли Әли радио хабарларының шыншыл сипатын атап көрсеткен. Ол 1990 жылдардан бастап радио хабарларын ұдайы тыңдай бастағанын, кейін өзі де автор ретінде Азаттыққа хабар дайындағанын айтқан.

"Азаттық радиосы үшін әзірлеген хабарларым қысқартылмай, кешіктірілмей эфирге жол тауып жатты. Бұл радио Алматыдағы ақпарат құралдарында айтуға, жазуға мүмкін болмаған тақырыптарды халыққа жеткізуге жағдай жасады. Азаттық радиосы арқылы еркін сөзге, демократияға деген сенім күшейді. Радио мені осы тұрғыда тәрбиеледі. Менің жан-дүниемді рухани тұрғыда байытты", – деген Фадли Әли.

Ол сол кездегі Азаттық радиосының эфирінен берілген хабарлардың сипаты мен ерекшелігін атап өткен.

"Азаттық радиосынан берілген Мұхтар Мағауиннің, Қабдеш Жұмаділовтің, Рахманқұл Бердібаевтың, Рымғали Нұрғалидің, Сәкен Дорженевтің, Батырхан Дәрімбет – Бозғұрттың, Смағұл Елубайдың, Сәбетқазы Ақатайдың, Жасарал Қуанышәлінің, Едіге Мұхтарұлының түрлі тақырыптағы мақалалары тыңдарман зердесінде көпке дейін ұмытылмайтын әсер қалдырғаны анық", – деген Фадли Әли сол кездегі хабарлар жайлы.

"КОММУНИЗМ ЕЛЕСІ ӘЛІ КЕЗІП ЖҮР"

Фадли Әли сол уақыттағы халықаралық қауымдастық назарындағы қайшылықты оқиғаларды хабарлауда да Азаттықтың орны бөлек болғанын айтады.

"Босния мен Герцеговинадағы және Шешенстандағы қақтығысты, Тәжікстандағы оқиғаларды Азаттық радиосының қызметкерлері сияқты басқа ешкім адал жүрекпен түсіндіре алмас деп ойлаймын. Осындай сипатына байланысты соңғы кезде Азаттық тыңдарманы едәуір көбейді деп есептеймін. Бұған Орталық Азия мен Қазақстанда Алматыда бірінші болып ашылған тілішілер қосынының да жұмысы игі әсер етті", – дейді Фадли Әли.

Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің қызметкерлері: (солдан оңға қарай) Нұркамал Пынар, Хасен Оралтай, Талғат Қосжігіт, Әбдіуақап Қара, Әлихан Жаналтай. Мюнхен, Батыс Германия, 1995 жыл.
Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің қызметкерлері: (солдан оңға қарай) Нұркамал Пынар, Хасен Оралтай, Талғат Қосжігіт, Әбдіуақап Қара, Әлихан Жаналтай. Мюнхен, Батыс Германия, 1995 жыл.

Тыңдарманмен арадағы кері байланыс та Азаттық радиосын өз аудиториясына жақындата түскен сияқты.

"Радио тыңдаушыларының көбейгенін мен мынадан байқаймын. Соңғы кезде радио авторларына, үйге немесе тілшілер қосынына телефон соғып, пікір таластырып, дауласып, тіпті ашу шақырып жататындар, көшеде кездесе қалса, тоқтатып әңгімелесетіндер пайда болды. Бұл да болса, Азаттық радиосы хабарларының қоғамға біршама қозғау салғанын көрсетеді", – дейді Фадли Әли.

Ол Азаттық радиосы кемінде 2000 жылға дейін жұмыс істеуі керек деп есептейтінін айтқан.

"Тәуелсіздік баянды болып, елде шынайы демократия орнап, базар экономикасы толық үстемдік құрғанша, Азаттық радиосының талдауларына мұқтаж болып қала береміз. Бұл бағытта Азаттық радиосы әлі де жәрдемші болып қалуы керек. Өйткені Орталық Азия мен Қазақстанды коммунизм елесі әлі кезіп жүр", – деп қорытқан Фадли Әли.

КОНГРЕССТІ КҮПТІ ҚЫЛҒАН АЗАТТЫҚ

Бұл тұста мына мәселелер назар аудартады. 1995 жылғы сөзінде Фадли Әли Азаттық радиосы кемінде 2000 жылға дейін жұмыс істеуі керек десе, тағы бір тұста радио редакциясының Прагаға көшуі туралы айтылған. Ол кезде (1995 жылға дейін – ред.) Азаттықтың орталық кеңсесі Германияның Мюнхен қаласында болатын. Ал сөз арасында айтылған Азаттық радиосының Алматыдағы тілшілер қосыны 1993 жылы, яғни Азаттық радиосының құрылғанына 40 жылдан асқанда ашылған еді.

Алайда артынша Америкадағы сайлауда билікке келген 42-президент Билл Клинтонның тұсында Азаттық радиосы сияқты суррогат ұйымдарға бөлініп келген қаржыны үнемдеу туралы ұсыныстар айтылды. Бұл штат қысқартып, кейбір редакцияларды жабу дегенге саяды. Азаттық радиосында ұзақ уақыт қызмет атқарған, сол кезде Қазақ редакциясын басқарған Хасен Оралтай өз естелігінде осы жайлы кеңінен баяндаған.

Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің бұрынғы директоры Хасен Оралтай (1933 - 2010)
Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің бұрынғы директоры Хасен Оралтай (1933 - 2010)

"18.10.1993 дүйсенбі күні Азат Еуропа және Азаттық радиоларының жалпы бастығы (президенті) Mr. Gene Pell радионың барлық қызметкерлері мен жұмысшыларын шақырып, үлкен жиналыс өткізді. Ол осыдан бірер ай бұрын да осындай үлкен жиналыс шақырып, сөз сөйлеген. Сол бұрынғы жиналыста АҚШ–тың жаңа үкіметінің, яғни президент Клинтон әкімшілігінің бүкіл ел көлемінде ысырапшылдыққа қарсы күрес жүргізу және үнемшілдік саясатын белгілегендігін ескерте келіп, сол саясаттың кесірі Азат Еуропа мен Азаттық радиоларына да тиетін түрі бар деген еді", – дей келіп Хасен Оралтай бұл туралы радионы қаржыландыратын АҚШ конгрессінде әртүрлі уәж айтылғанын еске алады.

Конгресс мүшелерінің кейбірі қырғиқабақ соғыс аяқталғанын айтып, жаңа тәуелсіздік алған бұрынғы совет елдері сөз еркіндігіне қол жеткізді деген сыңайда пікір білдірсе, енді біреулері осы елдер билігінде әлі де коммунист басшылар отырғанын, демократия қалыптасып үлгермегенін көлденең тартқан. Соңғылары радионың жұмысы жалғаса беруін мақұлдайтынын білдірген. Ақыр соңында сенат пен конгресс отырысында радиоларға бөлінетін қаржыны нақты қысқартып, кейбір редакциялар жабылуы керек деген шешім қабылданған. Сол тоқтаммен Азат Ауғанстан редакциясын жауып, Шығыс Еуропа тілдерінде хабар тарататын редакциялар қысқаратын болған.

АЗАТТЫҚТЫ КӨШІРГЕН – ҮНЕМДЕУ САЯСАТЫ

Хасен Оралтай өз естелігінде арада бір ай өткенде бұл мәселенің қалай жалғасқанын баяндаған. Ол әдетте сенбі күні кеңсеге келе бермейтін Азаттық радиосының бас директоры Кеуін Клоздің 1993 жылғы 20 қарашада шұғыл жиын өткізгенін айтады. Онда АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Альберт Гордың Алматы мен Бішкекке сапарлайтынын айта келіп, бұл туралы тиісті жайларды талқылап болған соң мына мәселені ортаға салғанын жазады.

Азат Еуропа/Азаттық радиосының бұрынғы президенті Кевин Клоз
Азат Еуропа/Азаттық радиосының бұрынғы президенті Кевин Клоз

"Одан кейін Кеуін Клоз "Вашингтоннан бүгін келіп түскен хабардың өз өмірлерінің ұзақ жылдарын Азат Еуропа мен Азаттық радиоларында өткізген кісілер үшін аса көңілді емес екендігін" айтты. Онда – Балтық жағалауының үш редакциясы 1995 жылдың аяғында жабылсын деген сияқты бір жоба жасалыпты. Нақтылы шешім емес. Бірақ мұндай жобаның жасалуының өзі жағдайдың аса көңілді емес екендігін аңғартады деді. Кеуін Клоздың айтуынша, ондай қысқартулардың бара-бара барлық редакцияларды қамтуы да әбден ықтимал. Өйткені АҚШ-тың мемлекеттік бюджетінен бұл жолы радио үшін бөлінген қаржы жеткіліксіз. Бұндай қаржымен Батыс Еуропа елдерінің ең қымбат қалаларының бірі саналатын Мюнхенде тұрып, радио істерін бұрынғыдай жалғастыру мүмкін емес. Ол одан кейін өзінің бірнеше серіктерімен бірге Азат Еуропа мен Азаттық радиоларын Чехияның астанасы Прага қаласына көшіру керек деген жобаны ұсынғанын айтты", – деген Хасен Оралтайдың жазуынша, бұл жобаға қарсы шыққандар да болған.

"Нәтижеде Кеуін Клоздың тобы жеңді. Кейін радиолар Прагаға көшті", – дейді ол. Бұл тұста Азаттық радиосының Прагаға орнығуына сол кездегі Чехия президенті Вацлав Гавелдің айтарлықтай жеңілдік ұсынғанын да ескерте кеткен жөн сияқты. Осылайша Азаттық радиосы 1995 жылы Прагаға көшті.

АЗАТТЫҚТЫҢ ЖАБЫЛУЫН ТОҚТАТҚАН – ЖОЙҚЫН ҚАРУ

Арада бірнеше ай өткенде, 1994 жылғы 23 наурызда Азат Еуропа – Азаттық радиосы басшылығы шағын жиын өткізген. Бұл жолы Кеуін Клоз Қазақ редакциясының қызметкерлерімен болған жиында сол жылы барлық редакцияларда қысқарту жүргізілетінін айтқан.

Хасен Оралтай сонда Азаттық радиосы түбегейлі жабыла қалған жағдайда радионың Қазақ бөлімін "Америка дауысы" радиосы құрамына қосуды ұсынған. Ол бұл пікірге қарсыларға "Америка дауысы" радиосында өзбек, әзербайжан тілдерінде бағдарлама жұмыс істейтінін еске салған.

Хасен Оралтай сол күннің ертесінде Кеуін Клоз Өзбек редакциясы қызметкерлерімен кездескенінде: "Азаттық радиосының қайткен күнде де жабылмауға тиіс бөлімдерінің біріншісі – орыс бөлімі, екіншісі – украин бөлімі, үшіншісі – қазақ бөлімі, төртіншісі – беларусь бөлімі, өйткені аталған елдерде қатерлі қарулар бар" деп айтқанын жазады.

Бұл Қазақстан, Украина және Беларусьтің советтен қалған ядролық қарудан әлі бас тартпаған кезі болатын. Азаттықтың сол кездегі хабарларындағы осы елдердегі баллистикалық зымырандар Америкаға кезей орналастырылғаны айтылатын.

ОҚЫРМАН ХАТЫ. "ДЕМОКРАТИЯҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗСІН ДЕСЕҢІЗДЕР..."

Азаттық радиосының жабылу ықтималдығы радионың тыңдармандарына да қозғау салған. Ұлттық академиялық кітапхананың Сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұрған Азаттық тыңдармандары жолдаған хатта осы жайлы айтылады. Қазақ және орыс тілінде бөлек жазылған хаттардың мазмұны шамамен бірдей.

АҚШ президенті Билл Клинтон мен Азаттық радиосы басшылығына радио тыңдармандарының хаты. Хасен Оралтайдың жеке архивінен алынды.
АҚШ президенті Билл Клинтон мен Азаттық радиосы басшылығына радио тыңдармандарының хаты. Хасен Оралтайдың жеке архивінен алынды.

"АҚШ президенті Билл Клинтон мырзаға, Азаттық радиосының басшысына, – деп жазылған бұл хат. – ИТАР-ТАСС хабарына қарағанда, Сіздер қырық жыл жұмыс істеген Азаттық радиосының жұмысын 1995 жылғы 1 қазаннан бастап тоқтатпақшы екенсіздер. Біздіңше, Азаттық радиосының советтік системаны, коммунистік диктатураны құлатуда еңбегі зор болды. Орта Азия мен Қазақстан республикалары енді ғана тәуелсіздікке қолы жетіп, отаршылдықтан құтылуға жаңадан бет бұрды. Шынайы демократия жолына түсе бастады. Азаттық радиосының хабарлары арқылы көп нәрсеге жұрттың көзі жете бастады, оның хабарларын, әсіресе, ауыл тұрғындары қызыға тыңдайды. Біз орталықтың бұғауынан, социализм идеяларынан жаңадан босай бастап едік. Қағаз жүзінде азаттыққа қолымыз жеткенмен, Орта Азия және Қазақстан республикалары толық тәуелсіздікке әлі қолы жете қойған жоқ. Республикаларды бір-біріне айдап салу байқалады, Тәжікстанда қанды қырғын болуда. Ұлтаралық жанжал, қақтығыс басылмай тұр. Бұл республикаларда Ресей әскерлері үстемдік етуде. Осы жағдайларды Азаттық радиосы бүкіл әлемге жария етіп, шынайы көріністі батыл түрде таратып отыр. Біз енді ғана АҚШ, Англия, ФРГ секілді дамыған өркениетті елдерге қарап, демократия жолына түсе бастап едік, сөйткен жас тәуелсіз мемлекеттерді орта жолда қалдырмақсыздар ма? Қазақстан стратегиялық қаруы бар ірі мемлекет. Оны тағдырдың тәлкегіне қалдыруға болмайды. Біздіңше, Азаттық радиосын жабуды емес, қайта Қазақстанда тілшілер пунктін ашуды қарастыру керек. Сонда ғана ол міндетін толық атқара алады. Қазір жүздеген мың адам Азаттықтың хабарын қысқа, орта толқындардан тыңдай алатын болды. Бұл жаңа ғана қол жеткен жетістік еді, енді бізді бұл қызықтан айырмаңыздар. Бұл мемлекеттер Сіздер ойлаған шынайы демократияға қол жеткізсін десеңіздер, Азаттық радиосын жабуды емес, қайта дамыту жолын қарастырыңыздар", – деп аяқталады Азаттықтың бір кездегі тыңдармандарының хаты.

АҚШ президенті Билл Клинтон мен Азаттық радиосы басшылығына радио тыңдармандарының орыс тілінде жазған хаты. Хасен Оралтайдың жеке архивінен.
АҚШ президенті Билл Клинтон мен Азаттық радиосы басшылығына радио тыңдармандарының орыс тілінде жазған хаты. Хасен Оралтайдың жеке архивінен.

Бұған хатқа өзін "Азаттық радиосының ұдайы тыңдарманы" деп көрсеткен Алматы облысы Жамбыл ауданындағы атақты малшы, "Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері" делінген Мұқан Көккөзов, экономика докторы, академик Оразгелді Баймұратұлы, Алматы облысы Кеген ауданындағы халық депутаты болған Еңбек ері, шопан Жолсейіт Молдасанұлы, Атыраудан мұғалім Құсейін Айтқалиұлы бастаған адамдар қол қойған.

Азаттық радиосына Қазақстаннан жолданған орыс тіліндегі хатта да осы мәтін қайталана келіп, тек соңында "Қазақстандағы көптеген дерлік газеттер өз нөмірлерінде Азаттық радиосының жаңалықтарын қысқаша беріп тұрады. Яғни, бүкіл Қазақстан республикасы Азаттық радиосын тыңдап, оқып отырады деген сөз" деп аяқталған. Оған "Тұран" университетінің ректоры Рахман Алшанов, Еңбек ері Зылиха Тамшыбаева бастаған бірнеше адам қол қойған.

"АЗАТТЫҚ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ-МАҚСАТЫНЫҢ ЖОҚШЫСЫ"

Жалпы жыл аралатып, Азаттық радиосын біржолата жабу туралы болмаса да, шығындарын, штатын қысқарту туралы ара-тұра айтылып отырған. Солай жасалған кездері де болған. Хасен Оралтай өз естелігінде ол жөнінде біраз дерек жазған.

"Мен жұмысқа жаңа келіп орналаса бастаған 1968 жылы жалпы Азаттық радиосының қарбалас кезеңі болды. Өйткені Азаттық радиосы мен Азат Еуропа радиоларының бюджетін жыл сайын АҚШ конгресі бекітетін болған. Соған орай, радиолардың жалпы басқару ісі де АҚШ конгресінің бақылауына өткен. Бірқатар америкалық сенаторлар "осы радиолардың қаншалықты қажеті бар?" деген сауал да қойған болатын. Тіпті, Американың сол кездегі бір ықпалды сенаторы "бұл радиоларды жауып тастау керек" деген ұсыныс та жасады. Сол сияқты әрекеттердің нәтижесінде радиолардың жанындағы "Кеңес одағын зерттеу институты" жабылды. Сол айтыстарға байланысты Вашингтонда арнайы бір комиссия құрылып, Мюнхенге аттандырылды. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дуайт Дэвид Эйзенхауэрдің інісі профессор Мілтон Эйзенхауэр басқарған сол комиссия "Эйзенхауэр комиссиясы" деп аталатын. Оның міндеті Азаттық радиосы мен Азат Еуропа радиоларының қажеттігін анықтау еді. Сол "Эйзенхауэр комиссиясы" Мюнхенге келгенде жиынға Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің атынан қатыстым", – деп жазды Хасен Оралтай.

Азаттық радиосы. 70 жыл

Азаттық радиосы жүйесіндегі телетайп операторы. 1950-жылдардағы сурет.
1/27 Азаттық радиосы жүйесіндегі телетайп операторы. 1950-жылдардағы сурет.
<div>1953-1966 жылдар аралығында Азаттық радиосының орталық кеңсесі орналасқан бұрынғы аэропорт ғимараты. Мюнхен, Батыс Германия.</div>
2/27
1953-1966 жылдар аралығында Азаттық радиосының орталық кеңсесі орналасқан бұрынғы аэропорт ғимараты. Мюнхен, Батыс Германия.
Композитор Вернон Дюк (Владимир Дукельский) Азаттық радиосының тілшілері Виктория Семенова (ортада) мен Михаил Коряковқа (оң жақта) сұхбат беріп отыр. Мюнхен, Батыс Германия, 1955 жыл.
3/27 Композитор Вернон Дюк (Владимир Дукельский) Азаттық радиосының тілшілері Виктория Семенова (ортада) мен Михаил Коряковқа (оң жақта) сұхбат беріп отыр. Мюнхен, Батыс Германия, 1955 жыл.
АҚШ президенті Франклин Рузвельттің зайыбы, құқық қорғаушы Элеонора Рузвельт Азаттыққа сұхбат беріп отыр. 1950-жылдары түсірілген сурет.
4/27 АҚШ президенті Франклин Рузвельттің зайыбы, құқық қорғаушы Элеонора Рузвельт Азаттыққа сұхбат беріп отыр. 1950-жылдары түсірілген сурет.
Азаттықтың Орыс қызметі тілшілерінің бірі&nbsp;Валериан Оболенский. 1950-жылдары түсірлген сурет.
5/27 Азаттықтың Орыс қызметі тілшілерінің бірі Валериан Оболенский. 1950-жылдары түсірлген сурет.
Совет өкіметі Азаттық радиосы хабарларын жұрт естімеуі үшін арнайы толқын тұншықтырғыш құралдарды белсенді пайдаланды. Бұл құралдар 1985 жылғы сәуірде Совет Одағында билік басына келген Михаил Горбачевтің қайта құру саясаты кезінде, 1988 жылы жұмысын тоқтатты.
6/27 Совет өкіметі Азаттық радиосы хабарларын жұрт естімеуі үшін арнайы толқын тұншықтырғыш құралдарды белсенді пайдаланды. Бұл құралдар 1985 жылғы сәуірде Совет Одағында билік басына келген Михаил Горбачевтің қайта құру саясаты кезінде, 1988 жылы жұмысын тоқтатты.
Азат ету радиосынан Азаттық радиосына айналған кез.&nbsp;
7/27 Азат ету радиосынан Азаттық радиосына айналған кез. 
<div>Қарыс Қанатбай &ndash; Азаттық радиосы Түркістан редакциясын құрушылардың бірі. Сурет Азаттықтың бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтайдың жеке қорынан алынды.</div>
8/27
Қарыс Қанатбай – Азаттық радиосы Түркістан редакциясын құрушылардың бірі. Сурет Азаттықтың бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтайдың жеке қорынан алынды.
<div>Азаттық радиосының қызметкері Баймырза Хаит (сол жақта) пен ақын Хамза Абдуллин. Алматы, 1995 жыл. Екеуі де Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, &quot;Түркістан легионында&quot; болған. Сурет Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.</div>
9/27
Азаттық радиосының қызметкері Баймырза Хаит (сол жақта) пен ақын Хамза Абдуллин. Алматы, 1995 жыл. Екеуі де Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, "Түркістан легионында" болған. Сурет Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.
<div>&quot;Бостандық радиосы&quot; кезінде бас редактор болған ақын Мәулікеш Қайбалдының &quot;Қайғы&quot; атымен әзірлеген жаңалықтары. Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қорынан.</div>
10/27
"Бостандық радиосы" кезінде бас редактор болған ақын Мәулікеш Қайбалдының "Қайғы" атымен әзірлеген жаңалықтары. Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қорынан.
<div>&quot;Бостандық радиосы&quot; кезінде бас редактор болған ақын Мәулікеш Қайбалдының &quot;Қайғы&quot; атымен әзірлеген жаңалықтары. Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қорынан.</div>
11/27
"Бостандық радиосы" кезінде бас редактор болған ақын Мәулікеш Қайбалдының "Қайғы" атымен әзірлеген жаңалықтары. Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қорынан.
Радионың техникалық бөлімінің жетекшісі Ричард Джюэл Тэнксли (сол жақта) басқару орталығын көрсетіп тұр. Мюнхен, Батыс Германия. 1964 жыл
12/27 Радионың техникалық бөлімінің жетекшісі Ричард Джюэл Тэнксли (сол жақта) басқару орталығын көрсетіп тұр. Мюнхен, Батыс Германия. 1964 жыл
Азаттық радиосының қызметкері Фрэнсис Рональд АҚШ-тағы қаранәсілді адамдардың құқығын қорғаушы қоғам қайраткері Мартин Лютер Кингтен (сол жақта) сұхбат алып отыр. 1966 жыл
13/27 Азаттық радиосының қызметкері Фрэнсис Рональд АҚШ-тағы қаранәсілді адамдардың құқығын қорғаушы қоғам қайраткері Мартин Лютер Кингтен (сол жақта) сұхбат алып отыр. 1966 жыл
1976 жылы Азаттық радиосы мен Азат Еуропа радиосы бірікті. Сол кездегі радионың Мюнхендегі &quot;Ағылшын бағындағы&quot; штаб-пәтері.
14/27 1976 жылы Азаттық радиосы мен Азат Еуропа радиосы бірікті. Сол кездегі радионың Мюнхендегі "Ағылшын бағындағы" штаб-пәтері.
Радио өз тарихында түрлі кезеңді бастан кешірген. Тіпті террористер шабуылына ұшыраған кездері де болды. 1981 жылғы ақпанда радионың Мюнхендегі ғимаратының бір шетінде жарылыс болып, чехословак жаңалықтар қызметі зардап шекті. Жарылысты коммунистік билік басқаратын елдің тапсырмасымен еуропалық террористер тобына кіретін қылмыскерлер жасағаны кейін тексеру нәтижесінде белгілі болды.<br />
<br />
Суретте:&nbsp;Азат Еуропа/Азаттық радиосының штаб-пәтеріне жасалған террорлық шабуылдан кейін. Мюнхен, Батыс Германия, 1981 жылғы ақпан.
15/27 Радио өз тарихында түрлі кезеңді бастан кешірген. Тіпті террористер шабуылына ұшыраған кездері де болды. 1981 жылғы ақпанда радионың Мюнхендегі ғимаратының бір шетінде жарылыс болып, чехословак жаңалықтар қызметі зардап шекті. Жарылысты коммунистік билік басқаратын елдің тапсырмасымен еуропалық террористер тобына кіретін қылмыскерлер жасағаны кейін тексеру нәтижесінде белгілі болды.

Суретте: Азат Еуропа/Азаттық радиосының штаб-пәтеріне жасалған террорлық шабуылдан кейін. Мюнхен, Батыс Германия, 1981 жылғы ақпан.
<div>Қытайдағы коммунистік режимнің қуғын-сүргінінен қашып, Түркияға қоныс аударған қазақ Хасен Оралтай (1933 - 2010) 1960-жылдардың екінші жартысында Азаттық радиосына қызметке қабылданды.&nbsp;Хасен Оралтайдың жеке қорындағы сурет.</div>
16/27
Қытайдағы коммунистік режимнің қуғын-сүргінінен қашып, Түркияға қоныс аударған қазақ Хасен Оралтай (1933 - 2010) 1960-жылдардың екінші жартысында Азаттық радиосына қызметке қабылданды. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы сурет.
<div>Азаттық радиосы Қазақ редакциясы таратқан хабарлардың жазбаша мәтіні. Азаттықтың бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қорынан. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана.</div>
17/27
Азаттық радиосы Қазақ редакциясы таратқан хабарлардың жазбаша мәтіні. Азаттықтың бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қорынан. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана.
Азаттық радиосының 1970-жылдары әлем қазақтары туралы әзірлеген хабарларының жазбасы. Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қорынан. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана.
18/27 Азаттық радиосының 1970-жылдары әлем қазақтары туралы әзірлеген хабарларының жазбасы. Азаттық радиосының бұрынғы директоры Хасен Оралтайдың жеке қорынан. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана.
Хасен Оралтай 1988-1995 жылдар арасында Азаттықтың Қазақ бөлімін басқарды.
19/27 Хасен Оралтай 1988-1995 жылдар арасында Азаттықтың Қазақ бөлімін басқарды.
Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің қызметкерлері: (солдан оңға қарай) Нұркамал Пынар, Әбдіуақап Қара және Мұқабай Енгін. Мюнхен, Батыс Германия.
20/27 Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің қызметкерлері: (солдан оңға қарай) Нұркамал Пынар, Әбдіуақап Қара және Мұқабай Енгін. Мюнхен, Батыс Германия.
Совет тұсындағы санаулы қазақ диссиденттерінің бірі Махмет Құлмағамбет (1930-2008 жж.) Азаттық радиосында 1980 жылдан 1995 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін жұмыс істеді.&nbsp;1930 жылы Қостанай өңірінде дүниеге келген Махмет Құлмағамбет советтік идеологияға қарсы шыққаны үшін сотталып, 1962-1972 жылдар аралығында Сібірде айдауда болды. Совет билігі оны Батысқа кетуге мәжбүр етті.
21/27 Совет тұсындағы санаулы қазақ диссиденттерінің бірі Махмет Құлмағамбет (1930-2008 жж.) Азаттық радиосында 1980 жылдан 1995 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін жұмыс істеді. 1930 жылы Қостанай өңірінде дүниеге келген Махмет Құлмағамбет советтік идеологияға қарсы шыққаны үшін сотталып, 1962-1972 жылдар аралығында Сібірде айдауда болды. Совет билігі оны Батысқа кетуге мәжбүр етті.
Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің қызметкерлері: (солдан оңға қарай) Нұркамал Пынар, Хасен Оралтай, Талғат Қосжігіт, Әбдіуақап Қара, Әлихан Жаналтай. Мюнхен, Батыс Германия. 1995 жыл.
22/27 Азаттық радиосы Қазақ бөлімінің қызметкерлері: (солдан оңға қарай) Нұркамал Пынар, Хасен Оралтай, Талғат Қосжігіт, Әбдіуақап Қара, Әлихан Жаналтай. Мюнхен, Батыс Германия. 1995 жыл.
Азаттық радиосы туралы буклет. Мюнхен, Батыс Германия. Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтайдың жеке қорынан алынды.
23/27 Азаттық радиосы туралы буклет. Мюнхен, Батыс Германия. Азаттық радиосының бұрынғы қызметкері Әлихан Жаналтайдың жеке қорынан алынды.
1993 жылы шілдеде Азат Еуропа/Азаттық радиосының постсоветтік елдердегі үшінші бюросы Алматы қаласында ашылды. Журналист Қиял Сабдалин&nbsp; (суретте) осы бюроның алғашқы жетекшісі болды.
24/27 1993 жылы шілдеде Азат Еуропа/Азаттық радиосының постсоветтік елдердегі үшінші бюросы Алматы қаласында ашылды. Журналист Қиял Сабдалин  (суретте) осы бюроның алғашқы жетекшісі болды.
<div>Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтай (сол жақта) мен Азаттықтың Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин.</div>
25/27
Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Хасен Оралтай (сол жақта) мен Азаттықтың Алматыдағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының басқару орталығы. Мюнхен, Батыс Германия, 1980-жылдары түсірілген сурет.
26/27 Азат Еуропа/Азаттық радиосының басқару орталығы. Мюнхен, Батыс Германия, 1980-жылдары түсірілген сурет.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының орталық кеңсесі. Прага, Чехия, 10 ақпан, 2023 жыл.
27/27 Азат Еуропа/Азаттық радиосының орталық кеңсесі. Прага, Чехия, 10 ақпан, 2023 жыл.
Previous slide
Next slide

Ақыры Азаттық та жабылмады, ондағы көптеген редакция бүгінге жетіп отыр. Ал Хасен Оралтай радио 1995 жылы Прагаға көшкенде зейнет демалысына шықты. Ол радионың 1995 жылғы 30 сәуір күнгі эфирінде тыңдармандарымен қоштасу сөзінде заманында Азаттық радиосының қазақ аудиториясы үшін маңызы қандай болғанын айтқан.

"Азаттық радиосы Қазақ бөлімшесі қазақтың ұлттық мүдде, мақсатының, бұрмаланған тарихы мен әдебиетінің, ана тілі мен дінінің, территориялық тұтастығы мен ұлттық тәуелсіздігінің жоқшысы болуды басты бағыт етіп ұстағаны – тыңдаушыларға айқын факті", – деді Хасен Оралтай.

"АДАМДАР ӨЗ ЕЛІНДЕ ЖҮРЕК ҚАЛАУЫМЕН ӨМІР СҮРЕТІН КҮНГЕ ЖЕТЕМІЗ"

Азаттық радиосының қазақ тілінде хабар тарататын Түркістан редакциясы 1953 жылғы 18 наурызда жұмысын бастады.

Азаттық радиосының президенті Хоуленд Сарджент. Мюнхен, Германия, 1955 жыл.
Азаттық радиосының президенті Хоуленд Сарджент. Мюнхен, Германия, 1955 жыл.

Осы ретте Азаттықтың 10 жылдығы кезінде ұжымын құттықтаған радионың сол кездегі президенті, Азаттыққа шенеуніктердің араласуына қарсы болып, БАҚ ретінде дамуына күш салған Хоуленд Сардженттің сөзі әлі күнге маңызын жойған жоқ.

"Біз ендігі 1953 жылдан бері айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткіздік. Бірақ бұл – әлі істің басы. Біз өз отанынан кетуге мәжбүр болғандармен бірге адамдар өз елдерінде өз жүрек қалауымен еркін өмір сүретін күнге жетеміз деп кәміл сенеміз. Біз Сіздермен бірге Сіздердің отандастарыңыз өз күштерімен, декрет арқылы емес – заңмен жүретін биліктің басқарушылары мен азаматтары болатын күнді асыға күтеміз. Өткен 10 жыл бізді сол күнге мейлінше жақындата түсті дегенге жүрегіммен сенемін", – деген Хоуленд Сарджент.

Осы хабардың подкаст нұсқасын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдай аласыз.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Азаттық-70", "Азаттық толқынында" подкастарының және "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Айдар
XS
SM
MD
LG