Accessibility links

Прагада «әндеткен оккупанттар»


Александров атындағы ән-би ансамблінің концерті.
Александров атындағы ән-би ансамблінің концерті.

Ресей армиясы ансамблінің гастрольмен Прагаға келуі Чехия қоғамында түрлі реакция тудырды.

Ресей армиясының Александров атындағы (жұрт «александровшылар» деп атап кеткен - ред.) ән-би ансамблінің гастролі Чехияда саяси дауға ұласты. Бір топ қоғамдық қайраткер ел президенті Милош Земанды александровшылардың концерттік турнесіне қолдау көрсетуін тоқтатуға шақырған петиция ұйымдастырды.

Петицияда «Бұл - былтыр наурыз айында Қырымды жаулап алып, ал қазір Украинаның шығысында жасырын әрекет етіп жүрген ресейлік солдаттарға мадақ ән айтқан Ресей армиясының концерттік ұжымы. Сондықтан александровшыларды Чех республикасына күзгі концерттік турнемен келуге шақыруды Украинадағы қантөгісті ашық қолдау және тәуелсіз Украина мемлекеті территориясын оккупациялаумен келісу деп санаймыз» деп жазылған. Бірақ турне басталып кеткеніне қарағанда, Александров атындағы ансамбльдің Чехиядағы концерті сәтті өтіп жатқанға ұқсайды.

Чех және украин белсенділерінің шағын тобы Ресей армиясының Александров атындағы ән-би ансамблінің Прагада концерт қоюына кеше наразылық білдірді. Қарсылық білдіргендер концерт залы маңында «Соғыс пен оккупация әуені» деген сөз жазылған плакат ұстап тұрды.

Прагадағы Ресей ансамбліне қарсылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

Ал чех баспасөзінде александровшыларға қатысты айтыс-тартыс бірнеше күннен бері - ансамбльдің елдегі гастролі басталғалы қызып тұр. Бұл тақырыпқа көрнекті саясаткерлерден бастап, өнер қайраткерлеріне дейін пікір білдірді. Чехиядағы Parlamentní listy.cz басылымы жинаған пікірлердің кейбірі мынадай:

Бұрынғы сыртқы істер министрі, ТОР 09 консервативтік партиясы жетекшісі Карел Шварценберг «Александровшылардың музыкасына ешқандай қарсылығым жоқ. Ұнататындар болса, тыңдай берсін. Бірақ президенттің қолдауы – бөлек әңгіме. Саяси тұрғыдан алғанда, ол дұрыс емес. Ресей армиясы көрші елдің территориясында тұрған кезде оның бұл қолпаштауы - ерсі» дейді.

Коммунистік партия жетекшісі Войтех Филип «Концертке бара жатырмын. Бұл - кәсіби шеберлігі мықты ұжым, оны бүкіл әлем құрметтейді» деп жазды.

Нағыз кәсіпқойлар екені даусыз. Бірақ олар орыс пен советті, қызыл армияны дәріптейтін атрибуттарды мақтанышпен пайдаланады. Концерттің аяғына дейін отыра алмадым.
Чех депутаты Мартин Навотны

Парламент депутаты Мартин Навотны «Кім екенінен хабардар болу үшін олардың концертіне екі жыл бұрын барған едім. Жиналғандар бұрынғы режимді аңсайтындардың съезін еске түсірді. Ал мазмұнына келсем, нағыз кәсіпқойлар екені даусыз. Бірақ олар орыс пен советті, қызыл армияны дәріптейтін атрибуттарды мақтанышпен пайдаланады. Концерттің аяғына дейін отыра алмадым» дейді.

Чех телевидениесінің бұрынғы директоры Иржи Балвин «Александровшылар – кәсіби ұжым екені даусыз, бірақ өнер тұрғысынан алғанда олардың концертіндегі айқай-шу, тарсыл-гүрсіл маған жат» деген пікір жариялаған.

Азаматтық институт директоры Роман Йох: «Мәдени оқиғаларды саясиландырудың қажеті жоқ» десе, сенатор Яромир Штетиннің Facebook парақшасында жазған пікірі өзгелерден гөрі қатқылдау.

Ол «Александровшыларды орыс болғаны үшін емес, милитаризм символы мен халықаралық құқықты аяққа таптап, тәуелсіз үш мемлекет – Молдова, Грузия және Украина территориясының бір бөлігін басып алған Ресей армиясының құрамында болғаны үшін ғана ұнатпаймын. Бұлар – әндетіп жүрген оккупанттар» деп жазған.

Александров атындағы ансамбль 2014 жылы Қырымды Ресей қосып алғанда «Сыпайы адамдар» әнін орындап, кейбір елдердегі беделінен айырылды.

Чехиядағы Právo газетінің шолушысы Александр Митрофанов александровшылардың Чехиядағы гастролінен шыққан дауға қатысты Азаттыққа комментарий берді.

Азаттық: – Александров ансамблі Чехияда гастрольмен бұрын да талай болған, бірақ мұндай қызу дауға қалуы алғаш рет сияқты. Бұл неге байланысты деп ойлайсыз?

Александр Митрофанов: – Заман өзгерді. Өйткені өздерін Достоевскийдің тілімен айтқанда, «астыртын жағдайда» сезінген адамдар енді біртіндеп жарыққа шығып, жандана бастады. 1989 жылдың қарашасынан кейін 25 жыл бойы өздерін қорланған, кемсітілген, екінші сортты жандар деп сезінген адамдарды айтып отырмын. Бұлар - кезінде тағдыры мен менталитетін бұрынғы режиммен байланыстырған адамдар, ал бұрынғы режим Совет Одағын қалай сүйіп, қалай құрметтегенін білесіз. Қазір бұл адамдар Ресейді Совет Одағы мұрагері санайды, сондықтан олардың бұрынғы сүйіспеншілігі қайта күшейіп келеді. Оның үстіне, бұл сүйіспеншілікті Чехия президенті Милош Земан қолпаштап отырғанын ұмытпауымыз керек. Александров ансамблінің гастролі чех қоғамындағы жіктелудің бір көрінісіне айналды.

Азаттық: – Сіз айтып отырған Милош Земан Украинамен жанжал сияқты мәселелерде ресейшіл саяси позициясымен танылған адам болғанымен, оны әлдебір коммунистік функционер деп те айтуға болмайды. Мен александровшылардың гастролі жайлы Dnes газетінде жазылған комментарийді оқып шықтым. Оның авторы Милош Земан александровшылардың гастролі ғана емес, чех-словак балы, композитор Сметананың құрметіне ұйымдастырылған фестиваль, тіпті құрылыс материалдары жәрмеңкесі сияқты өзге де іс-шараларға да қамқорлық танытып, қолдағанын жазады. Мүмкін, бұл - «шығыстағы үлкен досына» тағы бір жағынып қалудың амалы емес, президент әкімшілігі жете ойластырмаған бір ағаттық қана шығар?

Александр Митрофанов.
Александр Митрофанов.

Александр Митрофанов: – Бұл жерде мәселе «шығыстағы досында» да емес, Земанның сайлаушыларында. Меніңше, денсаулығы жарап жатса, Земан екінші президенттік мерзімге сайлауға түскісі келеді. Сондықтан ол дауыс жинаудың қамына кіріскен болуы да ғажап емес. Ол Ресейді жақтап, мигранттарды жақтырмайтындар мен ұлтшылдарды қолдау арқылы қазір бұл іспен қызу айналысып жатыр. Бірақ сіздің сұрағыңыздың жауабы бұл емес. Мен былай жауап берген болар едім: Чех президентінің «НАТО-дағы одақтастардан гөрі Ресейдің сыртқы істер министрі Лавровқа сенем» деген мәлімдемесінің астарына үңілу керек.

Азаттық: – Ол мұны қашан және неге байланысты айтып еді?

Александр Митрофанов: – Бірер ай бұрын оған «Украинаның шығысында ресейлік әскерилер байқалды деген НАТО ақпаратына қалай қарайсыз?» деген сұрақ қойылған. Земан «Лавров маған «әскеріміз жоқ» деген, мен оған сенемін» деп жауап берген. Яғни, александровшылардың концертіне ерекше қолдау танытуына кездейсоқтық немесе түсінбестік ретінде қарау қиын.

Азаттық: – Міне, «Қазіргі александровшылар - коммерциялық эстрада» деген тағы бір уәж бар екен. Ансамбль бағдарламасында советтік әндерден бөлек нөмірлер де бар әрі бұл үлкен коммерциялық кәсіпорын болғандықтан, шынымен де шу көтерудің қажеті жоқ шығар. Мүмкін, бұл феноменге осы тұрғыдан қарау керек шығар?

Владимир Путин мен Милош Земан.
Владимир Путин мен Милош Земан.

Александр Митрофанов: – Түптеп келгенде, бұған қалауыңша қарауға болады. Бірақ Ресей баспасөзінен оқығаныма қарағанда, олардың Еуропа елдерін аралайтын үлкен турнесі үгіт-насихат әрі идеологиялық мақсатпен ойластырылған, бұл - бірінші. Екіншіден, александровшыларды бұрынғы заманды көксейтін әлгі чехтардың қалай қабылдайтыны маңызды. Олар ансамбльді кешегі империяның символы ретінде, сол заман өзгермеген қалпы оралғандай қабылдайды. Бұл - әлдебір рок-топ емес, бұрынғы совет армиясының ансамблі, бізге «бұрын қандай тамаша болып еді» және «қайтадан тамаша болатынын» көрсетуге келген ансамбль.

Бұл - әлдебір рок-топ емес, бұрынғы совет армиясының ансамблі, бізге «бұрын қандай тамаша болып еді» және «қайтадан тамаша болатынын» көрсетуге келген ансамбль.
Александр Митрофанов.

Азаттық: – Ал советтік емес, таза орыс мәдениетіне тән символдар Чехияда, оның қазіргі мәдениетінде қаншалықты кең тараған әлде мұндай символдарды чех қоғамының бұрынғы заманды көксегіш, советшіл топтары ғана әспеттей ме?

Александр Митрофанов: – Мен - орыс мәдениетін, әсіресе нағыз орыс мәдениетін білетін, оны құрметтейтін, бағалайтын, көбі орыс тілі жетік меңгерген чехтармен араласамын. Оларға орыс мәдениеті деген не екенін, оған Путин де, Брежнев те, саяси дарақы жарнама да жатпайтынын түсіндірудің қажеті жоқ. Чехияда ондай жандарды табуға болады, бірақ олар біз айтқан әлгі адамдар сияқты өздері туралы жар салып, әлеуметтік желілерде немесе алаңға шығып «Жойылсын ЕО!» немесе «Обама – оңбаған!» деген айғайға баспайды.

Азаттық мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG