Accessibility links

Арабтардан соң кім «оянбақ»?


Көрнекі сурет. Ливиялық көтерілісші. Бенгази, 21 тамыз 2011 жыл
Көрнекі сурет. Ливиялық көтерілісші. Бенгази, 21 тамыз 2011 жыл

Әлі есімде, осыдан жиырма жыл бұрын Джиддада «Оказ» газеттер тобы ұйымдастырған коктейль кешіне қатысып отырып күтпеген жерден жойқын шабуылға ұшырадым.


Бұл, әрине, әсірелеп айтқандағым, біз жай ғана алкогольсіз коктейль сіміріп отырғанбыз. Бір кезде сыпайы кеш қожайындарының бірі ортаға шыға келді де: «Ал қазір О’Салливан мырза «Совет Одағындағы қайта құрудан арабтарға қандай үлес тимек?» деген тақырыпта сөз сөйлейді» деп салды. Бұл хабарландыру әлдебір баспасөз жиынында айтылса дұрыс болар еді, себебі бұл менің өзім үшін де жаңалық еді.

Кеш қожайыны бетіме жымия қарап мінберді нұсқады. Ортаға шығып тұрып мен одан сыбырлап: «Қанша уақыт сөйлеуім керек?» деп сұрадым.

«Көп емес, қырық-елу минут сөйлесең жетеді» деді ол.

Сол бір қырық-елу минут бойы көпірген «баяндамамның» бейнежазбасы табыла қалса, ұяттан жерге кіретін шығармын. Мұндай қысылтаяң жағдайда жиі қолданылатын қулыққа басып, мүдірместен, әрі сыр берместен сөйлей бердім, тіпті сұрақтарға да жауап қайырдым. Тақырыпты байсалды түрде сараптаған сыңай танытып бақтым. Бірақ, мен қойылған сұраққа нақты жауап берген жоқпын.
Екі Германияның қайта қосылу символына айналған Берлин қабырғасын құлату сәті. Берлин, 11 қараша 1989 жыл

Оның бір себебі мен арабтардың қайта құрудан қандай үлес табатынын, тіпті бұл сөздің не мағынаға ие екенін білмеген едім. Дегенмен, мұның және бір себебі кеш қожайындары да өз сөздерінің мәнісіне терең бойлай қоймады. Олардың барлығы Орталық және Шығыс Еуропадағы барқыт революциялар мен совет коммунизмінің күйреуін таятып қойған Горбачевтың қайта құруынан қанаттанып жүрген болатын. Бірақ олар араб режимдері өз азаматтарына бұдан да көбірек бостандық пен демократия сыйлауы керек-ау деген қисынды қабылдай алмайтын еді.

Бұл мәселе көтерілген де жоқ. Оның орнына көпшілігі Совет Одағы ұлы держава болудан қалса, АҚШ та Израильді Таяу Шығыстағы стратегиялық әріптесі ретінде қажетсінбей қалады деп ойлады. Сондықтан Америка Израильден іргесін аулақ салып, палестиналықтардың ұлттық мемлекет құру ұмтылысына жылы қабақ танытар деп үміттенді. Бәлкім, сол кеште арабтар қайта құрудан тиер үлесін тек осы жайттан тапса керек. Сөйтіп бұл кеш қызу, бірақ мағынасыз пікірталас тудырды.
Батыста кәнігі құбылысқа айналған бостандықты қарапайым арабтар да қажет етеді-ау деген пікірлер елеусіз қала берді.

Ақырында мен қойылған сұраққа нақты жауап бермей құтылдым. Алайда, биыл төреші Тарихтың өзі бұл сауалға мен үшін жауап берді: яғни, арабтардың қайта құрудан алар үлесі сол – олар да чехтар, орыстар, қазақтар және өзге де совет халықтары 1989-1991 жылдары қол жеткізгендей боп көрінген бостандық пен демократияның дәмін дәл солардай татуы керек.

Мысырлықтар, тунистіктер, сириялықтар және ливиялықтар өздерінің де бостандықты қаншалық қадір тұтатынын және өздері мен өз отандастары үшін қандай жанкештілікке бара алатындарын дәлелдеп берді. Бұл Таяу Шығыста либералды демократияны өркендетіп жібермесе де, оның араб қоғамына қаншалық қажет екенін айқындап тұр. Оларға либералды демократия өте қажет. Олар тіпті соның жолында басын тігуге әзір.

Арада өткен жиырма жыл ішінде халықаралық қауымдастық «Оказ» кешіне жиналған қауымдікіндей ұстанымда болды. Арабтарға достық көңілін білдіргісі келгендер түгелдей дерлік Израиль-Палестина дауына назар аударуға тырысты. Батыста кәнігі құбылысқа айналған бостандықты қарапайым арабтар да қажет етеді-ау деген пікірлер елеусіз қала берді. Бұл идеяны Джордж Буш әкімшілігі көтергені сол екен, ол бір неоконсерватизмнің қияли елесі болып көрінді және оның өзі Ирак соғысынан соң күл-талқан болды.
Жартылай жасырын, бірақ өзара бәсекеге түскен саяси концепциялар ақыр соңында бір арнаға – диктатураға қарсылыққа – келіп тоғысты.

Иә, бізге бүгін аян болғаны – 1989 бен 1991-дің оқиғалары (саяси идеялары бірдей болмаса да) Каир мен Тунистегі, Дамаск пен Триполидегі жастардың санасында жаңғырып, оларды қанаттандырып тұр. Жақсы білім алған, не лауазымды жұмыс істейтін жастар қамқоршыл, ал кейде қаһарлы диктатордың қолындағы қауқарсыз қуыршақ болудан шаршағандарын айтып, алаңға шықты. Жаңа медиа технологиялар бір кездері ақпараттық кеңістікке орнатқан үкіметтің монополиясын жойды, қазір қолында ноутбугы бар адам Лондоннан Сиднейге дейінгі аралықтағы кез-келген газетті оқи алады.
Ноутбуктен ақпарат оқып отырған студенттер. Әзірбайжанда түсірілген сурет.

Идеялар бұрынғыдан еркін тарала бастады. Сондай идеялардың бірі, мәселен, исламдық радикализм бостандық пен демократия мәселесіне екіұштылау қарайды. Басқа барлық идеологиялар сияқты исламизм де интеллектуалдық қарсылық пен ымырашылдықты тудырды. Бұл көбіне либералдық идеялар түрінде көрініс тауып отырды. Сөйтіп осы бір жартылай жасырын, бірақ өзара бәсекеге түскен саяси концепциялар ақыр соңында бір арнаға – диктатураға қарсылыққа – келіп тоғысты. Жас арабтар мұны дәл осы үлгіде сипаттамауы да мүмкін еді, дегенмен араға жиырма жыл салып олар қайта құрудан алатын үлесі бар екенін паш етті. Бұл «Арабтардың оянуы» деген формада қайтып келді.

Орталық Азияның, Әзірбайжанның және бұрынғы Совет Одағындағы авторитарлық мемлекеттердің жастары да «араб сілкінісінен» үлес алғысы келе ме? Сарапшылар мен жергілікті мамандар мұндай сұрақтарды қисынсыз, мезгілсіз сауалдар деп шеткері ысырып тастауға құмар. Олар «бұл елдерде белсенді оппозициялық қозғалыстар жоқ», «бұл елдердің басшылары дінді қатаң бақылауда ұстап отыр», «Ресей мен Қытай аймақтағы басты билеуші күш ретінде бұл елдерде шынайы демократиялық құрылыстың орнауына жол бермейді» деген сияқты күрмеуі көп фактілерді алға тартады. Олардың көп сөзінің жаны да бар.
Бірақ сарапшылар мен аймақтық зерттеушілер араб әлеміндегі көтеріліс бұрқ ете қалғанға дейін оған көз жұма қарап келді емес пе?

Бірақ сарапшылар мен аймақтық зерттеушілер араб әлеміндегі көтеріліс бұрқ ете қалғанға дейін оған көз жұма қарап келді емес пе? Тіпті бұл бұлқыныстардан соң да сарапшылар кейбір араб мемлекеттерін мұндай төңкерістер болуы неғайбыл елдер қатарына қосып келді. Тұрақты, әрі белгілі бір дәрежеде прогрессивті Тунисте төңкеріс болатынын қанша сарапшы болжапты? Солар қарапайым сириялықтардың бостандық үшін күн сайын жанын пида ете алатынына сеніп пе?
Цензураға қарсы наразылық. Киев, 7 қазан 2009 жыл

Сарапшылар қазіргі қалыптасқан жағдайды теория жүзінде жақсы біледі де, бажайлайды да. Олар билік институттарын сипаттап, олардың тайпалық ата-тектерін, бақылау әдістерін жіліктеп береді, олардың қаласа оппозицияны жұмылдырып, не керісінше қалай бейтараптандыра алатынын бүге-шігесіне дейін талдай алады. Олар көбіне еріксізден «бұл институттар алынбас қамалдай берік» деген тұжырым жасайды. Олардың айтқаны дұрыс, алайда... күтпеген жерден олар қателескен болып шығады. Канадалық жазушы Марк Штейн айтқандай, соңғы екі ғасырдың тарихы – Ресей патшалығы мен Совет империясына дейінгі аралықтағы алып, әрі мызғымастай көрінген державалардың бір-ақ түнде күл-талқан болуының тарихы.
Көбіне-көп диктатордың репрессиялық аппараты "оянудың" айқын белгілерін тұмшалап тастайды (неткен ирония!).

Сарапшылардың революцияларды және шамамен әр жиырма жыл сайын қайталанып отыратын империялардың күйреуін дөп басып болжай алмауының бір себебі осында жатыр. Олар ешбір құралмен өлшей алмайтын бір нәрсе – держава халқының сана-сезіміндегі өзгерістер. Бұл құбылыстарды байқауға сарапшылар радарының құдіреті жетпей тұр. Бұл құбылыстар баяу, әрі аңдатпай жүзеге асып жатыр. Көбіне-көп диктатордың репрессиялық аппараты "оянудың" айқын белгілерін тұмшалап тастайды (неткен ирония!). Оның жүзеге асқаны тек азаматтар бас көтеріп, қатыгез билікке бір сәтте жұмыла қарсы тұрғанда ғана белгілі болады және мыңдаған адам ойларының бір жерден шыққанын сол кезде байқап, таң қалады. Елеусіз ғана бір оқиға, айталық, полицейдің күдіктіні ұрып-соғуы отқа май құйып, төңкерістің басталуына себеп болуы мүмкін және сол оқиға бәрін өзгертеді.

Әу бастағы сұрағымды қайталасам: Орталық Азияның, Кавказдың, Беларусьтің және басқа да бұрынғы советтік кеңістіктегі авторитарлық мемлекеттердің жастары араб әлеміндегі «оянудан» үлесін алғысы келе ме екен? Бұл оқиғалар өздеріне сабақ болғанын сезіне ме екен? Осыған ұқсас нәрселер олардың өз қоғамында, өз өмірінде қайталануы мүмкін деп ойлай ма? Олар қатарластарымен бірге өздеріне есеп бермейтін өктем өкіметтің билігіне шарасыз мойынсұнған күйде жүргенін сезіне ме? Әлде олар осы бір шарасыз мойынсұнудан арылып, осы аптада Ливия халқы қол жеткізген және Сирия халқы қол жеткізуге талпынып жатқан бостандыққа жетуге болады деп ойлай ма екен?

Бұл айтылғандарды сарапқа салатын сарапшы - өзіңіз, қадірлі оқырман. Сіз не ойлайсыз?

(Джон O'Салливан – Азат Еуропа/Азаттық Радиосы корпорациясының бас редакторы. Бұл – автордың жеке пайымдауы және осы комментарийде айтылған көзқарастар Азат Еуропа/Азаттық радиосының көзқарастарына сай келмеуі мүмкін).
XS
SM
MD
LG