Египеттің Гиза қаласында, Каирден батыс жақта орналасқан Хеопс пирамидасы жанында Ұлы Мысыр музейі (Grand Egyptian Museum) ресми түрде ашылды. Бұл – бір өркениетке ғана арналған әлемдегі ең ірі музей.
Музейге қойылған жәдігер саны 70 мыңнан 100 мыңға дейін жетеді. Олар Мысыр тарихының жеті мың жылдық кезеңін – перғауындар дәуірінен бастап грек және рим өркениеттері кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды.
Музейдің басты жәдігері – Тутанхамон перғауынның қабірінен табылған заттар. Олар перғауын қабірі ең алғаш 1922 жылы ашылғаннан бері көпшілікке тұңғыш рет толық құрамда бірге көрсетіліп отыр. Бұған дейін жұртшылық 5500 бұйымның тек 1800-і ғана көре алған еді. Енді музейге келгендер әйгілі алтын масканы, перғауын тағын және соғыс арбаларын көре алады.
Тағы бір ерекше жәдігер – шамамен 4500 жылдық тарихы бар Хуфудың жерлеу қайығы. Бұл ежелгі дәуірден біздің заманымызға дейін жақсы күйде сақталған ең көне кемелердің бірі саналады. Сондай-ақ музейде ІІ Рамсес перғауынның 3200 жыл болған бейнесі мен 11 метрлік мүсіні қойылған.
Ұлы Мысыр музейі – әлемдегі ең ірі археологиялық музей саналады. Оның құрылысы туралы идея алғаш рет 1992 жылы, Хосни Мүбәрак президент болып тұрған кезде ұсынылған. Музей құрылысы 2005 жылы басталып, шамамен Хеопс пирамидасын тұрғызуға кеткен уақытпен бірдей мерзімде аяқталды.
Жобаның жалпы құны 1 миллиард АҚШ долларынан асады. Оның негізгі бөлігі Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) несиелерінен қаржыландырылған.
Музейдің жалпы аумағы – 500 мың шаршы метр, яғни шамамен 70 футбол алаңына тең. Галереялардың бір бөлігі 2024 жылы ашылған, ал биыл 4 қарашадан бастап толық ашылады деп жоспарланған. Болжам бойынша, Ұлы Мысыр музейін жыл сайын 8 миллионға дейін адам тамашалайтын болады.