Accessibility links

"Айдағы серіктестік". Қазақстан мен Қытайдың ғарыш саласындағы достығы қайда апарады?


Қытайдың "Шэньчжоу-10" ғарыш кемесі ұшар алдында. 2013 жылғы маусым.
Қытайдың "Шэньчжоу-10" ғарыш кемесі ұшар алдында. 2013 жылғы маусым.

Астана мен Пекин арасында шілдеде жасалған келісім бойынша жаңа деректер белгілі болды. Қазақстан мен Қытай айға зерттеу орталығын салуда әріптес болмақ. Бұл АҚШ-пен жарысқан Қытайдың ғарышты игеру талпынысына Қазақстанның да атсалысып жатқанын көрсетеді.

Қытайдың айға зерттеу орталығын салу жоспарына Қазақстанның қосылуы жайлы жаңа келісім қос мемлекет арасындағы әріптестікті тереңдетуге негіз болады. Кейінгі жылдары Пекин ғарыш державасына айналуға күш салып жатыр.

Келісімге 3 шілдеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде қол қойылды. Бұл келісімге сәйкес, Қазақстан Халықаралық айды зерттеу станциясының (ILRS) 12-мүшесі атанды. ILRS – Қытай үкіметі мен ресейлік "Роскосмос" компаниясының бірлескен жобасы. Жоба 2021 жылы жарияланды. Оған Әзербайжан, Беларусь, Египет, Никарагуа, Сербия, Пәкістан, Оңтүстік Африка, Таиланд және Венесуэла мүше.

Қытайдың сыртқы істер министрлігі бірлескен мәлімдемесінде "Пекин мен Астана аэроғарыш агенттіктерінің ғарышты бейбіт игеру жолындағы әріптестігін қолдап, айдағы және ғарыштағы өзара тиімді серіктестікті нығайтуға жұмыс істейді" деді.

5 тамызда Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Пекин мен Астана бір-бірінің ғарыш айлақтарын коммерциялық мақсатта пайдалану мүмкіндігін зерттейді, Қазақстан айдағы телескоп жобасын дайындауға қатысады" деп мәлімдеді.

Қазақстанның бұл жобаға қосылуы Қытайдың Айды зерттеу жоспарын күшейтеді. Астана да Қытайдың қарқынды дамып келе жатқан ғарыш өнеркәсібіне қосылады. Сарапшылар сөзінше, Пекин ғарышты игеру саласында АҚШ-пен бәсекеге түскісі келеді.

"Қытай ғарыш державасы ретінде АҚШ-ты басып озғысы келеді. Жақында айдан жерге сынамалар жеткізу бойынша миссия аяқталды. Бұл миссия Қытайдың Айды зерттеуге үлкен көлемде қаржы бөліп отырғанын, ұзақмерзімді мақсаттарын орындауға техникалық мүмкіндігі жететінін көрсетеді", – дейді АҚШ-тың Мәскеудегі елшілігінің бұрынғы әскери атташесі, RAND корпорациясының ғарыш саясаты бойынша аға ғылыми қызметкері Брюс Макклинток.

Қытай ұлттық ғарыш әкімшілігінің қызметкері айға ұшырылған "Чанъэ-6" модулінің үлгісін жасап отыр. Пекин, 27 маусым 2024 жыл.
Қытай ұлттық ғарыш әкімшілігінің қызметкері айға ұшырылған "Чанъэ-6" модулінің үлгісін жасап отыр. Пекин, 27 маусым 2024 жыл.

Маусымда Қытайдың Айға ұшырылған "Чанъэ-6" модулі Жерге оралды. Бұл – Пекиннің ғарыш саласындағы кейінгі ірі жетістігі. Қытай Айдағы зерттеу станциясының құрылысын 2030-жылдарға қарай аяқтауды жоспарлап отыр. Қытайдың ұлттық ғарыш басқармасы 2030 жылға дейін астронавтарды Айға жіберетінін хабарлады. Сәуірде Пекин Халықаралық Айды зерттеу саласындағы әріптестік ұйымын (ILRSCO) құрды. Ұйымды Қытай басқарады. Ол мемлекеттер арасында Айдағы миссияларды үйлестірумен айналысады.

ILRS айналасындағы жоспарларды Қытайдың НАСА-ның "Артемида" бағдарламасына жауабы деп қарауға болады. АҚШ жетекшілігімен жүзеге асып жатқан "Артемида" бағдарламасы 2025 жылға қарай Айға адамдарды жіберіп, 2028 жылдан бастап онда адамдарды тұрақты ұстап, зерттеу жүргізуді көздеп отыр. Вашингтон ғарыштағы прогресіне сүйеніп, 40 мемлекетті "Артемида" келісіміне (ғарыш кеңістігін зерттеу және пайдалану бойынша принциптер жиынтығы) қол қоюға көндірген.

"Қытайлар америкалық ұйымдардың көшірмесін ашып жатыр. Ғарышты игеру саласындағы бәсеке қыза түсті. Қай тарап өз бағдарламасына көбірек қолдау алатыны осы бәсекеден белгілі болады. Қазақстан Қытайды ғарыш өнеркәсібі саласын дамытуға көмектесетін білім мен қаржы көзі деп қарастырады", – дейді Берлиндегі Mercator Institute for China Studies (MERICS) талдау орталығының сарапшысы Ева Зайверт.

ҚЫТАЙ БАСТАМАСЫ

Қазақстан 70 жыл бойы Совет Одағы мен Ресейдің ғарыш бағдарламаларының ажырамас бөлігі болып келген.

Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан "Байқоңыр" ғарыш айлағынан жүздеген зымыран ғарышқа жіберілді. Ғарышқа алғашқы спутник (1957 жылы), алғашқы адам (1961 жылы, Юрий Гагарин) осы "Байқоңырдан" ұшырылды.

Ғарыш аппаратын бақылау станциясының алдында жайылып жүрген түйелер. "Байқоңыр" айлағы.
Ғарыш аппаратын бақылау станциясының алдында жайылып жүрген түйелер. "Байқоңыр" айлағы.

Совет Одағы тарағаннан кейін "Байқоңыр" ресейлік "Роскосмостың" зымыран ұшыратын айлағы болды.

Бірақ уақыт өте келе Ресей де, Байқоңыр да өзгерді.

Ғарыш кешені көп жыл бойы Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімшарт дауына себеп болды. "Роскосмос" ғарышқа ұшу процесін толықтай Ресей аумағына көшіруді жоспарлап отыр.

Ресейдің ғарыш бағдарламасына бөлінген қаржы қысқарып, бірнеше техникалық сәтсіздік пен дау-дамай басталды. 2014 жылы Батыс елдері бірінші рет Ресейге қарсы санкция салды. 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін шетелдік санкциялар қатары тағы да толықты. Бұл өз кезегінде Ресейдің ғарыш бағдарламасына кері әсер етті. Өйткені ғарыш өнеркәсібіне Батыста өндірілетін бірқатар маңызды бөлшектер жетіспеді.

Бұл өзгерістер Қытайдың ғарыш өнеркәсібіне миллиардтаған доллар қаржы бөліп, өз бағдарламасын дамытуға ден қойған кезіне тұспа-тұс келіп отыр.

Ресей мен Қытайдың ғарыш саласындағы әріптестігі 2014 жылы басталды. Бұл серіктестік жыл өткен сайын нығайып, ILRS сияқты бірлескен жобаларға ұласты.

"Ресейде үлкен таңдау жоқ. Оның Совет Одағынан қалған мол мұрасы мен тәжірибесі бар, бірақ бұл жеткіліксіз. Ғарышқа келгенде, Мәскеу Қытай-Ресей қарым-қатынастарындағы кіші серіктес сияқты", – дейді Лондондағы талдау орталығының ғарыш қауіпсіздігі бойынша ғылыми қызметкері Джулиана Зюсс.

Пекин ықпалын арттырып, "Бір белдеу, бір жол" жобасына да ғарыш саласын қосты. Ол осы арқылы ғарыш өнеркәсібін басқа елдермен байланыстырғысы келеді.

Бұл жобаға жер серігін ұшыру, жерүсті станцияларын салу, деректерді өңдеу орталықтарын ашу, шетелдік ғарыш саласы мамандарын оқыту сияқты қызметтер кіреді.

"Қытай ғарыш державасы мәртебесін нықтап бекітуге тырысып жатыр. Қазақстан қосылған Айға зерттеу орталығын салу жобасы – ғарыш арқылы әлемге ықпал ету жоспарының кішкентай бөлігі", – дейді Сьюсс.

ҒАРЫШТАҒЫ ЖАҢА ДӘУІР

Қазақстанның ILRS жобасына қосылуы Қытайдың ғарыш саласында тағы бір қадам алға ілгерілегенін көрсетеді. Лестер университетінде ғарыш саясаты бойынша дәріс беретін, доцент Бледдин Боуэн осылай дейді. Сарапшының пікірінше, Астана мен Пекин арасындағы келісімнің басқа аспектілері ұзақмерзімді әріптестік аясында әлдеқайда маңызды болуы мүмкін.

"Ай ғылыми-зерттеу жобаларына ғана арналған. Жаңа келісім жер орбитасына көп жер серігі шығады дегенді білдіреді. Бұл маңызды, өйткені жер серігі ғарыш экономикасының негізгі элементі, күнделікті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді", – деді RUSI ғылыми қызметкері Боуэн.

"Шэньчжоу-16" ғарыш кемесі ұшу станциясында тұр. Тақтайшада "Қытай" деп жазылған.
"Шэньчжоу-16" ғарыш кемесі ұшу станциясында тұр. Тақтайшада "Қытай" деп жазылған.

Пекиннің ғарыш саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруда Beidou (BDS) спутник-навигациялық жүйесі маңызды рөл атқарады. Қытай мұны америкалық GPS, ресейлік ГЛОНАСС және еуропалық Galileo жүйесіне жауап ретінде шығарған.

Бұл жүйелердің кеңінен қолданысқа енуі Қытайға үлкен пайда әкеледі. Қытай BDS ұшақ, автокөлік пен кеме навигациясы, табиғи апаттар кезіндегі көмек пен гуманитарлық көмек жеткізуде, ауыл шаруашылығы мен ауа-райын болжауда қолданылғанын қалайды. Қытайдың аэроғарыш саласындағы зерттеулер институтының есебінде 2020 жылдан бастап 30 ғаламдық BDS спутник жүйесі іске қосылып, оны 120 ел пайдаланып жатқаны айтылады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпинді салтанатпен қарсы алып тұр. Астана, 3 шілде 2024 жыл.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті алдында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпинді салтанатпен қарсы алып тұр. Астана, 3 шілде 2024 жыл.

Қазақстан Пекинге 2013 жылы мойын бұра бастаған. Сол жылы Қазақстан мен Қытайдың жекеменшік ғарыш компаниялары өзара әріптестік орнатты. Ресейдің ғарыш бағдарламасы Қытайдың соңына ілесе алмай қалған соң, Қазақстан-Қытай компанияларының әріптестігі одан әрі жеделдеді.

"Қытай ақшасы бар инвестор ретінде тартымды. Бұл – үлкен нарық, Қазақстанның ғарыш өнеркәсібінен шыққан тауарлардың бәрін Қытайға өткізуге болады", – дейді Боуэн.

Қазақстан территориясын ғарыш айлағы есебінде қолдану мүмкіндігі де бар. Өйткені Ресей Байқоңыр кешенінен бас тартып жатыр.

Ресей "Байқоңырды" 2050 жылға дейін жалға алған. Қытай коммерциялық ғарыш қызметтерін жүзеге асыру үшін бүкіл әлемнен ғарыш айлақтарын іздестіріп жатыр. Қытаймен ұзын құрлық шекарасы бар Қазақстанда "Сарышаған" зымыранға қарсы қорғаныс полигоны бар.

"Қазақстан Ресейдің орнына жаңа елдерді тартуы керек. Қытаймен әріптестік осы жоспарлардың бір бөлігі саналады", – дейді Боуэн.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG