Accessibility links

Гей жігіттің сұхбатынан соң дәрігерлер арасынан ЛГБТ өкілдерін іздеуге кірісті


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Түркіменстанда кардиолог жас жігіттің гей екені жайлы сұхбатынан кейін биліктің дәрігерлер арасында ЛГБТ өкілдері бар-жоғын тексеруге кіріскені туралы хабар тарады. Құқық қорғаушылар үкіметтен полиция шақырған соң хабарсыз кеткен жігіт жайлы ақпарат талап етіп отыр.

Азаттыққа өзінің гей екені туралы сұхбат берген түркімен кардиологы Қасымберді Гараевтың хикаясынан кейін Түркіменстан денсаулық сақтау және медициналық өнеркәсіп министрлігі медицина қызметкерлері арасында жыныстық тұрғыда ерекшелігі бар адамдарды анықтауға кіріскен. Бұл туралы тілшілеріне сілтеме жасап "Хроника Туркменистана" басылымы жазды деп хабарлады Азаттықтың Түркімен редакциясы (Азатлық радиосы.)

24 жастағы Қасымберді Гараев Түркіменстандағы ЛГБТ қауымы өкілдері арасынан алғашқы болып БАҚ-қа сұхбат бергеннен кейін көп ұзамай полицияға шақыртылып, кейін хабар-ошарсыз кеткенін Азаттық бұған дейін хабарлаған.

"Хроника Туркменистана" басылымының жазуынша, Түркіменстандағы аймақтық денсаулық сақтау басқармаларының барлығында күн тәртібінде "моральға жат қылығымен кәсібімізді масқара қылған дәрігер" жайлы жалғыз мәселе қаралған жиын өткен.

Қазанның 28-і күні Түркіменабад қаласындағы денсаулық сақтау басқармасында өткен осындай жиындардың біріне уәлаяттағы медициналық мекеме жетекшілері шақырылған. Жиынға аймақтың денсаулық сақтау саласының басшыларымен бірге құқық қорғау құрылымдары мен уәлаят әкімінің құқық мәселелері жөніндегі орынбасары да қатысқан.

Жиын кезіндегі залдағы жағдайды суреттеген басылым "шараны өткізушілер түркімен тілінде сөз таба алмағандықтан қатты күйгелектеніп отырды" деп жазған.

Ашғабаттан дәрігерлер арасында гейлер мен лесбилер бар-жоғын анықтау жайлы бұйрық түскен деп хабарланған. Қалай анықтау керектігі жиынға қатысып отырғандарға түсініксіз, бірақ қалай болғанда да бір шара қабылдау қажет. Ақыр соңында, деп хабарлайды басылым тілшілері, екі аптаның ішінде медициналық мекемелерде жұмыс істейтіндердің барлығының – бас дәрігерінен бастап санитарлық жұмысшысына дейін түгелдей денсаулық жағдайын тексертіп, оларда жыныстық жолмен жұғатын ауру белгілері бар-жоғын анықтау туралы шешім қабылданған. Қай мекеменің қызметкерлері аптаның қай күні талдау тапсыру керектігі көрсетілген кесте жасалған.

Түркіменстан денсаулық сақтау министрлігі және Ана мен бала денсаулығы орталығы ғимараттарының ашылу рәсімі. Ашғабат, 14 желтоқсан 2005 жыл.
Түркіменстан денсаулық сақтау министрлігі және Ана мен бала денсаулығы орталығы ғимараттарының ашылу рәсімі. Ашғабат, 14 желтоқсан 2005 жыл.

Дәрігерлік тексеруден өткені үшін 270 манатты медицина қызметкерлері әрқайсысы өз қалтасынан төлесін деп тапсырылған.

Ауылды жердегі амбулаториялық емханалар қызметкерлерін өздеріне бекітілген 14-50 жас аралығындағы тұрғындарды тексеруден өткізуді міндеттеген.

Жиында сөйлеген полиция өкілі егер кімде кім жыныстық тұрғыда ерекшелігі бар адамдарды білетін болса ол туралы полицияға өтініш жазуы қажет деп мәлімдеген. Ол "қылмыс жайлы біле тұра хабарламағаны үшін жауапкершілік жүктелетінін" ескерткен. Түркіменстанда гомосексуализм қылмыс болып саналады.

"Хроника Туркменистана" сайтының жазуынша, мұндай жиын Мары уәлаятының денсаулық сақтау басқармасында да өткен. Бірақ ол жиынның бүге-шігесін анықтау мүмкін болмады.

Қазанның 25-і күні Түркіменстан күш құрылымдарына жақын дерек көзі Азатлық радиосына ұлттық қауіпсіздік министрлігі іздеуге кіріскен Қасымберді Гараевқа қауіп төніп отырғаны туралы хабарлаған. Оның сөзінше, қауіпсіздік органдары сипаты жағынан "Камилге" (Азаттыққа берген сұхбаттағы Гараевтың лақап есімі) келетін жас дәрігерлердің барлығын тексерген.

Азаттық түркімен гей жігітінің басындағы жағдай туралы мақала жарияланғаннан кейін үш күн өткенде, қазанның 24-і күні Қасымберді Гараевты полиция бөлімшесіне "тексеру" үшін шақыртқан. Содан бері одан хабар-ошар жоқ. Сол тәрізді, Гараевтар отбасы Ашғабаттағы үйінен белгісіз жаққа көшіп кеткен.

Қарашаның 1-і күні Хьюман Райтс Уотч (Human Rights Watch) халықаралық құқық қорғау ұйымы Түркіменстан үкіметінен Қасымберді Гараевтың қайда екенін сұрап, егер қамауға алынған болса, оны дереу босатуды және қамау себебін түсіндіруді талап етті.

Қасымберді Гараевтың жоғалар алдында отбасына арнап жазған видеосы:

Қасымберді Гараевтың жоғалар алдындағы сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:12 0:00

Азаттық радиосына соңғы жылдары Түркіменстанда ЛГБТ өкілдерінің дискриминацияға ұшырап, зорлық-зомбылық көргені туралы бірнеше рет хабар түскен. Бірақ ықтимал құрбандармен байланысу мүмкін болмағандықтан Азаттық бұл ақпаратты не растап, не жоққа шығаратын материал жариялай алмаған. Қасымберді Гараев - Түркіменстандағы ЛГБТ өкілдері арасынан өз басындағы хикаяны баяндау үшін Азаттықтың Түркімен қызметіне хабарласқан алғашқы адам.

Түркіменстан әлем бойынша азаматтарды гомосексуализм үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын 60 елдің қатарында қалып отыр. Постсоветтік елдер арасында қылмыстық кодексте мұндай бап Түркіменстаннан басқа көрші Өзбекстанда ғана бар.

Қазақстан 1997 жылы гомосексуализмді қылмыс деп қарастыратын бапты заңнан алып тастаған. Алайда құқық қорғаушылар Қазақстанда ЛГБТ өкілдерінің құқығы бұзылатынын жиі айтады. Биыл наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы қабылдаған резолюциясында елде "ЛГБТ өкілдеріне қысым көп, олар заң жағынан кедергіге жиі тап болады" деп айтқан. Кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Еуропарламенттің қарары заңды күші жоқ, тек ұсыныс сипатындағы құжат" деп мәлімдеген.

(Азаттықтың Түркімен қызметінің материалы бойынша әзірленді.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG