Түркіменстан аумағына өте алмай Өзбекстан шекарасында тұрғанына айға жуық уақыт болған түрік жүк көліктерінің жүргізушілері шөлейіт далада қаптаған жыланмен алысып, ауруға шалдығудан қорқып қиын жағдайда қалғанына шағынады деп жазады Түркия бұқаралық ақпарат құралдары.
Haberler.com басылымы Жихан Түнч есімді жүргізушінің "күн сайын 3-4 жылан өлтііреміз" деген сөзін келтіреді.
Басылымның жазуынша, шекарада тәжікстандық түрлі компанияларына мақта, жіп, мыс және басқа тауарлар тасымалдайтын түрік жүк көліктері бөгелген.
Жихан Түнчтің сөзінше, жүргізушілер Өзбекстан шенеуніктерінен жәрдем сұрағанымен, олардан қайран болмаған. Өзбекстан билігі оларға Түркіменстанмен емес, Қазақстан арқылы баруға кеңес берген. Бірақ, Қазақстан кедені салмағы 22 тоннадан асатын жүкке төлем талап ететінін, бұған қоса виза мәселесі қиындық туғызатынын алға тартқан түркиялық жүргізушілер бұл ұсыныстан бас тартқан.
Түркияның Aksam.com басылымы жүк тасымалдаушы Хейбет Алтекиннің сөзіне сілтеме жасап, жүк көліктері жүргізушілерінің Түркияның Өзбекстандағы елшілігіне хабарласқанын, бірақ елшіліктегілердің де бұл мәселені шешуге шарасыз болғанын жазады.
Түрік басылымдарының ақпараты бойынша, жүк көліктерінің Өзбекстан шекарасында бөгелуіне Түркіменстан мен Тәжкістан арасындағы дипломатиялық келіспеушілік себеп болған. Бұған дейін Түркіменстан өз аумағы арқылы Тәжікстанға темір жол және автокөлік жолдарымен жүк тасымалдауға тыйым салған. Соның кесірінен Иран мен Түркіменстан шекарасында ондаған автокөлік, ал Түркіменстанның темір жол станцияларында Тәжікстанның 108 жүк вагоны бөгелген.
Өткен жылы тамызда Түркіменстан билігі себебін түсіндірместен өз аумағы арқылы Тәжікстанға жүк көліктері мен вагондардың өтуіне тыйым салған. Иран-түркімен шекарасында жүздеген жүк көлігі қаңтарылып тұруға мәжбүр болған. Тек арада бір ай өткенде, қыркүйектің ортасында ресми Ашғабат Тәжікстан сыртқы істер министрлігіне жолдаған хатында мұндай шешімді "қауіпсіздікке байланысты" қабылдағанын мәлімдеген.
Түркіменстан өз аумағы арқылы тәжік жүк көліктерін өткізбей қойғаннан кейін балама бағыттар іздеуге мәжбүр болған Тәжікстан үкіметі Әзербайжан билігімен келіссөз өткізген.
ПІКІРЛЕР