Accessibility links

"Мектептегі буллинг" және "артта қалған мемлекет комплексі". "Борат-2" комедиясы да қазақстандықтардың шамына тиді


Борат Сағдиевтің ролін сомдаған британ комигі Саша Барон Коэн. Лос-Анджелес, АҚШ, 7 қараша 2007 жыл.
Борат Сағдиевтің ролін сомдаған британ комигі Саша Барон Коэн. Лос-Анджелес, АҚШ, 7 қараша 2007 жыл.

Атышулы "Борат" комедиясының жалғасы ел ішіндегі және шетелдегі қазақстандықтар арасында тағы да әртүрлі реакция туғызды. Біреулер "фильмді көрсетуге тыйым салу керек" десе, екінші бір топ сыншыларды шектен тыс сезімталдығы үшін айыптады. Фильмнің елді қорлайтыны рас па? Бұған қазақтардың мәдени жарасының не қатысы бар? Азаттық осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

"АМЕРИКАЛЫҚТАР СОНШАЛЫҚТЫ АҚЫМАҚ ПА?"

"Борат қайта оралды". Фильмнің қазан айының басында шыққан трейлері дәл осы сөзбен жарияланды. Жобаның тұсаукесері 23 қазанда АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында Amazon Prime онлайн-платформасында өтеді.

"Борат – екінші фильм: Қазақстан ұлтының пайдасы үшін америкалық режимге пара беру" фильмі 2006 жылы бірінші бөлімі жарық көргеннен кейін араға біраз уақыт салып, көрермен назарына қайта ұсынылып отыр. Фильмде ойдан шығарылған қазақстандық журналист Борат Сағдиевтың хикаялары баяндалады. Жақында шығатын екінші бөлімде бас кейіпкер коронавирус пандемиясы кезінде АҚШ-қа оралып, "вирусты" өлтіріп, елдегі президент сайлауын (АҚШ-тағы президент сайлауы 2020 жылы 3 қарашада өтеді) бақылауға тырысады.

Қазақстандағы кей азамат "Борат" фильм-пародиясының екінші бөліміне қарсылық білдірген жоқ. Мысалы, Алматы тұрғыны Екатерина Пундор Қазақстанда "Бораттан" өзге мәселелер де жетіп-артылады деп есептейді.

– [Фильм шыға ма, жоқ па] белгісіз. Бізді жемқорлық, қашықтан оқыту жүйесінің нашарлығы алаңдатпайды. [Бірақ] "Борат" шамымызға тиеді, – дейді ол.

"Борат" комедиясындағы Қазақстанның ойдан құрастырылған картасы.
"Борат" комедиясындағы Қазақстанның ойдан құрастырылған картасы.

Студент Фариза Әбдірайымованың пікірінше, бұл фильм Қазақстан туралы емес, америкалықтар туралы түсірілген.

– Әуелі фильмнің бірінші бөлімін мұқият қарап шығып, "Боратта" ел атауынан басқа дүниенің Қазақстанға қатысы жоғын түсіну керек. Бұл –америкалық қоғамға жасалған пародия. Бірақ ол біздің әлсіз тұстарымызды, азаматтарымыздың шамына тисе, олардың қандай әлсіз күйге түсетінін ашып көрсетеді. "Евротур" комедиясында Словакия нашар қырынан көрсетілген, бірақ мұны ешкім қорлау деп қабылдаған жоқ. Комедияда жағдайды әдейі ақылға сыймайтын дәрежеге дейін жеткізетінін бәрі түсінеді, – дейді Әбдірайымова.

Кәсіпкер Алуа Сүлейменова да осы пікірге қосылады.

– Біз бұған мән бермеуіміз керек деп есептеймін. "Борат" болмаса, олар басқа себеп табар еді. Шын мәнінде, ол Қазақстанды емес, Америка қоғамын келемеждеген. Ал біздікілер соны түсінбейді.

Британ актері Саша Барон Коэн ойнаған "Диктатор" фильмінен көрініс. 5 мамыр 2012 жыл.
Британ актері Саша Барон Коэн ойнаған "Диктатор" фильмінен көрініс. 5 мамыр 2012 жыл.

"Борат" фильмінде ойнайтын британдық комик Саша Барон Коэн саяси тұрғыдан кері бағаланатын әрекеттерімен танымал. Оның бұл фильмді құпия түсіргені белгілі. Фильмде АҚШ-тың шынайы вице-президенті Майк Пенс пен президент Дональд Трамптың жеке адвокаты Руди Джулиани ойнайды. Олар фильмге комиктің де қатысы барын білмеген, сондықтан түсірілім кезінде полиция шақырған.

Алматы тұрғыны Айжанға "Бораттың" бірінші бөлімі ұнаған. Ол жаңа фильмнің тұсаукесерін асыға күтіп жүр. Айжан таныстарының арасында фильмнің көрсетіліміне тыйым салуды қолдап, петицияға қол жинаған адамдар барын естіп, "таңғалғанын" айтады.

– Қазақстандықтар әйелдер мен балаларға зорлық көрсетуге байланысты осынша лайк, репост пен қол жинап, ашу-ыза білдірген жоқ. Соған қынжыламын.

– Бораттың бірінші бөлімін 11 сыныпта оқып жүргенде көрдім. "Америкалықтар Саша Барон Коэн фильмде сипаттағандай соншалық ақымақ па?" деп таңғалғаным есімде. Сондықтан оған сол кезде де, қазір де ренжіген жоқпын. Фильмнің тұсаукесерін асыға күтіп жүрмін, – дейді ол.

Айжан "Борат" фильмінің көрсетіліміне тыйым салуға шақырған петицияның басқа маңызды мәселелерді көтерген петицияларға қарағанда әлдеқайда көп қол жинағанына "наразы". Фильмге қарсы петициялардың біріне 107 мыңнан астам адам қол қойған.

– – Қазақстан азаматтары әйелдер мен балаларға зорлық көрсетуге байланысты осынша лайк, репост пен қол жинап, ашу-ыза білдірген жоқ. Соған қынжыламын, – дейді ол.

"БОРАТ" – КҮЛКІЛІ ЕМЕС

Шетелде тұратын қазақстандықтардың көбі расизмге тап болып, бұл фильмнің ойдан шығарылғанын түсіндіруге мәжбүр болған. Әлеуметтік желіде #CancelBorat (Боратқа тыйым салайық), #WhereBoratLives (Борат қайда тұрады), #StopBorat (Боратты тоқтатыңдар) деген хэштегтер пайда болды.

"Борат" фильмінің жалғасын көпшілікке көрсетпеуге үндеген петициядан скриншот.
"Борат" фильмінің жалғасын көпшілікке көрсетпеуге үндеген петициядан скриншот.

Avaaz.org сайтына жарияланған, 107 мың адам қол қойған петицияда "Бізге әр жолы шетелдіктерге мұның пародия екенін түсіндіруге тура келеді. Бірақ көріп отырғанымыздай, фильмнің [мақсаты] әзіл емес, мемлекет пен оның азаматтарына құрметсіздік таныту сияқты" делінген.

Осы петицияға қол қойғандардың бірі Дарина Ким көп жылдан бері АҚШ-та тұрады. Ол күйеуімен бірге Вашингтон штатындағы Сиэтл қаласында мейрамхана ашқан. "Борат" фильмінің бірінші бөлімі шыққаннан кейін расизм мен мазаққа тап болған Дарина қазір әлеуметтік желі қолданушыларын петицияға қол қоюға шақырып жүр.

Өзім де жұмыста күлкіге қалдым. Ұлтымды білген бойда мені суретке түсіре жөнелетіндер де кездесті.

– Атамның бұл фильмді бірінші рет көрген сәтін ешқашан ұмытпаймын. Оның жүзінен қорланғаны көрініп тұрды. Біз жедел-жәрдем шақыруға мәжбүр болдық. Өйткені көңілі күйзелген атамның жүрек талмасы ұстай жаздады. Өзім де жұмыста күлкіге қалдым. Ұлтымды білген бойда мені суретке түсіре жөнелетін адамдар да кездесті. Бізді Еуропа мен АҚШ-та қалай қабылдайтыны ақылға сыймайды. Көп адам үшін Борат – әзіл емес. Олар мұны менің туып-өскен елім туралы деректі фильм деп қабылдайды, – дейді Ким.

Қазақстандықтардың кейбірі әлеуметтік желіде #WhereBoratLives хэштегін бастап, әлемге "шынайы Қазақстанды" көрсетуге бел буған. Олар осы хэштегпен Борат "тұратын" елдің табиғаты мен өзге де көрнекі жерлерінің суретін жүктейді. Бұл хэштегті туристік, тау-шаңғы компаниялары мен қазақстандық жұлдыздардың көбі қолдаған.

Instagram қолданушыларының бірі "Акцияға достарыңызды шақырып, бір-біріңіздің жазбаңызды бөлісіңіз! "Бораттың" ақымақтығына агрессиямен емес, мейіріммен және әзілмен жауап береміз! Рақмет!" деп жазды.

Азаттық комик Саша Барон Коэн мен Amazon Prime Video платформасы өкілдеріне сұрақтар жолдаған, бірақ әзірге жауап алған жоқ.

Фильмнің трейлерінде Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен қазақ тіліндегі жазулар қолданылған. Трейлер шығардың алдында фильмнің PR командасы әлеуметтік желіден Қазақстан үкіметінің жалған парақшасын ашқан. Онда "үкімет" АҚШ президентін "елдің премьер-министрі" деп атап, төбесіне көтереді. Комик Саша Барон Коэн әлеуметтік желіде осы парақшаның сілтемесін бөлісті (қазір бұл парақша өшірілген – ред.).

"Борат-2" фильмінің трейлерінен скриншот.
"Борат-2" фильмінің трейлерінен скриншот.

Қазақстан билігі бұл жолы белсенді реакция білдірген жоқ. Премьер-министрдің баспасөз қызметі бір рет қана "Қазақстан Республикасы үкіметінің қызметі туралы ресми ақпаратқа жалған парақшалардың қатысы жоқ" деген мәлімдеме жасады. Мәдениет және спорт министрлігі Liter.kz редакциясының сұрағына берген жауабында фильмнің көрсетіліміне тыйым сала алмайтынын айтқан.

Министрліктің баспасөз қызметі "Фильм тек интернетте көрсетілетін болса, ештеңе істей алмаймыз. Мұны министрлік реттемейді. Біз тек кинотеатрлардағы көрсетілімдерге ғана тыйым сала аламыз" деп мәлімдеді.

Америкалық Eurasianet.org порталы Қазақстан үкіметінің "Бораттың" бірінші бөлімі шыққан кездегі қызу реакциясына меңзеп, "фильмнің маркетингіне жауапты ұжым тұсаукесерге дейін Қазақстан тарапынан үлкен ашу-ыза туғызудан үміттенген, бірақ "[Қазақстан үкіметі] өткеннен сабақ алғанға ұқсайды" деп жазды.

Ол кезде Қазақстан кинотеатрларында фильмнің көрсетіліміне тыйым салынған болатын.

МЕКТЕПТЕГІ БУЛЛИНГ

Әлеуметтанушы Камила Ковязинаның пікірінше, Қазақстан қоғамы "елде шешілмеген маңызды мәселе көп" және "шындықтың бетіне тура қарау керек" деп есептейтін екі топтан тұрады. Батыста "мәдени апроприация" (cultural appropriation – ред.) қозғалысы дамып келе жатқанын айтқан Ковязина фильмнен осы құбылыстың элементтерін көреді.

Бұл қайда жүрсек те, басқалардың бізді қалай қабылдайтынына әсер етеді.

– [Мәдени апроприация] бір әлеуметтік, әсіресе этникалық топқа жататын адамның қуғынға ұшыраған басқа топтың элементтерін бойына сіңіре бастауын білдіреді. Бұл жағдайда Саша Барон Коэн Ұлыбритания азаматы, ақ нәсілді ер адам бола тұра, Қазақстанның атауы мен белгілерін пайдаланып, басқа ел халқының негативті образын қалыптастырып отыр. Ал бұл қайда жүрсек те, басқалардың бізді қалай қабылдайтынына әсер етеді. Қазір үндістер мен африкалықтар туралы осындай комедия түсірілді деп елестетіп көрейікші. Black lives matter (қара нәсілді адамдардың өмірі құнды – ред.) қозғалысынан кейін ондай әрекет шығармашылық суицид болар еді, – дейді әлеуметтанушы.

Полиция өкілінің қара нәсілді Джордж Флойдты өлтіруі Black Lives Matter наразылық қозғалысына ұласты. Атланта, Джорджия штаты, АҚШ. 16 маусым 2020 жыл.
Полиция өкілінің қара нәсілді Джордж Флойдты өлтіруі Black Lives Matter наразылық қозғалысына ұласты. Атланта, Джорджия штаты, АҚШ. 16 маусым 2020 жыл.

Назарбаев университетінің профессоры, тарих, философия және діни зерттеулер кафедрасының оқытушысы, доктор Клэр Гриффин де осы пікірге қосылады.

[Саша] Барон Коэн қазақты емес, қара нәсілді африкалықты сомдаса, ол фильмді біреу-міреу мақтар ма еді? Оған күмәнім бар.

– Фильмді осы елдің адамдары түсірсе, шынайы мемлекетті "күлкілі көрсету" өнердің маңызды формасына айналар еді. Бірақ мұндай фильмдерді бұл елден мүлде хабары жоқ не оны жақсы білмейтін аутсайдерлер (бөтен адамдар – ред.) түсірсе, олар стереотиптерге сүйеніп, шындықты бұрмалайды. "Борат" фильмінде мәселе бар-жоғын тексеру үшін "[Саша] Барон Коэн қазақты емес, қара нәсілді африкалықты сомдаса, ол фильмді біреу-міреу мақтар ма еді? Оған күмәнім бар, – дейді Гриффин.

Америкалық Boston Herald газетінде 2006 жылы шыққан мақалада Қазақстаннан асырап алынған балалардың мектепте буллингке тап болғаны баяндалады. Мақала авторы Лора Кримальдидің айтуынша, сатираны түсінбейтін балалар жаңалықтан туған елінің "Боратта" жаман қырынан көрсетілгенін естіп, ренжіген. Дария Джилл Абдеграфтың (Дарияны 2003 жылы төрт жасында асырап алған) анасы журналиске "Біз ["Борат" фильмінің жарық көруі] өмірдің әртүрлі кезеңінде балалардың психикасына қалай әсер ететінін білмейміз" деген.

Boston Herald газетінің "Әй, Борат, баламды қорлама!" атты мақаласынан скриншот.
Boston Herald газетінің "Әй, Борат, баламды қорлама!" атты мақаласынан скриншот.

Әр мәдениет, ел не нәсіл оның образын шынайы түсініп, құрмет көрсетуге лайық.

Фильмге қарсы петицияны қолдаушылардың бірі, АҚШ-та тұратын Дарина Ким де балаларының тағдырына алаңдайды. Ол "ақымақ фильмге бола" мектепте балаларының мазаққа қалғанын қаламайтынын, олар өз ұлтын мақтан тұтуы үшін бар күшін салып жүргенін айтады.

– Әр мәдениет, ел немесе нәсіл оның образын шынайы түсініп, құрмет көрсетуге лайық деп ойлаймын, – дейді ол.

"МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҰЛТТЫ ҚОРЛАУ МҮМКІН ЕМЕС"

Қазақстандық суретші Ерден Зікібай "Бораттың" бірінші фильмі жарық көргенде АҚШ-та білім алып жүрген. Ол Қазақстаннан келгенін естіген бойда өзін күлкіге айналдырған адамдарды еске алады. Екінші фильмнің тұсаукесеріне орай суретші қазақстандықтардың осы фильмге байланысты шетелде келеке мен расизмге тап болғанын сипаттайтын иллюстрациялар салған.

Бұл әділетсіздікке қалай қарау керек деген мәселеде талас туындайды.

– Әлем қатыгез әрі әділетсіз. Қазақстандықтар үшін Борат осы әділетсіздіктің символы іспетті. Голливудтың танымал фильмі белгісіз шағын мемлекетті бүкіл әлемге жалған қырынан көрсетеді. Бұл әділетсіздікке қалай қарау керек деген мәселеде талас туындайды. Боратты қолдаушылар фильмге қарсы күрестен пайда жоқ деп тауып, басқаларды бұл туындыға әзілмен қарауға шақырады. Пікір қалдырушылардың бірі шетелде Қазақстан белгісімен көзге түспеуге кеңес берген. Екінші жағынан, #CancelBorat акциясын қолдаушылар ғаламдық аудиторияға фильмнің Қазақстан мен оның азаматтарына зияны барын түсіндіру арқылы әділетсіздікке қарсы күресуге тырысып жатыр. Мен бұл кикілжіңнен консервативті және либералды ойлау жүйесін көремін. Бірінші ойлау жүйесі әділетсіз иерархиялар мен маргинал топтарды күлкіге айналдыруды табиғи әрі тұрақты құбылыс ретінде қабылдаса, екінші ойлау жүйесі саяси сауаттылық, өзгерістер мен әділеттілікті қолдайды, – дейді Зікібай.

Иллюстрация авторы Ерден Зікібай
Иллюстрация авторы Ерден Зікібай

"Борат" фильмі әлі күнге дейін қазақстандықтардың ғана емес, өзге азаматтардың да қарама-қайшы реакциясын туғызып келеді. Біреулер британ комигінің "сазайын тартқызуға" уәде берсе, екіншілері шынайы Қазақстанды әлемге агрессиясыз танытуға тырысып жатыр. Бірақ әлеуметтанушы Камила Ковязинаның пікірінше, "қазақстандықтардың ашу-ызасы жергілікті деңгейде қалып, үлкен наразылыққа ұласпайды".

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев қазақстандықтардың "Борат" фильміне реакциясы қоғамның мәдени жарасын ашып көрсетеді деп есептейді.

– Бұл советтік дәуірден қалған өзін екінші орындағы, артта қалған топ сезінумен байланысты. Ол кезде адамның белгілі бір этникалық, тілдік топқа жатуы оның әлеуметтік иерархиядағы орнына қатты әсер ететін. Мысалы, титулды және титулды емес топтар. Қазақстандықтардың көбі Мәскеудің қазақтарды киіз үйде тұратын жабайы халық деп қабылдағанын әлі күнге қайталайды. Қазіргі Боратқа байланысты мәселе де осыған ұқсайды – біз тағы да өзімізге әділетсіз баға берілгеніне, әлемнің шынайы бейнемізді көрмегеніне ренжіп жатырмыз. Мұндай мәдени жара қоршаған ортаға қоғамның артта қалмағанын дәлелдеуге итермелейді. Сондықтан адамдар үкіметтің мемлекет беделі үшін ұйымдастырылған шараларға қыруар қаржы жұмсап, халықаралық рейтингтердегі орнына алаңдайтынына дұрыс қарайтын болады. Постсоветтік елдерге тән "ұлт пен ұлттық символдарды қорлауды" ауыр қабылдау комплексі осыдан туады. Боратқа қатысты жағдай мен осыған ұқсас өзге де оқиғалар кезінде мемлекет пен ұлтты қорлау мүмкін емесін түсіну керек. Бұл абстрактілі ұғымдар, оларды абсолютке айналдырып, тым көп мән беруге болмайды. Одан да күш-жігеріміз бен ресурстарымызды азаматтардың ар-ожданын қорғауға жұмсайық. Өйткені елімізде осы жағы шынымен ақсап тұр.

  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG