Перизат Қайрат кім?
34 жастағы Перизат Қайрат Қазақстанда 2021 жылдың қазан айында ресми тіркелген жалпыұлттық еріктілер қозғалысы – Biz Birgemiz Qazaqstan қорын басқарған. Қор өз қатарында 15 мың ерікті барын, 2023 жылы Түркияда болған зілзаладан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткізгенін және Палестина тұрғындарына қаражат жинап жатқанын хабарлаған.
Перизат Қайрат 2024 жылдың сәуірінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Instagram арқылы үндеу жолдағаннан кейін жұртшылыққа кеңінен таныла бастады. Ол сол жылы көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетілмегенін айтып, үкімет пен президентті сынға алған еді.
Алайда ол жариялаған пост көп ұзамай өшіріліп, Қайрат кешірім сұрап, халықты "президенттің төңірегіне бірігуге" шақырды.
"Адам шығынын болдырмау үшін президент шұғыл түрде әрекет жасап, төтенше жағдай болған өңірлерге өзі баруға тиіс деп ойлаймын. Өйткені Конституцияда "Мемлекеттің басты байлығы – халқы" деп жазылған ғой. Сонымен бірге, өзге елдердің президенттері сияқты, төтенше жағдай кезінде барлық шетелдік сапарын қоя тұрғаны жөн", – деп жазған Қайрат кейін әлеуметтік желіден өшірілген постында (оның скриншоттарын Ras aitamyn Telegram-арнасы көшіріп жариялаған).
Оған неліктен айып тағылды?
Перизат Қайрат 2024 жылдың қараша айында ұсталды. Оған көктемгі тасқыннан зардап шеккен адамдарға көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден (3 миллион доллардан) астам қаржыны жымқырған деген айып тағылды.
Тергеу болжамы бойынша, ол ақшаға Астанадағы төрт қымбат тұрғын үй кешенінен пәтерлер, Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600 және Haval маркалы қымбат көліктер мен басқа да бағалы бұйымдар сатып алынған.
Кейін оған тағы бір айып тағылып, Қайрат Палестинаға көмек ретінде жиналған 200 миллион теңгеден (шамамен 400 мың доллар) астам қаражатты да жымқырған деген күдікке ілінді.
Перизат Қайрат сот дейінгі тергеу кезінде екі айға қамауға алынып, мүлкі бұғатталды.
Тергеушілердің мәлімдеуінше, анасы мен қызы қайырымдылық көрсетуге деп жиналған 3,5 миллиард теңгеден (6,5 миллион доллардан) астам қаражатты иемденіп кеткен.
Сот қалай өтіп жатыр?
Перизат Қайрат пен оның 62 жастағы анасы Ғайни Алашбаеваның ісі бойынша сот процесі 9 шілдеде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнаулы сотында басталды. Сот тыңдауына төрағалық етуші судья Сабыржан Кәрімов журналистерге айыпталушыларды, олардың адвокатын фото-видеоға түсіруге, сот залынан тікелей трансляция жүргізуге тыйым салды. Бұған қоса айыпталушылардың сот тергеуі барысында берген жауабын, түсіндірмелерін тыңдағанда және айғақ-дәлелдерді зерттеу кезінде БАҚ өкілдері қатыстырылмайтынын хабарлады. Өйткені жеке басқа қатысты мәліметтер қаралған кезде құпиялығын сақтауды заң талап етеді деп түсіндірді ол өз шешімін.
Тергеу қорытындысы бойынша, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға аса ірі көлемдегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру баптары бойынша айыптар тағылды.
Тергеушілер тұжырымында Қайрат пен Алашбаева 2021-2024 жылдар аралығында қайырымдылыққа деп қаражат жинап, оны қымбат заттар мен жылжымайтын мүліктер сатып алуға, саяхатқа шығуға жұмсағаны айтылған.
Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры тіркелген мекенжайда әлдебір ойын клубы орналасқаны, қордың құрылтай құжаттары жалған екені, есепшоттар Қайрат пен оның анасының атына ашылғаны анықталған.
Тергеу мәліметінше, 2021 жылы Перизат Қайрат мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығының құрылысына көмектесуге ниет білдіріп, осы мақсатта бірнеше қайырымдылық кеш ұйымдастырып, аукцион өткізген. Әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, жеке кәсіпкерлерден көмек сұрап, қайырымдылыққа деп қаржы жинай бастаған. Алайда қорға қайырымдылық мақсатқа деп аударылған қаржы кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, күдіктілер оны жеке қажетіне жұмсаған дейді мемлекеттік айыптау тарапы.
Мысалы, Таяу Шығыстағы Газа секторының халқына көмекке деп жиналған 566 миллион теңгенің тек 7,4 миллионы ғана діттеген жерге аударылған. Қалған қаржының бір бөлігі Mercedes-Benz EQE жеңіл көлігін және Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен пәтер, өзге де заттар сатып алуға жұмсалған.
2024 жылдың наурызында болған алапат су тасқыны кезінде қор 2,86 миллиард теңге жинаған. Бірақ ол қаржының да бір бөлігі бренд атауымен шығарылған киімдер, зергерлік бұйымдар мен әшекейлер, қымбат көліктер (оның ішінде Lexus пен Mercedes-Benz S450 бар) сатып алуға, шетелге саяхатқа шығуға жұмсалғаны кейін анықталған.
Соттағы сөзінде прокурор айыпталушылар Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева жиынтығы 1 миллиард теңгеден астам ақшаны заңды айналымға енгізіп, мүліктің бір бөлігін үшінші тұлғалардың, соның ішінде туыстарының атына рәсімдеген деп мәлімдеді. Мысалы, Палестина тұрғындарына деп жиналған қаржының бір бөлігі Rebel Flowers гүл саудасы дүкенін сатып алу жолымен заңдастырылған дейді тергеушілер.
Перизат Қайрат өзіне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартып, оларды "тергеушілердің қиялы" деп атады.
"Бұл келтіргендері негізсіз деп есептеймін. Тергеушілердің қиялы үшін мен жауапты емеспін. Мынадай негізсіз айыпты мойындамаймын. Болашақта нақты дәлелдермен өзімді қорғаймын", – деді ол сотта.
Куәгерлер не айтты?
14 шілде күні сот куәгерлерден жауап алуды бастады. Айыпталушы Перизат Қайрат соттан әуелі Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорының құрылтайшыларын шақыруды талап етті. Қайрат олардың қатарында биліктегі NurOtan (қазіргі Amanat) партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті атады.
"Сот отырысы қор құрылтайшыларынан жауап алудан басталғанын қалаймын. Себебі айыптау актісі мені осы қорды анасымен бірге құрды және адамдардың қолын сыртынан өзі қойды деп айыптаудан басталған. Ал бұл қор сол кезде Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбектің басқаруымен партияның жанынан құрылған. Құрылтайшылардың бәрі – партияның қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлері", – деп мәлімдеді сотта Перизат Қайрат.
Сол күні сотта Biz Birgemiz қоғамдық бірлестігінің құрылтай жиналысына қатысқан адамдардың бірі – билік партиясының "Жас Отан" деп аталатын жастар қанатының бұрынғы еріктісі Сергей Матюшенконың жауабы тыңдалды. Ол қордың жұмысына қатыспағанын және қорды кім басқарғанын білмейтінін мәлімдеді.
Сот тергеуі кезінде Қайратқа Матюшенкомен бетпе-бет сөйлесуге мүмкіндік берілді. Екеуінің диалогы эмоцияға толы болды:
Перизат Қайрат: Өтірік айтып тұрған жоқсың ба?
Сергей Матюшенко: Жалған сөйлеген жоқпын.
Перизат Қайрат: Қазір менің тағдырым шешіліп жатқанын түсінесің бе?
Сергей Матюшенко: Перизат, мен екінші хаттаманы көзіммен көрдім ғой – ондағы менің қолым емес.
15 шілде күні сот отырысында "Асар-Үме" қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев куәлік берді. Ол 2023 жылдың күзінде Палестина халқына көмек ретінде жүздеген миллион теңге жинап, оның басым бөлігін Biz Birgemiz Qazaqstan қорына аударғанын, алайда бұл қаржы сол күйі түпкі бенефициарларға жетпегенін айтты.
Нұрмашевтың сөзінше, өзі бұрын-соңды жанжал аймағына жүк жеткізіп көрмегендіктен, бұл істі Перизат Қайратқа сеніп тапсырған. Себебі, Қайрат Палестина елшілігімен келісімі және Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізумен айналысатын БАӘ-дегі қорлармен байланысы барын, сондай-ақ жанжал аймағына жүк жөнелтілетін Әбу-Дабидегі халықаралық логистика хабына шығуға мүмкіндігі барын айтты деп түсіндірді Нұрмашев.
Ол 2023 жылдың желтоқсанында Қайраттан банктегі шоттан ақша аударылғанын растайтын құжаттарды көрсетуді және Газа халқына нақты қандай заттар сатып алынғанын дәлелдейтін есеп беруді талап еткен. Алайда, оның сөзінше, Қайрат банк қағаздарын тек 2024 жылдың ақпанында берген. Онысы жалған құжаттар екені кейін тергеу барысында анықталған.
15 шілде күні сотта Biz Birgemiz Qazaqstan қоры мен Перизат Қайраттың Rebel Flowers гүл дүкенінің есеп-қисабын жүргізген бухгалтер Алтын Мусина жауап берді.
Мусина 2023 жылдың желтоқсанында Қайрат одан Палестинаға жәрдем ретінде жиналған қаражаттың есебін "Асар-Үме" қоры атынан дайындауға көмектесуді сұрағанын айтты. Бухгалтердің сөзінше, бастапқыда оған шетелге екі мың долларға жуық ақша аударылғаны жөнінде құжат берілген, кейін сондай құжаттың қағаз нұсқасын алған, онда 100 мың доллар деп көрсетілген.
"Құжат қайта өңделген сияқты болып көрінді. Соны байқап, "неге мұнда қате бар?" деп сұрадым", – деп мәлімдеді ол сотта.
Сондай-ақ Мусина 2024 жылдың ақпан айының аяғында Қайрат оны анасы Ғайни Алашбаевамен таныстырғанын айтты. Мусинаның сөзінше, Алашбаева Rebel Flowers дүкенінің директоры деп аталғанымен, шын мәнінде бизнестің иесі Перизат Қайрат болған. Осы жұмыс үшін Алашбаева 300-350 мың теңге аралығында ақша алған.
Сол күні сотта тағы бір куәгер – Екатерина Юхатова жауап берді. Ол Перизат Қайратқа Mercedes E 500 автокөлігін 30 миллион теңгеге сатқанын мәлімдеді. Оның сөзін Қайрат жоққа шығарды.
"Бұл әйелді ешқашан көрген емеспін. Ол неге шімірікпей өтірік айтып тұр?! Түсінбеймін", – деді айыпталушы.
Жәбірленушілер не деді?
16 шілдеден бастап сот процесінде Biz Birgemiz қоры арқылы ірі көлемде қаржы аударған жәбірленушілердің жауабы тыңдалды. Олардың арасында 200 миллион теңге бергенін мәлімдеген ірі кәсіпорынның өкілі де бар. Жәбірленушілердің көбі бұл қорды мемлекеттік ұйым деп ойлағанын және Перизат Қайрат қамауға алынғанға дейін өздері аударған қаржы қай жаққа түскеніне бас ауыртпағанын айтып берді.
17 шілде күні сотқа видеобайланыс арқылы қатысқан жәбірленуші Жанерке Сатқынбекова өзі мұғалім болып істейтін Назарбаев зияткерлік мектебі 2024 жылы көктемде болған тасқыннан зардап шеккендерге көмек ретінде қорға шамамен 2,9 миллион теңге аударды деп мәлімдеді. Ал жеке өзі 10 мың теңгеге жуық ақша аударған.
18 шілдедегі сот отырысына кейбір жәбірленушіні: қорға 60 мың теңге аударған Алматы құс фабрикасының кадр бөлімінің бастығын, 3 миллион теңге аударған "Анеко Л" компаниясының қызметкерін, 231 500 теңге аударған Маңғыстау облысы бойынша қазынашылық департаментінің жетекшісін мәжбүрлеп жеткізу мүмкін болмады.
Прокурор жәбірленушілер мен олардың өкілдерінің жазбаша куәліктерін оқып шыққан соң сот іс материалдарын жабық режимде қарауға кірісті.
Пікірталас кезеңі
Сот айыпталушылардан жауап алған кезде БАҚ өкілдерінің қатысуына тыйым салғандықтан, Перизат Қайраттың берген түсініктемелері журналистерге мемлекеттік айыптау тарапының сөзі арқылы жетті.
22 шілде күні өткен пікірталас барысында прокурор Арман Қазыкен айыпталушы Перизат Қайрат кінәсін мойындамағанын және де сотқа келесідей түсініктеме бергенін хабарлады: ол ақшаны банк арқылы аудару әскери жанжалдарды қаржыландыру ретінде қабылдануы мүмкін деп қауіптенгендіктен, жиналған қаржы Палестинаға қолма-қол ақша күйінде жеткізілген. Қайрат өзінің шетелге жиі шығуының себебін де осыған байланысты деп түсіндірген.
Соттағы пікірталас кезінде прокурор Арман Қазыкен айыпталушы Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарлары кезінде қымбат заттар сатып алғанына назар аударды. Бұған қоса ол айыпталушы Ғайни Алашбаеваның телефонынан табылған жазбаларды да оқыды, оларда түрлі көлемдегі ақша не нәрсеге жұмсалғаны көрсетілген:
"37 миллион теңге – көлікке,
5 миллион теңге – тіс емдеуге,
10 миллион теңге – Түркияға емделуге баруға,
3 миллион теңге – биоқоспалар қабылдауға,
10 миллион теңге – серуендеуге,
3 миллион теңге – фэншуй,
1 миллион теңге – бадзы оқуға (қытай нумерологиясы – ред.),
2 миллион теңге – офлайн серуенге шығу және сол сәтте 3 миллион теңгеге киім сатып алу,
3 миллион теңге – гауһар тасы бар, ақ алтыннан жасалған білезік".
Прокурордың сөзінше, Перизат Қайрат мұндай заттар сатып алуға жұмсалған қаржы қайдан келгенін нақты түсіндіре алмаған.
22 шілде күні болған пікірталас барысында прокурор соттан Перизат Қайратты – 10 жылға, ал оның анасы Ғайни Алашбаеваны – 8 жылға бостандығынан айыруды сұрады.
Қоғамда резонанс тудырған Перизат Қайраттың ісі бойынша тергеу, одан кейін сот болып жатқан шақта Қазақстан билігі "Қайырымдылық қызмет туралы" заңға өзгертулер енгізуді қолға алды.
Ұсынылып отырғандардың арасында қайырымдылық қорларын аккредиттеуден өтуге міндеттеу, төтенше жағдай кезінде әкімдіктер белгілеген ұйымдар ғана қаражат жинай алады деген тәртіп енгізу, ал өз бетінше рұқсатсыз қаражат жинаған жеке адамдарға айыппұл салу тәрізді өзгертулер бар.
ПІКІРЛЕР