Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиевке “Билікті күштеп басып алу” және “Қызметтік өкілетін асыра пайдалану” баптары бойынша айып тағылды.
Бұл жөнінде адвокаты Икрамидин Айтқұлов хабарлады. Ташиевке елден кетпеу туралы бұлтартпас шарасы қолданылған.
Адвокаттың сөзінше, ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.
Адвокат бұған дейін Ташиевпен бірге тергелген бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев және парламенттің бұрынғы спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы жөнінде ақпараты жоғын айтты.
Кейбір сайттар айыптауларды “75 адамның хатымен” байланыстырады. Дегенмен Қамшыбек Ташиев істің қай іс бойынша қозғалғанын нақтыламады.
Бір күн бұрын Ташиевтің мәлімдемесі жарияланып, онда ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы өзінің "ақталып шығатынына сенетінін" айтып, "ешкімнің ешқандай жария немесе жеке іс-қимыл жасауының қажеті жоқ деп санаймын" деген еді.
«Бұл қылмыстық істе өзімді толық қорғауға мүмкіндігім бар және Құдай қаласа, барлық айыптаулар бойынша ақталып шығамын. Кінәлілер жазаланады, ал кінәсіздер ақталады. Себебі, мемлекет басшымыз елімізде әділ сот жүйесін құруға күш салды. Мысалы, өздерін «кемпірабадтықтар» деп атаған 25 адамнан тұратын топ та ақталды. Сондықтан баршаңыздан заңды бұзбауды өтінемін. Ешкімнің ешқандай жария немесе жеке іс-қимыл жасауының қажеті жоқ деп санаймын» деп жазылған мәлімдемеде.
27 сәуірде Kaktus.media басылымына берген сұхбатында президент Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевтің "75-тің хатына" қатысы бар-жоғын тергеу мен сот шешеді деп айтқан.
Саясаттанушы Эмилбек Жороев билік Ташиев пен оның айналасындағы саясаткерлерге қатысты шешім қабылдаудың тәртібін іздеп жатыр деп санайды.
"Билік пен құқық қорғау органдары бұл жағдайды тергеп жатқан сияқты. Мәселені саяси тәуекелдерді ескере отырып, заңды аспектілерді ескере отырып, қоғамдық сұранысты ескере отырып, екі тарапқа да, әсіресе биліктің қазіргі жағдайына кедергі келтірмейтіндей етіп шешуге тырысып жатқан сияқты. Менің ойымша, іздеу процесі жүріп жатыр. Осыған сүйене отырып, тұтқындау керек пе, жоқ па, қандай айыптар тағылады немесе тағылмайды және тергеу қанша уақытқа созылатыны қарастырылады деп ойлаймын"
"75-ТІҢ ХАТЫ" ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІНГІ ОҚИҒАЛАР
9 ақпанда 75 адамнан құралған топ – бұрынғы премьер-министрлер, парламенттің бұрынғы депутаттары, саясаткерлер мен қоғам белсенділері президент Садыр Жапаров пен сол кездегі парламенттің спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлына қайырылып, жақын арада президент сайлауын өткізуді ұсынған. Кейінірек кейбірі хаттың мазмұнымен таныспай жатып оған қол қойып жібергенін мәлімдеді.
10 ақпанда Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевті ҰҚМК төрағасы қызметінен босатты. Кейінірек ол «75-тің хатын» алға тартып, парламентте жікшілдік пайда болғанын айтты. Осыдан кейін Нұрланбек Тұрғынбекұлы спикер қызметінен кетіп, хатқа қатысы жоқ екенін айтып, мандатын тапсырды. Facebook жазбасында ол "75-тің хатына" еш қатысы жоғын мәлімдеген.
Соңғы саяси оқиғалар аясында Құндызбек Сүлейманов, Элдар Сулайманов, Куванычбек Конгантиев, Шаирбек Ташиев, Гүлсүнқан Жунушалиева және Әбділдабек Егембердиев те өз өтініштері бойынша депутаттық мандаттарынан айырылған.
Қамшыбек Ташиевтің інісі, бұрынғы депутат Шаирбек Ташиев «Қырғызмұнайгаз» кәсіпорнындағы сыбайлас жемқорлық ісіне байланысты, Құндызбек Сулейманов «Қамбар-Ата-1» су электр станциясындағы жұмысына байланысты, ал Куванычбек Конгантиев жер учаскелеріне қатысты заңсыз схемаларды ұйымдастырды деген айыппен ұсталды.
75 адам "ұсынған" президент сайлауы биыл өтпейді. Биыл ақпанда Жапаров жүгінген конституциялық сот кезекті президент сайлауы 2027 жылы өтуі керек деп түсіндірді. Екінші мерзімге баруға құқығы бар президент пен оның командасында сайлау кампаниясына дайындалу үшін жарты жылдан астам уақыты бар.