Accessibility links

Наталья Садықованы аңду, Айдостың қазасы және тергеу құпиясы. "Бәсені" қудалау жалғасқаны ма?


Киевте тұратын журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Наталья Садықова өзін әлдекімдердің аңдып жүргенін мәлімдеді. Ал оның күйеуі Айдос қастандықпен өлтірілгеніне 10 ай болса да, іс әлі сотқа жете қоймады және тергеу туралы ақпарат жоқ. Мұның бәрі нені білдіреді? Қазақстан билігі істі неге құпия ұстап отыр? Азаттық журналистің өзімен, мәжіліс депутатымен және құқық қорғаушымен сөйлесіп көрді.

"ҚАЗІР БІЗДІ ЕШКІМ ҚОРҒАП НЕ КҮЗЕТІП ЖҮРГЕН ЖОҚ"

Наталья Садықова биыл наурыз айынан бері қала ішінде және үйінің маңында бірнеше із кесушіні байқаған. "Олар мені көре сала кетіп қалуға тырысады" дейді ол. Журналист мұны "Бәсе" арнасының жұмысымен байланыстырады.

– Осы наурызда балалармен коммерциялық емес бір ұйымның шақыртуы бойынша Прагаға бардық. Сол кезде бір адамдар бізді бақылап жүргенін байқадым. Бірінші рет балалармен мұражайда жүргенде көрдім. Қазақ ер кісі, кепка киген. Өте сезікті көрінді. Телефонымды алып, түсірейін деп жатқанда қашып кетті, – деді Садықова Азаттыққа. – Кейін бірнеше кездесуге бардым, әріптестеріммен кездестім. Сонда да біреулер бақылап жүргенін көрдім. Көрші үстелдерге жайғасып, біреумен сөйлесіп жатқандай түр танытып, түсіріп тұрғандай көрінді.

Садықованың айтуынша, бұл аңду ол Киевке оралған кезде де жалғасқан, күмәнді адамдар оның үйінің жанынан да көрінген. Журналист бұл адамдар аңдып жүргенін байқатпауға тырыспайтынын айтады.

– Неге ізіме түскенін білмеймін. Мен «БӘСЕ» арнасының жұмысын жалғастырып жүргенімді білесіздер. Мен жұмысымды тоқтатсын деп психологиялық қысым көрсетіп жатқандары шығар. Немесе қастандық жасауға не ұрлап әкетуге дайындық па екен?! Себебі Айдос Садықовты өлтірер алдында да бізді ұзақ уақыт аңдығанын білесіздер. Қастандық жасалардан бір жыл бұрын көлігімізден бізді аңдитын трекерлер тауып алғанбыз, – дейді ол. – Әрине, бұл жағдай туралы тергеуге бірден хабарладым. Себебі мен күйеуім Айдостың қазасы бойынша қозғалған қылмыстық істе жәбірленушімін. Оған қоса қастандық жасалғанда қасында болған куәгер статусым да бар. Мейрам Қаратаевтың күйеуіме оқ атқанын өз көзіммен көрдім. Сондықтан кейінгі кезде өзімді аңдып жүргенін тергеу органдарына хабарладым. Бірақ оған әзірше реакция болған жоқ.

"Бәсе" авторының сөзінше, Айдос Садықовқа қастандық жасалған соң, Украина билігі ерлі-зайыптының үйіне күзет қойған. Бірақ кейін ол күзетті алып тастаған.

– Қазір бізді ешкім қорғап не күзетіп жүрген жоқ. Украинада үш баламмен жалғыз жүрмін. Өлтіремін деген адам өлтіре салады, басқаша айтқанда. Арнайы қызмет өкілдері күйеуіме жасағанын маған да істеуге батылы жете ме? Мәселе сонда. Бірақ олар бәріне барады деп ойлаймын. Бұл жайттар туралы көпшілікке ашық айтқаннан, Украинаның құқық қорғау органдарына жүгінгеннен басқа амалым жоқ. Қазір өзімді тек солай қорғай аламын, – дейді Наталья Садықова.

Журналист бұл аңдудың артында Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі тұр деп сезіктенеді. Азаттық комитетке сауал жолдап, Садықованың аңдуға қатысы бар-жоғын сұрап сауал жолдады. Әзірге жауап келген жоқ.

Айдос Садықовқа жасалған қастандық

Былтыр маусым айында Айдос Садықовты үйінің маңында екі азамат атып кетті. Оқ самайына тиіп, журналиске ауруханада ота жасалды. Садықов есін жимаған күйі 2 шілдеде көз жұмды. Оқиғадан көп өтпей Украина бас прокуратурасы Садықовқа қастандық жасаған күдіктілер деп екі адамның атын атады. Олар – Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев. Киев оларға Интерпол арқылы халықаралық іздеу жариялады. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп мәлімдеген. Бірақ оның қай қалада ұсталғаны, оған қандай бұлтартпау шарасы кесілгені айтылған жоқ. Қазақстан билігі оны Киевке бермейтінін мәлімдеді.

Былтыр шілдеде Украина бас прокуратурасы Қазақстан органдарынан сотқа дейінгі тергеуге халықаралық құқық жағынан көмек сұрағанын, бірақ оған жауап ала алмағанын хабарлаған. Биыл 16 қаңтарда Украина Қазақстан билігінен тағы да құқықтық көмек беруді сұрап, өтініш түсірген. Киев қалалық прокуратурасының мәліметінше, Астана бұған да жауап бермеген. Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптады. Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлерді өзге адамдар "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген атаулармен сақтағанын анықтаған еді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қаратаев пен Жақанбаев комитетте жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын айтқан. Ішкі істер министрлігі күдікті Қаратаевтың полиция жұмыс істегенін, 2019 жылы қызметтен кеткенін мәлімдеген. Ал Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайттан соң пікір білдіріп, Қазақстан Украинаға бұл істі тергеуде көмектесуге әзір деген.

– Мемлекет басшысы Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның құқық қорғау органдары қылмыстық істің мән-жайын анықтау үшін шұғыл шаралар жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына күдіктілердің қазіргі мекенжайын анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Қазақстан тарапы Украинаның құқық қорғау құрылымдарымен, оның ішінде Интерпол жүйесі бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын, – деді былтыр 21 маусымда Қазақстан президентінің сол кездегі баспасөз хатшысы Берік Уәли.

"ТЕРГЕУ ДЕРЕКТЕРІН ЖАСЫРЫН ҰСТАУ ҚАУЕСЕТКЕ ЖОЛ АШАДЫ"

Айдос Садықовқа қастандық жасалғалы 10 ай өтсе де, күдіктілердің нақты қай жерде екені, тергеу қалай жүріп жатқаны, іс материалдары сотқа қашан жететіні белгісіз күйі қалып отыр. Наталья Садықова мен елдегі бірқатар өзге құқық қорғаушылар Қазақстан билігі Садықовтың қазасын жедел әрі бейтарап тергеуге құлықты емес деп есептейді. Бұған дейін Бас прокуратура Власть.кз басылымының осы іс туралы сауалдарына тергеу құпиялығына сілтеп, жауап бермеген. Азаттық 23 сәуір күні Қазақстан Бас прокуратурасына "Садықовтың өлімі бойынша тергеу аяқталды ма?", "Іс қашан сотқа түседі?", "Осы іс бойынша күдікті Алтай Жақанбаев тағылған айыпты мойындады ма?", "Екінші күдіктіні іздестіру бойынша қандай нәтиже бар?" деген сұрақтарды қойып, ресми сауал жолдады. Мақала шыққанша, жауап келмеді.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Айдос Садықовтың қазасы қоғамды алаңдатып отырғанын, Қазақстан билігі тергеу туралы ақпаратты жарияламай отырғаны түрлі қауесетке жол ашатынын айтады. Депутат құқық қорғау органдары бұл тергеуді жабық ұстап отырғанын қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабынан көреді. Құзырлы органдар "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу" деп аталатын осы бапты ілік етіп, болмашы қылмыстық істердің деректерін де жарияламауға мүмкіндік беріп отыр дейді ол.

– Тіпті ауылдық жердегі бір тауық ұрланса да, жергілікті полиция қызметкерлері сол 201-бапты басшылыққа алып, бұл тергеу құпиясы деген негізбен ақпарат беруден бас тартуға құқылы. Ал енді Батыс елдерінде, болмаса анау АҚШ-та оқиға бола ма, сол күннен бастап арнайы қызметке жататын ФБР-дің өзі ақпаратпен бөлісіп отырады. Сонда қоғамда көптеген мәселелер өздігінен шешіліп қалады. Анау-мынау қауесетке жол берілмейді. Ал енді бізде бұл проблема сол күйінде қалып отыр. Оған қолданыстағы заң осындай мүмкіндік береді, – дейді депутат.

Депутаттыққа дейін заңгерлікпен айналысқан Абзал Құспан жалпы тергеу мерзімі екі ай екенін, одан әрі дәлелді себеппен бір-бір айдан созып отыруға болатынын, бас прокуратура деңгейінде бір жылға дейін созылатынын айтады.

– Қолданыстағы қылмыстық процестік заңнаманың мерзімдері өтуге жақын. Бірақ кейде енді аса бір күрделілігіне байланысты ашылмай қалатын қылмыстар болады. Бірақ бұл жерде нақты кінәлі адам бар ғой. Оған қатысты сотқа берілетін уақыт болды деп есептеймін. Сосын бұл іс, менің жобалауымша, құпияландырылған істер қатарына жатқызылған болуы мүмкін. Енді ондай бар, кейбір істер құпияландырылады, кейбір істер ашық жүргізіледі, дейді мәжіліс депутаты.

Белсенді Садықовтың қазасына қоғамның реакциясы мен биліктің үнсіздігі
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:38 0:00

"САЯСИ МҮДДЕ ҮСТЕМДІК ЕТІП ОТЫР"

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис – бұл істің әділ тергеулуі мен оның ашылуына күмәнмен қарайтындардың бірі. Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро өкілінің сөзінше, Қазақстан билігінің өз еркімен полицияға берілген күдіктіге қатысты ақпаратты жария етпегені, оған қандай шара қолданылғанын айтпағаны, екінші күдіктіге қатысты деректің құпия сақтап отырғаны күмәнді күшейтеді.

– Қазақстан билігінің өз еркімен полицияға берілген күдіктіге қатысты ақпаратты жария етпеуі күмән тудырмай ма? Сіз басқа істерде де осындай жабықтықты байқадыңыз ба?

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис

– Бұл жағдайға және бұл іске саяси контекст тұрғысынан қарайық. Бұл іс ауада ілініп тұрған жоқ. Оның белгілі бір саяси астары бары анық. Мәселен, ағылшын тілінде екі маңызды түсінік бар. Біріншісі – баршаға белгілі "rule of law" немесе заң үстемдігі. Яғни заң алдында бәрі тең, қылмыс жасалса, тек заңға бағынатын құқық қорғау органдары немесе ұлттық қауіпсіздік органдары бейтарап тергеу жүргізіп, сот үкім шығарады.

Екіншісі – "rule by law", яғни заң арқылы басқару. Бұл жерде заң саясатқа бағынышты, яғни заң саяси мақсаттарға жету құралы ретінде пайдаланылады. Мұнда заң саясаттан кейін тұрады. Біз, өкінішке қарай, көп жағдайда екінші қағидамен өмір сүретін мемлекетте тұрамыз.

Бұл ара-тұра демократиялық елдерде де кездеседі, бірақ авторитарлы я диктаторлық елдерде анық байқалады. Яғни саяси мүдде үстемдік етеді. Алсықа бармай-ақ, Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты істі еске алайық. Ол да жабық болды, біз ол істің шынайы тергелгеніне, кінәлілердің расында жазаланғанына толық көз жеткізген жоқпыз.

2022 жылғы Мәсімовке қатысты істі еске түсірейік. Біз ол туралы не білеміз? Мотивация, дәлелдер қандай? Бұл істер тек сотта ғана емес, тергеу барысында да жабық болады. Біз ештеңе білмейміз. Бар үмітіміз айтылғандарға сену ғана. Айдос Садықовке жасалған қастандық ісі де осы қатарда. Бірақ бұл іс өзге ел аумағында орын алған, яғни мемлекетаралық сипатқа ие болғанымен ерекше.

Істі Ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізгенде "мемлекеттік құпия ақпарат бар" деген сылтаумен барлық ақпаратты жасырады. Бұл – үйреншікті жағдай. Мұндай тәсілді әрине көп мемлекет, оның ішінде демократиялық елдер де қолданады. Бірақ соңғыларында оппозиция, тәуелсіз БАҚ, шынайы жұмыс істейтін парламенті бар, олар мұндайға жол бермейді. Бізде ондай құралдар жоқ. Сондықтан тек жорамал жасап, болжауға мәжбүрміз. Ал арнайы қызмет терегуде қандай амал мен технология қолданатыны үлкен сұрақ.

"УКРАИНА БҰЛ ІСТІ САЯСИЛАНДЫРҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ"

– 2025 жылғы 16 қаңтарда Украина Бас прокуратурасы Қазақстанға Айдос Садықовтың өліміне қатысты халықаралық құқықтық көмек көрсету туралы сұрау жолдаған, алайда әлі жауап алмаған. Бұл халықаралық құқық тұрғысынан қалай бағаланады?

– Тағы да қайталап айтам: бұл – саяси контекстідегі іс. Бұл жерде екі негізгі компонент бар. Біріншісі – геосаяси немесе халықаралық контекст. Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты абайлап әрекет етеді. Бір жағынан, БҰҰ қарарларына дауыс беруде тыс қалып, бейтарап ұстаным ұстанады. Екінші жағынан, Ресей аннексиялаған Украин аумақтарын мойындамайды. Яғни, Қазақстан Украинаны ашық қолдамаса да, Ресей немесе Беларусьпен салыстырғанда Украина үшін "жау" емес.

Осы себепті Украина да бұл істі аса саясиландырмай, сақтықпен әрекет етеді. Екінші компонент – Қазақстанның ішкі саяси жағдайы. Қастандық ізі күштік құрылым қызметкерлеріне апаратындықтан, ол кімге тиімді болды, не үшін ұсталды, оның артында қандай топтар не элита өкілдері тұр деген сұрақтар туындайды.

Сондықтан барлығы сақтықпен әрекет етеді. Украина бұл жағдайды саясиландырмауға тырысады, Қазақстан да ақпаратты жария етуге асықпайды. Себебі, саясат заңнан үстем боп тұр. Халықаралық құқық бойынша – қаза тапқан Айдос пен оның жұбайы құқықтық қорғауға ие болуға құқылы. Бірақ біз әзірге бұл оның сақталып көріп отырған жоқпыз.

– Саяси астары бар қылмыс, оның ішінде адам өлтіру істерін тергеуге қатысты халықаралық нормалар мен стандарттар қандай? Үлгі бола алатын мысалдар бар ма?

– "Саяси астар" – құқықтық емес, саяси термин. Құқық саяси емес, бейтарап. Яғни, кез келген істе – мейлі ол саяси болсын, мейлі болмасын – тергеу бейтарап, заң нормаларына сай жүргізілуге тиіс. Бұл – стандарт. Бірақ саясат араласқанда, жағдай күрделене түседі.

Мысал ретінде Сауд Арабиясы консулдығында өлген ирандық журналист [Жамал] Хашоггидің кейсі. Тергеу жүрді, бірақ шешімдер саяси деңгейде қабылданды. Саяси ерік, саяси шешімдер заңнан бұрын жүреді. Заң бәріне бірдей қолданылуға тиіс. Міне, бұл – заң үстемдігі. Ал егер "заң арқылы басқару" болса, онда барлығы саясат алаңына ауысады.

– Егер қылмыс бірнеше елдің мүддесін қозғайтын болса, олардың арасында өкілет қалай бөлінеді?

– Қазақстанның қылмыстық-процестік кодексінде бұл туралы арнайы бөлім бар. Егер қылмыс бір елде жоспарланып, екінші елде жасалса, халықаралық құқықтық көмек тетіктері қолданылады: сұрау салу, куәларды немесе күдіктілерді жауапқа тарту және тағы басқалары. Сіз айтқан құқықтық көмек көрсету де осыған кіреді.

Мұндай істерде бірнеше елдің бірлескен тергеу топтарын құруға болады. Әдетте трансұлттық қылмыстар – адам саудасы, есірткі, контрабанда істерінде мұндай тәжірибе кең таралған. Бірақ бұл механизмдер саясат араласпаған жағдайда ғана жақсы жұмыс істейді. Ал саясат араласқанда, тетіктердің бәрі бұзыла бастайды.

– Айдос Садықовқа жасалған қастандықтан кейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінде айтарлықтай кадрлық өзгерістер болды. Алайда ресми дереккөздер бұл өзгерістерді осы оқиғамен тікелей байланыстырмайды. Садықовтың қазасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі кадрлық шешімдер арасында байланыс бар ма?

–Біріншіден, біз контекст пен баға бергелі отырған органдар туралы айтуымыз керек. Өкінішке қарай Совет Одағының ыдырағанына 30 жыл өтсе де, біз әлі күнге дейін постсоветтік құқық қорғау және күштік құрылымдармен өмір сүріп келеміз.

Қазіргі құқық қорғау органдары – полиция, сот жүйесі, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік органдары түптеп келгенде, ешқандай түбегейлі реформалардан өткен жоқ. Иә, белгілі бір құрылымдық өзгерістер, аздаған жақсартулар болды, бірақ аты өзгергенімен, заты сол күйі қалды.

Бірақ бұл органдардың психологиясы, азаматтарға деген көзқарасы өзгермеген. Олар, негізінен, халықтың емес, биліктің қауіпсіздігін қорғауға бағытталған, ал ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттің қауіпсіздігі тұрғысынан қарағанда басқаша болуға тиіс еді.

Екіншіден, біздегі саясат көбіне жабық сипатта. Қызметтен босату, жанжалдар туралы шешімдерді көбіне тек өсек-аяң мен "ұзынқұлақтан" естиміз. Біз нақты ақпаратты білмейміз, өйткені көп нәрсе жария болмайды. Сол себепті тек болжам жасауымызға тура келеді.

Иә, Ұлттық қауіпсіздік органдарындағы тазарту жұмыстары 2022 жылғы оқиғалардан кейін бірден басталды. Бұл – элиталық ішкі тартыстардың, яғни "ескі команданы" тазалау процесінің нәтижесі. Бұл үрдіс айқын байқалды. Садықовтың өлімі бұл процестерге қаншалықты әсер етті? Мен оны негізгі себеп болды дегенге сенбеймін, бірақ бұл әсер еткен көп фактордың бірі болды деп ойлаймын.

Арнайы қызметтерді белгілі бір уақытта "тазарту" қажеттілігі олардың мемлекет ішіндегі "мемлекетке" айналмауы үшін және өздігінен әрекет етіп кетпеуі үшін жүзеге асырылады. Бұл тәжірибені коммунистер жақсы білді және қолданды. 20-ғасырда не болғаны белгілі. Бұл қазір де жалғасып жатыр. Сондықтан Садықовтың өлімі осы жалпы контекстің бір бөлігі болғаны анық, бірақ оның нақты рөлін біз тек болжап айта аламыз.

САДЫҚОВ ІСІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕСЕПТЕРГЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

– Cіздің пікіріңізге қарағанда, қылмыс құпиясын Қазақстан билігі ашпайтын сияқты. Мұндай оқиға елдегі адам құқықтары мен сөз бостандығы жағдайына байланысты халықаралық есептерге қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

–Меніңше, бұл іс туралы алғашқы болжамдарым дұрыс келді. Болашақта да бұл пікірімнің дұрыстығын уақыт көрсетеді деп санаймын. Себебі саясат құқықтан үстем боп тұр. Егер бұл іс бойынша саяси шешім қабылданбаса, ашылмайды. Бұл айдан анық. Халықаралық есептерге келсек: Мен бұл мәселеге қазір өте күмәнмен қараймын.

Сіздер Мемлекеттік департаментке жақында жіберілген меморандумды көрдіңіздер ме? Ол меморандум адам құқықтарына қатысты есептерге байланысты еді. Әр ел бойынша жыл сайын жарияланатын бұл есеп әлі жарыққа шыққан жоқ, ал оны тек мамырдың соңына қарай жариялайды деп отыр. Оның үстіне, бұл есепте саяси құқықтар, түрмедегі жағдайлар туралы үлкен көлемдегі деректер енді болмайтын көрінеді.

Қазір АҚШ саясаты үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр, оның ішінде адам құқықтары бойынша есептер де өзгеріп жатыр. Бұл есептер бұрын саяси рөл атқаратын және оларға назар аударылатын. Бірақ қазір олардың ықпалы әлсіреп барады.

Басқа халықаралық ұйымдарға келсек: Бұл оқиға халықаралық ұйымдардың есептерінде қалай да бір көрініс табуы екіталай. Қазіргі әлемде адамдар мыңдап, тіпті жүз мыңдап қаза тауып жатқан қақтығыстар өте көп. Сондықтан бұл оқиғаның ерекше назар аударуы екіталай. Бұл елдің беделіне де қатты әсер етпейді.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде төрт рет Солтүстік Корея, Түрікменстан және Эритрея адам құқықтары саласындағы жетістіктері туралы есеп берді. Ал қазір адам құқықтарын қорғау деңгейін Қытай, Куба, Сомали және Эритрея сияқты елдер бағалайды. Осыдан-ақ бұл жүйеге қаншалық сенуге болатынын түсінуге болады.

Бұл есептер тек тарихи дерек ретінде маңызды, өйткені адам құқықтарының бұзылуын тіркеп отыру керек. Бірақ саяси ықпалы мен нәтижесі тұрғысынан алсақ, әсіресе АҚШ-тың қазіргі әкімшілігінің саясатын ескерсек, бүгінгі таңда бұл есептер үлкен рөл атқарады деп айта алмаймыз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG