Бұл – Ресей күнтізбесіндегі ең маңызды мереке. Кремль мұны нацистік Германияны жеңудегі Совет Одағының рөлін ұлықтау үшін пайдаланады.
Кейінгі жылдары Ресей президенті Владимир Путин Қызыл алаңдағы Жеңіс парадын Мәскеудің Украинаға қарсы соғысын мадақтау тетігі көреді. Бірақ Батыс сарапшыларының есебінше, бұл соғыста Ресейдің 700 мыңнан астам сарбазы қаза тапқан не жарақат алған.
Кремльді бақылап отырғандар үшін 9 мамырдағы парад Путиннің және жалпы Ресей билігінің ой-жоспарында өзгеріс бар-жоғын саралауға мүмкіндік береді.
Оның үстіне биыл, нацистік Германияның жеңілгеніне 80 жыл толса, Ресейдің Украинаға басып кіргеніне үш жылдан асты.
"Ұлы Отан соғысындағы жеңіс – Владимир Путиннің саяси мифологиясының, оның түсінігіндегі әлем тарихының тірегі" деп жазды өз эссесінде қуғындағы ресейлік журналист, Мәскеу туралы бірқатар кітаптың авторы Михаил Зыгарь. "Кремль бұл сәтке айлар бойы дайындалды. Бұл – режимнің пропагандалық күнтізбесінің негізі".
Осы себепті, 9 мамырда мына жайттарға назар аударуды ұсынамыз.
МӘСКЕУ ҚАЙ СОҒЫСТЫ АТАП ӨТПЕК?
Ресейліктер Ұлы Отан соғысы деп атайтын кезеңде әскер мен бейбіт тұрғындарды қоса алғанда Совет Одағында барлығы 27 млн адам опат болған. Бұл бұрын-соңды болмаған апат еді, сол себепті нацистердің жеңіліс табуы осы соғыстан жапа шеккен орыстардың, украиндардың, беларустардың және өзге ұлттардың ерлігі ретінде дәріптелді.
2000 жылы президент қызметіне кіріскен Путин бұл оқиғаны ардагерлер арасындағы беделін арттыру үшін пайдаланды. Ол сондай-ақ жеңісті желеу етіп, Батысты айыптаған, одақтас әскерлердің нацистерді талқандаудағы рөлін кеміте сөйлеген.
2007 жылғы Жеңіс күніндегі сөзінде Путин АҚШ-ты қатты сөгіп, Ақ үй саясатын жанама түрде Үшінші рейх саясатымен салыстырды.
2022 жылғы ақпанда Украинаға қарсы ауқымды соғыс бастаған Путин "нео-нацистер" жайлы көп айта бастады. Ол бұл сөзін украин билігіне қарата айтып, соғысты ақтап алғысы келді.
КІМ ҚАЙ ЖЕРДЕ ОТЫРАДЫ?
Кремльдің мәлімдеуінше, жиырмадан астам мемлекет басшысы Мәскеудегі шараға қатысуға алдын ала келісім берген. Бірақ соңғы сәтте бас тартатындар болып қалуы мүмкін.
Парадқа бұрынғы совет республикаларынан Беларусь, Қазақстан, Армения секілді елдердің басшылары, одан бөлек Боливия, Куба, Венесуэла, Лаос, Бразилия сияқты өзге елдердің басшылары қатысады деп жоспарланып отыр.
Еуропадан Словакия премьер-министрі Роберт Фицодан өзге ешқандай лидер келмейді. Фицо осыған дейін Украинаны сынай сөйлеген.
Барлық назар Украинаға қарсы соғыста Мәскеудің маңызды әріптесі болған Қытай басшысы Си Цзиньпинде болмақ.
Пекин Ресей мұнайы мен газын сатып алуды тоқтатпай, осы елдің экономикасын тұрақтандыруға, Мәскеудің әскери науқанын қаржыландыруға көмектесіп отыр. Жария түрде алаңдаушылық білдіргені болмаса, Қытай Ресейдің Украинаға басып кіргенін айыптаған емес.
"Си Мәскеуге келді деген сөз Қытай сыртқы саясатындағы тартыстың ушыққанын білдіреді" деді өз сараптамасында Вашингтондағы Брукингс институтының ғылыми қызметкері Патрисия Ким. "Ресеймен стратегиялық әріптестік оның ауқымды амбициясына керіағар болып отыр. Ол "АҚШ-тағы тұрақсыздық" пен "Батыстың құлдырауы" кезінде өзін жауапты ғаламдық лидер ретінде көрсеткісі келген".
Қытай Қызыл алаңдағы маршқа өз әскери бөлімін жіберсе, бұл Кремльді жария түрде қолдауда символикалық мәнге ие болмақ.
КӨРСЕТІЛЕТІН ҚАРУ-ЖАРАҚ
Қырғи-қабақ соғыс кезінде Жеңіс күніне арналған парадтар сирек өтетін. Ол кезде жылдың ең ірі шарасы қарашада – 1917 жылғы большевиктер революциясы күні болатын. Совет әскери техникасы да сол жиында көрсетілетін. Ал Батыс сарапшылары ракета шахталары мен ұшыру қондырғыларының ұзындығы мен енін есептеп, қару-жарақ жарысындағы Мәскеудің артықшылықтарына баға беретін.
Кейінгі ондаған жылда Мәскеудің әскери техникасын паш етіп, мақтануы қалыпты жағдайға айналды. Оның үстіне Кремль әскерді қайта қаруландыруға, заман талабына сай етуге қыруар қаражат бөліп келеді.
2015 жылдан бері Қызыл алаңда Армата T-14 танкі бой көрсетіп жүрді. Бірақ бұл танк Украинадағы соғыс майданына жете алмады.
Санаулы жылдардан соң, парад шеруінен ұзақ қашықтыққа ұшатын жаңа РС-24 "Ярс" зымыраны көрінді. 2022 жылғы соғыстан кейін бұл зымыранны шеруден көрінуі сирей берді. Бұл соғыс кезінде Ресей қару-жарағы қаншалық сарқылғанын білдірді.
Әскери парад кезінде Қызыл алаңнан қандай техника өтетінін байқауға болады. Мәскеу соғыс кезінде Bradley машинасы секілді қолға түскен Батыс техникасын да көрсетуі мүмкін. Бұл Кремльге Батысқа сес көрсету үшін қажет.
УКРАИН ДРОНДАРЫН ҚАУІП БАР МА?
Жеңіс күні қарсаңында Украина Ресей нысандарына дрондармен шабуылдады. Соның ішінде 6 мамырдағысы кейінгі айлардың ең ірі шабуылы болды.
АҚШ соғысты уақытша және біржола тоқтатуға күш салғанына қарамастан, Киев мен Мәскеу кейінгі айларда бір-бірін тоқтаусыз атқылап отыр. Көбіне дрондар шабуылдайды, бірақ арасында ракеталар да ұшырылып жатыр.
Путин өткен айда Жеңіс күніне орай үш күнге атысты тоқтатуды ұсынған. Киев АҚШ бастамасын ескере отырып, атысты 30 күнге тоқтатайық деген. Наурызда Мәскеу Киевтің бұл ұсынысынан бас тартқан.
Ресей әскері атысты расымен тоқтата ма, жоқ па, әлі белгісіз. Бірақ Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің бұйрығы өз күшінде деп мәлімдеді. Бірақ Украина атқыласа, Ресей жауап береді деп нақтылады баспасөз хатшысы.
Зеленский де, Украинаның өзге шенеуніктері де Киев Мәскеу қонақтарының қауіпсіздігіне кепілдік беруге міндетті емес деді. Украина барлау қызметінің басшысы парад қонақтарын "құлақ тығынын ала келуге" шақырды.
"9 мамырға барған немесен баратын барлық елге қатысты ұстанымыз өте қарапайым" деді Зеленский 3 мамырда. "Біз Ресей Федерациясы аумағында болып жатқан жағдайларға жауап бере алмаймыз. Қауіпсіздік кепілдігін беретін солар, біз ешқандай кепілдік бере алмаймыз".
Ресей шенеуніктері Мәскеу және қала маңындағы тұрғындарды осы аптада фейерферк атпауға шақырды. Ал телекоммуникация қызметін көрсетушілер интернет баяулайтынын мәлімдеді. Шамасы бұл – қашықтан іске қосылатын жарылғыш зат немесе қашықтан басқарылатын дрондардың алдын алу үшін жасалған қадам.
"Қызыл алаңға соққы жасаудың қисыны жоқ" деді Прагада тұратын саясаттанушы Иван Преображенский.
"Настоящее время" арнасына берген сұхбатында ол – украин дрондары Мәскеуге жете алатынын, бірақ "Ресей пропагандасы мұны парадқа қатысушы шетел басшыларына қарсы қастандық әрекеті деп көрсететінін, мұндай шабуыл қазіргі жағдайда Украинаға пайдалы болмайтынын айтты.
ЖАН-ЖАҚТЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК
Соғыста айқын жеңіске жете алмаған Мәскеу өзге елдерден техника және сарбаз сұрауға мәжбүр болды. Сол елдердің ішінде ең бірінші болып Солтүстік Корея тұр.
Былтыр маусымда Путин Пхеньянға сапарлап, өзара қорғаныс жайлы жаңа келісімге қол қойды. АҚШ лауазымды тұлғаларының айтуынша, содан бір ай бұрын Солтүстік Корея Ресейге жүздеген мың артиллериялық снаряд пен баллистикалық зымыран берген.
2024 жылдың аяғында Солтүстік Кореяның шамамен 11 мың сарбазы Ресей әскеріне қосылып, шекарадағы Курск облысындағы шайқастарға қатысқан. Ресейдің бұл аймағына Украина былтыр тамызда басып кірген. Ресей қолбасшылары украин әскерін Курск облысынан тықсыруда солтүстіккореялық сарбаздардың жетістігін атап өтті.
Екі елдің әріптестігі тереңдеп жатқанын басқа да жайттардан байқауға болады. Мәселен, Ресейдің жараланған сарбаздары Солтүстік Кореяға барып емделді деген хабар бар. Бұдан бөлек Солтүстік Кореяның мыңдаған жұмысшысы Ресейге, негізінен Қиыр Шығысқа барып, құрылыс және ауыр өнеркәсіп саласында жұмыс істеген. Ресейде бұл салаларды жұмыс күші тапшы болған.
Солтүстік Корея азаматтары салтанатты шаралардан да көріне бастады.
Жеңіс күні қарсаңында Тынық мұхитындағы портты қала Владивостокта өткен шараларда Солтүстік Кореяның әскери киім киген балалары жүздеген ресейлік балаға қосылып, әскери парадта шерулетті.
ПІКІРЛЕР