Accessibility links

Байден қылмыстық істер бойынша кінәлі деп танылған ұлына кешірім берді


АҚШ президенті Джо Байден ұлы Хантер Байденмен бірге. 26 шілде, 2024 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден ұлы Хантер Байденмен бірге. 26 шілде, 2024 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден екі қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылған және сол бойынша үкім күтіп отырған баласы Хантер Байденге кешірім берді.

"Осы қызметке келгеннен бастап әділет департаментінің шешім қабылдауына араласпайтынымды айттым, ұлымды әділетсіз қудалап жатқанын көре тұра сөзімде тұрдым", – деді Байден мәлімдемесінде.

Ақ үй басшысы ұлына тағылған айыптардың "саяси астары бар" деп есептейді.

"Мен құқық жүйесіне сенемін, бірақ шикі саясат бұл процеске әсер етіп, сот қателігіне алып келді деп санаймын, – деді Байден өз шешімін түсіндіріп. – Америкалықтар әке мен президенттің мұндай шешімге неге келгенін түсінеді деген үміттемін".

Хантер Байден заңсыз қару сатып алу және салықтан жалтару ісі бойынша кешірім алды. Бірінші іс бойынша үкім – 12 желтоқсанда, екінші іс бойынша 16 желтоқсанда шығады деп айтылған.

Биыл қыркүйекте Хантер Байден салықтан жалтару ісінде тағылған айыптар бойынша кінәсін мойындаған. Ол "заңсыз қару сатып алу" ісі бойынша кінәлі деп танылғаннан кейін отбасын тағы бір ауыр қылмыстық процестен арылту үшін осындай тосын қадамға барғанын айтқан.

Айыптауға сәйкес, 54 жастағы Хантер Байден 2018 жылы қазанда тапанша сатып аларда есірткі қолданбаймын деп жалған сөйлеген. Бұл іс бойынша сот оған 25 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасын кесіп, 750 мың долларға дейін айыппұл салуы мүмкін еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG