АҚШ-тағы алқабилер ел президенті Джо Байденнің ұлы Хантерді заңсыз қару сатып алу ісіндегі барлық үш айып бойынша "кінәлі" деп ұйғарды. Ол енді сотталуы мүмкін.
Айыптау нұсқасына сәйкес, Хантер Байден 2018 жылы тапанша сатып алып, заңсыз есірткі қолданбайтынын және есірткіге әуес емесін айтып, жалған ақпарат берген. Осыдан кейін ол 11 күн бойы тапаншаға заңсыз иелік еткен деген қорытындыға келді алқабилер.
Оған тағылған айыптар бойынша, 54 жастағы Хантер Байденге 25 жылға дейінгі мезімге түрме жазасын кесуі мүмкін және 750 мың долларға дейін айыппұл салуы ықтимал. АҚШ-тағы заң сарапшылары сот тәжірибесіне сәйкес, айыпталушы бұрын сотты болмаған соң түрмеге қамалмай, жазаның басқа түрімен құтылуы да мүмкін дейді.
Делавэр штаты сотының судьясы Мэриэллен Норейканың айтуынша, үкім шығару мерзімі 120 күнге дейін созылуы мүмкін деп хабарлады CNN. Яғни, үкімді қазанның ортасына қарай, АҚШ-тағы президент сайлауы алдында жариялауы мүмкін.
Алқабилер шешімінен соң сот ғимаратына АҚШ-тың бірінші ханымы Джилл Байден барды. Айыпталушы шешім бойынша жазбаша түрде пікір білдіреді деп отыр. "Америка дауысы" медиасының жазуынша, Джо Байденнің өзі бұл іс туралы еш пікір айтпай, осы процеске араласты деген айыпқа қалмас үшін сотқа да бармаған.
Соттан кейін жариялаған мәлімдемесінде АҚШ президенті алқабилер шешімін құрметтейтінін айтты. "Өткен аптада айтқанымдай, мен президентпін, оған қоса, әкемін. Джилл екеуміз ұлымызды жақсы көреміз және мақтан тұтамыз" деп жазды Байден.
Бір жарым апта бұрын Нью-Йорк сотындағы алқабилер алқасы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотта өз ұйғарымын айтқан. 12 алқаби мүшесінің бәрі Трампты барлық 34 айып бойынша "кінәлі" деп таныған.
Джо Байден Трамп сияқты 5 қарашаға жоспарланған президент сайлауында АҚШ-тағы ең ірі саяси партия атынан дауысқа түседі. Алда Калифорния соты Хантер Байденнің салық төлеуден жалтарғаны туралы қылмыстық істі қарауды бастайды. Трампты да тағы бірнеше штатта қылмыстық іс бойынша айыптап жатыр.
ПІКІРЛЕР