Accessibility links

Әлиевті сынаған ұйым хаттың астында қалды


OCCRP ұйымының мәліметі бойынша, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұзақ жылдар бойы елдегі табысты бизнес салаларын меншігіне өткізіп келеді.
OCCRP ұйымының мәліметі бойынша, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ұзақ жылдар бойы елдегі табысты бизнес салаларын меншігіне өткізіп келеді.

Халықаралық ұйым Әзербайжан президентіне «Жыл жемқоры» атағын берген соң, оларға электрондық хаттар жаңбырша жауған. Сарапшылар мұны «Әзербайжан билігінің жаңа тәсілі» дейді.

Штаб-пәтері Сараево (Босния мен Герцеговина астанасы) қаласында орналасқан Ұйымдасқан қылмыс пен коррупцияны әшкерелеу орталығы (Organized Crime and Corruption Reporting Project - OCCRP) Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке «Жыл жемқоры - 2012» атағын берді.

Осыдан кейін ұйымның поштасына әртүрлі мазмұндағы электрондық хаттар толассыз ағылған. Орталық ол хаттарды спамдарға жорып отыр. Алайда бұл істі Әзербайжандағы үкіметшіл топтардың ұйымдастырғанын дәлелдейтін айғақтар да жеткілікті.

ТӨРТ МЫҢ ХАТ

Ұйымдасқан қылмыс пен коррупцияны әшкерелеу орталығы (OCCRP) өкілдерінің айтуынша, ұйым бірнеше жыл қатарынан билікте отырған тұлғалардың ұйымдасқан қылмыс пен коррупцияға қатысы бар екенін айтып, он шақты баяндама жариялап келеді. Бірақ, оларға дәл мұндай реакция болған емес. OCCRP редакторы Дрю Салливан:

- Бізге арнайы жазылған электрондық хаттар көп келді. Олардың көбінің мазмұны ұқсас, әрі бірдей формада жазылған. Менің өзім ондай хаттың төрт мыңнан астамын алдым, - дейді.

OCCRP ұйымының Әзербайжан президентіне «Жыл адамы - 2012. Коррупция мен ұйымдасқан қылмысқа қосқан үлесі үшін» атағын бергені жайлы жазған Азаттықтың да поштасына қаңтардың 2-сі күні дәл осындай төрт мыңға жуық электрондық хаттар келді.

Белсенділер мен сарапшылардың айтуынша, «Мұндай ақпараттық шабуылды Әлиевтің жақтастары ұйымдастырып отыр. Әзербайжан үкіметіне интернеттегі Әзербайжан жайлы жазылатын ақпараттарды бақылауға алыңдар деген бұйрық түссе керек».

OCCRP ұйымы мен Азаттық радиосына келген хаттардың көбі бейне бір жеке адамдардан келген сияқты жіберілген. Алайда хаттардың ағылшынша, әзербайжанша және орысша жазылған мазмұны ұқсас. OCCRP ұйымының өкілі Дан О’Хьюгин:

- Хаттардың 5-10 пайызын автоматты серверлерден жіберген, - дейді.

Маманның айтуынша, «Қалғандарын арнайы адамдар көшіріп алып, қайта салған. Келген хаттар Әлиевті немесе оның отбасын «жемқор» деп айыптаған ақпараттар жайында жақ ашпайды».

Хаттарда «Әзербайжан халқының Ильхам Әлиевті жақсы көретіні және Әзербайжан тәуелсіздік алғалы үлкен жетістіктерге жеткені» жазылған.

МУНТЕЗИРДІҢ ЖАҢАЛЫҒЫ

Әзербайжан блогшысы Хебиб Мунтезир қаңтардың 15-і күні «Білім министрлігінің мұғалімдер мен студенттерге Азаттық радиосы мен OCCRP ұйымына интернет арқылы шағым-хат жолдау жайында нұсқау бергені» жайлы ақпарат таратты.

Мунтезир жариялаған министрліктің нұсқауында хаттардың ағылшын, әзербайжан және орыс тіліндегі үлгілері және олардың қай адреске жолданатыны жайлы ақпараттар көрсетілген.

Осы нұсқаудағы адрестер мен халықаралық ұйымдардың поштасына келген хаттардың шыққан адресі бірдей. Келіп түскен хаттардың көбі мен министрлік нұсқауындағы хат мазмұны да бір.

Ағылшын тіліндегі нұсқасында «Біз occrp.org сайтындағы Әзербайжан президенті жайында жазылған ақпаратты оқып қатты ренжідік. Себебі біз елді дамыту мен өркендету жолында атқарылып жатқан жұмыстарға ризамыз» деп жазылған.

Хаттарды жаппай жөнелту науқаны Әзербайжан үкіметін қолдайтын топтардың интернеттегі Әзербайжан имиджін жақсарту үшін жасап жатқан әрекеті болуы мүмкін.

КҮМӘНДІ TWEET-ТЕР

Бұрын СССР құрамында болған елдердегі интернетті пайдалану ерекшелігін зерттейтін Вашингтон университетінің аға оқытушысы Кэти Пирс:

- Әзербайжанда негізгі саяси күрес қазір Facebook-те жүріп жатыр. Себебі адамдардың көбі бұл қоғамда ой еркіндігі жоқ екенін жақсы біледі. Сондықтан Әзербайжандағы Facebook өте белсенді болып кетті, - дейді.

Пирстің айтуынша, «Күні кешеге дейін Әзербайжан оппозициясы әлеуметтік желілердегі бостандықты пайдаланып келген еді. Бірақ соңғы 18 айда үкіметшіл топ жастардың тұтас бір түменін жасақтап, Facebook пен Twitter-де және тағы басқа әлеуметтік желілерде оппозициямен күреске айдап салған».

Пирс үкіметшіл топтың осы күрес барысында өте агрессивті тәсілдерді қолданып жатқанын ескертеді. Олар оппозициялық пікірдегі әзербайжандардың пошталарын ақпараттармен атқылап, жазғандарын «намысқа тиеді» деп белгілеп, тіпті Facebook мамандарына «оларды желіден алып тастаңдар» деп өтініш жасаған.

Әлеуметтік желіде осындай шабуылға ұшырағандардың бірі - Азаттықтың Әзербайжан қызметінің тілшісі Хадиша Исмаилова. Ол OCCRP ұйымымен ынтымақтаса жұмыс істейді.
Азаттықтың Әзербайжан қызметінің тілшісі Хадиша Исмаилова зербайджан Азаттықтың әзербайжан тілінде шығатын апталығын оқып отыр. Баку, 31 қаңтар 2012 жыл.
Азаттықтың Әзербайжан қызметінің тілшісі Хадиша Исмаилова зербайджан Азаттықтың әзербайжан тілінде шығатын апталығын оқып отыр. Баку, 31 қаңтар 2012 жыл.

Исмаилова OCCRP ұйымының Әлиевті «Жыл жемқоры» деп жариялауына негіз болған, Әлиев пен оның отбасының жемқорлыққа араласқаны жайлы зерттеулер жазған.

Пирс үкіметшіл топтың Twitter-де жариялаған ақпараттарын зерттей келе, олардың жазғаны мен журналист Исмаиловаға жасалған ақпараттық шабуылдың айла-тәсілі ұқсас екенін анықтаған.

Ол Twitter-де жазылған үлгілерді сараптай келе, «бұл ақпараттардың барлығын жалғыз адам бірнеше тіркелушінің атынан жолдаған, не болмаса арнайы автоматтандырылған бағдарлама бір ақпаратты бірнеше адамның атынан салып отырған» деген қорытындыға келді.

- Қолдағы айғақтың көбі Twitter-дегі аккаунттарды пайдаланып, бір хатты қайта-қайта жіберіп отыру үшін адамдардың арнайы ұйымдасқанын дәлелдейді, - деді ол.

OCCRP ұйымының редакторы Дрю Салливан «Әзербайжан тарапы ұйымдастырған хаттар легінің бұрын кездеспеген жаңа тәсіл екенін» байқаған. Өйткені жемқорлыққа қатысты ақпараттарды осы уақытқа дейін үкімет басшылары қаперге ілмей келген.

Ол сонымен қатар, «қазіргі тоқтаусыз келіп жатқан хаттар легінің ұйымның жұмысына кедергі келтірмейтінін, тек адамды аздап мезі қылатынын» айтады.

- Біздің жұмыста бұдан да жағымсыз хаттар алатын кезіміз болады. Мына хаттар да аздап жүйкеге тиеді. Бірақ осы мәліметтің бәрін шынымен де әзербайжан халқының өзі жіберсе, қуанар едік. Ол адамдар бұл тәсілді бізді қорқыту мақсатында қолданып жатыр деуге де болады. Бірақ олардың мұнысынан нәтиже шықпайды, - дейді Салливан.

Мақаланы ағылшын тілінен Сағынай Кәрім аударған.
XS
SM
MD
LG