Азат Еуропа / Азаттық радиосы медиакорпорациясы Қазақстандағы 7 тілшісіне аккредитация беруден бас тартқаны үшін Қазақстанның сыртқы істер министрлігін сотқа берді. Азаттықтың заңгерлер тобы Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 11 шілдеде тиісті арыз түсірді. Әкімшілік арызда Азаттық сыртқы істер министрлігінің өз тілшілеріне аккредитация беруден бас тарту туралы ұйғарымын заңсыз деп тануды сұрайды.
2025 жылғы 14 маусымда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі "Масс-медиа туралы" заңның 30-бабының 4-бөлігін бұзғаны үшін" Азаттықтың 6 тілшісі мен Азат Еуропа / Азаттық радиосы медиакорпорациясы Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісіне аккредитация беруден бас тартатынын айтып, хат жолдаған.
Азаттық министрліктің бұл ұйғарымы аккредитация процедурасын және халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Конституциясын бұзу деп санайды.
"Шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктерін және олардың журналистеріне аккредитация беру ережелерін бекіту туралы" сыртқы істер министрлігінің бұйрығына сәйкес тілшілер аккредитация мерзімі бітуіне екі ай қалғанға дейін министрлікке қайта құжат өткізіп, аккредитацияны ұзартуға өтініш беруі керек. Азаттық биыл 13 және 14 ақпанда 6 журналисі мен өкілдік басшысының аккредитациясы аяқталуға екі айдан көп уақыт қалғанда министрліктің ресми поштасына тиісті өтінішті жіберген. Ережеге сәйкес министрлік екі ай мерзім ішінде журналиске аккредитация беретінін не бермейтінін айтып, хат жолдауы тиіс. Бірақ Азаттық бұл мерзім ішінде мұндай хат алған жоқ.
Ереже бойынша өтінішті қарау мерзімін ұзарту талап етілетін жағдайда министрліктің басшысы не оның орынбасары қарау мерзімін ұзарту себебін түсіндіріп хат жолдауы керек. Өтінішті қарау мерзімін ақылға қонымды уақытқа (екі айдан кем емес кезеңге) созуға болады.
ТӨРТ АЙ ҚАРАУ
16 сәуірде министрлік Азаттық тілшілерінің аккредитациясы бойынша шешім шығаруға қажет мән-жайды тексеру көбірек уақыт алатынын хабарлады, бірақ ол шешімін негіздеген жоқ және тілшілерге қатысты қосымша құжат сұратпады. Бірақ министрлік басшысынан не оның орынбасарынан бұрыннан істеп жүрген журналистердің құжатын тексеруге неге көп уақыт қажет екендігін түсіндірген хат болмады. Сондықтан Азаттық министрлік журналистер аккредитация беру туралы өтінішті қарау мерзімін негізсіз ұзартты деп санайды.
Өтінішті қарау мерзімін төрт айға созу арқылы министрлік Азаттықтың құқықтары мен еркіндігін шектеді және қалыптасқан жағдайды тілшілерге аккредитация беруден бас тарту туралы шешім шығаруға пайдаланды деп санайды.
Қазақстанның "Масс-медиа туралы заңының" 30-бабының 4-тармағына сәйкес шетелдік ақпарат құралының тиісті аккредитациясы жоқ тілшісінің және шетелдік журналистің кәсіби журналистік қызмет атқаруына тыйым салынады. Биылғы 14 маусымдағы хатында министрлік Азаттық тілшілері заңның осы бабын бұзды деп ұйғарып, оларға аккредитация беруден бас тартты.
Азаттықтың бұл тілшілері – Қазақстанның азаматтары, олар Қазақстан заңдарына сәйкес Азат Еуропа / Азаттық радиосы медиакорпорациясымен арадағы еңбек келісімшарты негізінде жұмыс істейді. Азаттық министрліктің бұл шешімін құқықтық тұрғыда қате деп санайды.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы 2016 жылғы 25 қазанда шетелдік ақпарат құралын тіркеу жөнінде куәлік алған, Қазақстанда заңды түрде жұмыс істейді. Оның тілшілеріне – Қазақстан азаматтарына аккредитация беруден бас тарту олардың сөз және пікір білдіру бостандығын шектейді.
Сотта заңгерлер тобы – "Медиа қолдау", "Құқықтық медиаорталық" және Tokayeva&Partners адвокат кеңсесі Азаттықтың мүддесін қорғайды.
ЕКІ ЖЫЛДАҒЫ ЕКІНШІ СОТ
Бұл СІМ-ге қарсы бірінші сот емес. 2024 жылғы қаңтарда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа / Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан. Азаттықтың кей тілшілері аккредитациясын 2022 жылдың аяғынан бері ұзарта алмай келген.
Былтыр 30 қаңтарда Азат Еуропа/ Азаттық радиосы бұл шешімге наразылық білдіріп, сотқа жүгінген. 30 сәуірде Азат Еуропа / Азаттық радиосы (АЕ/АР) мен Қазақстан сыртқы істер министрлігі тілшілердің аккредитациясы мәселесі бойынша келісімге келген. Бұдан соң Азаттық тілшілеріне 6 айға аккредитация берілген еді.
2024 жылғы 20 желтоқсанда шетелдік ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеу ережесі өзгерді. Жаңа ережеге сәйкес, енді шетел ақпарат құралдары өкілдіктері аккредитациясы бұрынғыдай мерзімсіз емес, бес жылға беріледі. Шетелдік БАҚ тілшісінің ұрақты аккредитация мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарған. Ал уақытша аккредитация үш айға беріледі. "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) сыртқы істер министрлігінінің аккредиттеу тәртібіне алаңдаушылық білдірген.
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының дәстүрлі еркін сөз рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева халықаралық ұйымдардың бағалау әдістері әртүрлі болатынын, елде еркін баспасөздің дамуына жағдай жасалғанын айтады.
ПІКІРЛЕР