Accessibility links

Әскерге күштеп әкету. Мұндайда не істеуге болады? Заңгер түсіндіреді


Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Кей жерде әскери комиссариат азаматтарды бөлімшеге күштеп әкеткен видеолар тарады. Тіпті оқуда жүрген, әскери борышы заңды жолмен кейінге шегерілгендер де сол ұсталғандардың қатарынан табылып жатыр. Комиссариат әрекеті заңды ма? Әскерге қандай жағдайда бармауға болады?

ӘСКЕРГЕ КҮШТЕП ӘКЕТУ ВИДЕОЛАР ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Telegram желісінде Шымкентте түсірілді деген екі видео тарады. Бір видеода әскери киімдегі азаматтар, екіншісінде азаматтық киімдегі ер адамдар бәз біреулерді күштеп көлікке отырғызып жатқаны көрінеді. Видео сипаттамасында күш қолданылған адамдар әскер жасындағы азаматтар екені айтылады.

Осындай оқиға Қостанайда да болған. Желіде тараған мына видеода жас жігіт жұмыстан шыққан жерінен ұсталған. Ұсталған жігіт "Көріп тұрсыз ғой маған не істеп жатқанын. Ол жақта мені ұрады" дегені естіледі. Оны әскери комиссариатқа жеткізуге полицейлер араласқан. Осы секілді видеолар түрлі өңірден шығып жатыр.

Азаттықпен сөйлескен астаналық Бақытгүл Салидің Түркияда оқитын баласын түнгі 12-де такси ұстап тұрған жерінен алып кеткен. Ол баласының қайда екенін полиция көмегімен тапқан. 18 жастағы жігіт оқуы барын дәлелдей алмай, бір тәулік комиссариатта отырған. Бұл оқиға желіде резонанс туғызды. Анасының айтуынша, шу болып кеткен соң, іске қорғаныс вице-министрі араласқан.

– 24 сағат отырды онда. Сосын Есіл аудандық әскери командирге кіріп, баламның Түркияда оқитынын анықтамамен дәлелдеп, ол жақта тұрақты тұруға рұқсаты бар екенін көрсеттім. Бірақ олардан еш көмек болмады. Өйткені бала базада "оқиды" деп шыққан жоқ дейді. Содан әлеуметтік желіде Қалиманың (журналист Халима Тәжіқұл – ред.) жазбасы арқылы резонанс туды да, вице-министр Дархан [Ахмедиев] нөмірін қалдырып, осы баланың мәселесі бойынша маған шығыңыздар деді. Хабарласқанның өзінде 4-5 сағаттан кейін, өзі тікелей араласып, оқитынына көз жеткізген соң, Есіл ауданының [әскери комиссариатына] босатсын деп хабарласқан. Содан шығарды. Бала екі медициналық тексеруден де өтіп, алып кетуге шақ қалған, – дейді Бақытгүл Сали.

Әскерге жарамды азаматтарды көшеден күштеп ұстап жатқан видеоларды Қорғаныс министрлігі де көрген болуы керек, 7 маусым күні мәлімдеме жасады. Министрлік өкілі бұл шаралар заңды деді.

– Егер шақыру қағазын азаматқа жеке табыстау мүмкін болмаса, оны жеткізуді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Рейдтер кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетеді, бұл олардың мәжбүрлі түрде жеткізілуіне себеп болады, – деді қорғаныс министрлігінің ресми өкілі.

5 маусым күні Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов журналистерге мұндай "бірді-екілі фактіні" емес, әскерге өз еркімен кетіп жатқан 40 мың сарбаз туралы насихат жүргізіңдер деп кеңес берген.

– Құрметтім, бұқаралық ақпарат құралдары сондай жағдайларды насихаттайтын болса, бұл мүлде дұрыс емес, – деді ол.

Көшеде әскери комиссариат қызметкерлері мен полицияның азаматтарды ұстап әкеткен оқиғалар бұрын да болған. Қорғаныс министрлігі Қазақстан әскерінде сарбаз жетіспеушілігі жоқ, бірақ кейінгі кезде әскерге барудан жалтарып жүргендер көп дейді. Орган дерегінше, биыл көктемгі шақыру маусымында әскерге 20 мыңнан астам адам алынады. Қазір жүріп жатқан науқан 30 маусымға дейін жалғасады.

ӘСКЕРГЕ КӨШЕДЕН ҰСТАП ӘКЕТУ ЗАҢДЫ МА?

Азаттық әскерге күштеп алып кеткен жастарға құқықтық көмек көрсететін заңгер Жандос Мақсатұлынан әскери комиссариат өкілдерінің бұл әрекеті қаншалық заңды екенін сұрады.

– Рейд шаралары әкімдікпен алдын ала келісіледі. Содан кейін іс-шараға шығады. Ол жерде міндетті түрде әкімшілік қызметкері болуы керек. Заңдылықтың сақталуын қадағалау үшін полиция қызметкері жүруі қажет. Бірақ олар қосылып алып өздері сүйреп әкетіп бара жатады.

Сондай-ақ, іс-шарада әскери комиссариат өкілі болуға тиіс. Бұлардың рейдтік іс-шара дегені – көшеде әскерге шақырылушыларға ескерту жасау, қашып жүргендер болса, өзінің тіркелген мекенжайы бойынша учаскелік әскери комиссариатқа баруға шақырту беру. Болды. Ал көшеден ұстап, сүйреп алып кету, көлікке күштеп салу - мұның бәрі заңсыз.

Конституция бойынша, Қазақстан Республикасының азаматын соттың санкциясымен ғана бас бостандығынан айыруға болады. Бұл – ол азамат қылмыстық істе қарастырылған жағдайда қолданылатын шара. Рейдтік іс-шара қылмыстық іске қатысы жоқ.

Әскерге шақырылушылардың телефонын тартып алады. Сөйтіп ол болған жайтты түсіре алмайды. Содан кейін олар 1414 [бірыңғай байланыс операторының нөмірінен] "саған шақырту жібердік" деген желеумен "әскерден жалтарып жүрген адамды күштеп әкелу деп" шара қолданып жатады.

Телефон сол жағдайды видеоға түсіру үшін керек. Әскери комиссариат оны тартып алатындай өзі сатып алып берген жоқ. Біреудің телефонын тартып алу, оған видео түсіруге тыйым салу – оның конституциялық құқықтарын бұзады.

Әскерге шақырылушы мұндай жағдайға тап болса, видеоға түсіріп, "тұрғылықты мекенжай бойынша шақырту беріңіздер, мен барамын" дейді, сонымен ол ары қарай өз жөнімен кете беруі керек. Бірақ іс-жүзінде бұл басқаша өрбиді.

ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРТУ ҚАЛАЙ ЖҮРУГЕ ТИІС?

– Әскерге шақыртудың заңды алгоритмі қандай?

– Әскерге шақырту – шақырылушының өзіне қағаз күйінде не электронды түрде шақырту беру. Заң тұрғысынан, шақырылушының ол қағазды алғаны тіркелмесе, ол шақырту болып саналмайды.

Бізде әкімшілік кодексте медициналық комиссиядан жалтарудан да жауапкершілік қарастырылған. Яғни, азамат әскерге шақыртуды елеусіз қалдыратын болса, оған шара қолданылады.

Сосын бізде қылмыстық істе "күштеп әкелу" деген бар. Мұны әскерден жалтарған адамдарға қолданады. Бірақ біздің заңда жалтарушының нақты кім екені көрсетілмеген. Денсаулығы, моральдық-психологиялық күйі жақсы, бірақ әскерге барғысы келмей, қашып жүргендер бар. Алайда күштеп әкелу қалай қарастырылған? Полицей қызметкерлері жалтарып жүр деген адамның тұрғылықты мекенжайына барады да, оны мәжбүрлемей, күштемей, конституциялық құқықтарын бұзбай алып келеді.

– Әскери комиссариат өкілдері алып кетсе, әскерге шақыртылған адамды қайтарып алу мүмкін бе?

– Заңды себептері болса ғана. Кейбіреулер алып кеткен кезде хабарласа, біз бірден әскери полицияға хабарласамыз. Оларды әскери комиссариатқа апармас бұрын жиналу орнына топтайды. Ол жақта медициналық комиссиядан өткен кезде де құқықтары бұзылады. Әскери қызмет туралы заңда медициналық комиссия жұмысының тәртібі бар. Шақырылушы бір күн ішінде медициналық комиссиядан толық өте алмайды. Ол мүмкін емес шара ғой. Өйткені әрбір шақырылушы белгілі бір емханада тіркеуде тұрады. Бәлкім ол қандай да бір ауруымен есепте тұрған шығар? Ал әскери медициналық комиссия мұның бәрін елемей, жарамды қылып шығарады.

Комиссия екеу болады: аудандық және облыстық. Аудандық комиссиядан өтпей, облыстық комиссияға бірден кірмеуі керек. Денсаулығы жарамаса немесе отбасында қандай да бір себептер болса, онда алып қаламыз.

ӘСКЕРГЕ БАРУДАН ҚАЛАЙ БОСАУҒА БОЛАДЫ?

– Әскерден босаудың қандай заңды себептері бар?

– Денсаулық пен отбасы жағдайы және мамандық бойынша негіздер бар. Мысалы бізде мұғалімдерді әскерден босатады. Мұғалім мамандығын бітіріп, білім беру орталығында мұғалім қызметін атқарсаңыз, сол жағдайда әскерге баруды кейінгі қалдыруға болады.

Мен өзім жастарды әскерге баруға үгіттеп жүрген адаммын. Бірақ та бәрі заңға сай болуы керек. Денсаулығында кінәрат бар ма, онда ол әскерден босатылуы керек.

– Әскерге бармау үшін ақша бересің, кейде тіпті бару үшін де ақша керек деген сын көп айтылады. Әрине бұл анықтауды, тексеруді қажет етеді. Дегенмен жалпы міндетті борышын өтеуге шақыртуда жемқорлық бар ма?

– Біз әскерден алып қалу үшін ақша бердік, бірақ алып қала алмады, балам әскерге кетіп қалды деп жүгінетіндер бар. Әскерге бару жағынан болса, мысалы менің бір саусағым жоқ, мен әскерге барып келгенмін. Мен барғым келді, мен бардым.

– Әскерге барған азамат қай өңір, қай бөлімде борышын өтеуді шеше ала ма?

– Оны шақырылушының өзі шеше алмайды. Комиссия құрамы шешеді. Ол қалай болады? Шақырылушы облыстық әскери комиссариатта тексеруден өтіп жатыр делік. Осы кезде әрбір өңірдің әскери бөлімдерінен өкілдер келеді. Оны қарапайым тілде "сатып алушы" деп атайды. Сол "сатып алушылар" келеді де, іріктеп, өздеріне шақырылушыларды алып кетеді.

– Әскерге шақырту жыл сайын дауға ұласып жатады. Барғысы келмейтіндер саны артып жатқан сияқты. Жастар неге әскерге барғысы келмейді?

– Біздің көмегімізге жүгінетіндер бойынша айтайын. Кейбірінің денсаулығы шынымен жарамайды. Кейбірінің отбасы жағдайы бар. Жалғыз анасы бар, мойнында толған несие. "Мен жұмыс істемесем, отбасымды ешкім асырамайды" дейді.

Сонымен қатар, әскерде суицид, өлім көбейіп кетті. Оны естіп алған ата-ана, оны естіп алған шақырылушылар қорқады ғой. Қазіргі жастар соның бәрін көріп алады, естіп алады. Әскерге барып келгендер не дейді? "Барып алты ай таяқ жеп келдім", "ұрып келдім" дейді. Оны естіген соң, кім барғысы келеді?! Осыдан әскерге барғысы келмейтіндер көп. Бірақ өз еркімен кетіп жатқандар да аз емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG