Accessibility links

"Тәуелсіз сайттарды оқуды сатқындық жасауға балады". Түркіменстанда VPN-мен күрес күшейді


Ашғабатта смартфон қарап отырған адамдар. 2024 жыл.
Ашғабатта смартфон қарап отырған адамдар. 2024 жыл.

Түркіменстанда ұялы телефондарды сату және жөндеумен айналысатын кәсіпкерлер мен шеберлерді ұлттық қауіпсіздік министрлігінің киберқауіпсіздік департаменті жасаған VPN жүйелері мен серверлерін сатуға мәжбүрлеп жатыр. Ол жақта сонымен бірге осы технологияны қолданатындарды, әсіресе әйелдерді қудалау күшейген. Оларды жаппай тергеп жатыр. Кемінде бір әйел қамауға алынған.

Түркіменстанның Лебап уәлаятында ұлттық қауіпсіздік министрлігіне қарасты (ҰҚМ) киберқауіпсіздік департаментінің қызметкерлері смартфон сататындар мен жөндеушілерді осы департамент жасаған VPN жүйелері мен серверлерін сатуға мәжбүрлеп жатыр.

"Жергілікті қауіпсіздік қызметінің, комитеттің қызметкерлері келіп, киберқауіпсіздік департаментінің серверлерінде жасалған VPN-ді сатуды талап етті. Яғни, бізден өздері жасаған VPN-ді азаматтардың телефондарына орнатуды тапсырды", - деді аты-жөнін атамаған Лебапта смартфон сатумен айналысатын кәсіпкерлердің бірі.

Оның айтуынша, мұндай талап тамыз айының басында айтыла бастаған. Оны орындаудан бас тартқандарға ірі көлемде айыппұл саламыз деп қорқытады.

«Осы ескертулердің кесірінен Түркменабат пен Фарабта VPN-ді сату бойынша мәжбүрлеу науқаны басталды», - деді Лебаптағы IT маманы Азаттықтың Түркімен қызметіне.

Лебаптағы IT маманының айтуынша, ҰҚМ нарыққа өзінің VPN-ін шығару арқылы "бір оқпен екі қоянды атқысы келеді": қосымша ақша тауып және интернетке де бақылауды күшейткісі келеді.

"Мәселен, бізді әртүрлі VPN және қосымшаларға арналған серверлерді 800-1000 манатқа сатуға мәжбүрлеп жатыр. Бұл серверлер ешқашан өшпейді, тұрақты істейді. Сонымен қатар, олар арқылы үшінші тараптың арзан VPN желілері тез анықталып, бұғатталып жатыр", - деді аты-жөнін атамаған маман.

Оның ойынша, ҰҚМ осылайша VPN нарығындағы бәсекелестерін де шетке ысырмақшы.

Жыл басынан бері тұрғындар VPN орнатып алуды ұсынған SMS-хабарламаларды жиі алып жатыр. Мұндай хабарламаларға жергілікті тұрғындар үреймен қарайды, билік тыйым салынған басылымдар мен сайттарды оқитындарды анықтау үшін осындай хаттарды қасақана жіберуі мүмкін деп санайды.

Бұған қоса, кейінгі айларда Instagram және TikTok желілерінде түрлерін көрсетпей, "тегін VPN" ұсынған пайдаланушылардың аккаунттары пайда болды. Олар түркімен тілінде сөйлейді. Азаматтар мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарайды.

"ӘДЕПСІЗ СУРЕТТЕР"

Ал елдің солтүстігінде Дашогуз провинциясының Көне Үргеніш ауданында ҰҚМ-ның VPN-мен күрес шаралары басқаша сипат алды. Жаңа науқан әйелдерге қарсы бағытталған.

Ақпаратқа қарағанда, бұл аймақта елде тыйым салынған әлеуметтік желілерге кіріп, тәуелсіз веб-сайттарды оқитын VPN қолданушы әйелдер жаппай тергеуге шақырылып жатыр.

"Соңғы күндері жергілікті ҰҚМ департаментінің қызметкерлері қылмыстық іздестіру бөлімінің полицейлерімен бірге аудандағы барлық орта мектептер мен мекемелерді аралап жүр. Олар аяқ астынан кабинеттер мен сыныптарға кіріп, қыздардың ұялы телефондарын тексереді" дейді аты-жөнін жасырғысы келген Көне Үргеніш тұрғыны.

Смартфонына қарап кетіп бара жатқан әйел. Ашғабат, шілде 2022 жыл.
Смартфонына қарап кетіп бара жатқан әйел. Ашғабат, шілде 2022 жыл.

Осындай тексерулерге тап болған бірнеше қыздың айтуынша, VPN бар екені анықталған оқушылар полицияға жеткізіледі.

- ҰҚМ-да бөтен адамдардың көрсетіп "Сіз бұл адамдарды танисыз ба? Олар интернетте VPN сатады. Сіз олардан VPN сатып алдыңыз ба? Мемлекеттің жауларымен және шетелдік сайттармен байланыстыңыз ба?" деп сұрайды, - деді жақында тергеуде болған аты-жөнін атамауды сұраған жергілікті TikTok қолданушысы.

Ол полиция бөлімінде бірнеше қызды көргенін айтты. Олардың кейбіріне қауіпсіздік қызметкерлері қатты қоқан-лоқы жасап, қорқытқан.

Полициядағы дереккөздер осындай шаралар аясында Көне Үргеніште бір TikTok қолданушысы 15 тәулікке қамалғанын айтты.

«Оны әлеуметтік желіде «әдепсіз» фотосуреттерді жариялап, «үкіметке қарсы» сайттарды оқығаны үшін кінәлі деп таныды», - деді дереккөз.

Азаттықтың Түркімен қызметінде ол әйелдің аты-жөні және TikTok-тағы никнеймі де бар. Алайда қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін жарияламайды.

АЙЫППҰЛ МЕН ЕСКЕРТУЛЕР

Балалары TikTok қолданатын отбасылар да қысымға ұшырады. Олардың ата-аналары айыппұл төлеуге мәжбүр.

«№1, №3 және №10 мектептердің жоғары сынып оқушыларының барлығының-дерлік ата-аналары 500 манат айыппұл төледі», - дейді аты-жөнін атамауды өтінген білім беру жүйесінің қызметкері.

Азаттық бұл хабарға қатысты жергілікті полиция мен білім бөлімдерінен түсініктеме ала алмады. Сонымен бірге әсіресе қыздардың қудалауға көбіреу ұшырау себебін анықтау да мүмкін болмады.

Ал аймақта VPN желілерін жабу жалғасып жатыр. Қазір ол жақта жұмыс істейтін желілер қалмады десе де болады, дейді жергілікті тұрғындар.

"Интернет жылдамдығы да төмендеді. 4G құдды 2G сияқты жұмыс істейді", - дейді Көне Үргеніш тұрғыны.

Одан бөлек, білім саласының шенеуніктері аймақтағы мектептерде ұялы телефонды пайдалануға тыйым салуды тағы да күшейткен.

Тұрғындар арасында, оның ішінде мектеп оқушылары арасында да тәрбие жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күн сайын мекемелер мен мектептердегі жиналыстарда тәуелсіз интернет-басылымдарды оқу «үкіметке сатқындық жасаумен пара-пар» екенін еске салады.

«Кейбір жиналыстарда «Азаттық» радиосы мен TurkmenNews сайттарын оқығандар екі жылға бас бостандығынан айырылады деп қоқан-лоқы жасады», - деді жергілікті бюджет қызметкері.

Әлемдегі ең жабық және репрессивті елдердің бірі Түркіменстанда интернет ондаған жылдар бойы қатаң бақылауда болды.

VPN-сіз қолданушылар мысалы, халықаралық жаңалықтар сайттары, соның ішінде «Азаттық» радиосы, танымал әлеуметтік желілер — Instagram, TikTok және YouTube-ті аша алмайды.

XS
SM
MD
LG