Accessibility links

Ақтау маңында жолаушы ұшағы құлаған жерде жүрген құтқарушылар. Маңғыстау облысы, 25 желтоқсан, 2024 жыл.
Ақтау маңында жолаушы ұшағы құлаған жерде жүрген құтқарушылар. Маңғыстау облысы, 25 желтоқсан, 2024 жыл.

Ұшақ апаты: 38 адам қаза тапты. 29 жолаушы ауруханаға түскен

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының маңына жолаушы ұшағы құлады. Ресми дерекке сай, Бакуден Грозныйға бара жатқан ұшақта барлығы 67 адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Грозныйда тұман болғандықтан ұшақ әуелі Махачқалаға, кейін Ақтауға қонбақшы болған.

15:56 25.12.2024

Кейінгі мәлімет бойынша, 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңына құлаған Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer E-190 жолаушы ұшағында болған 32 адам тірі қалған. Әзербайжан бас прокуратурасының өкілі Кенан Зейналов сәрсенбі күні баспасөз жиыны кезінде осылай деп мәлімдеді.

"Оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр", – деген Зейналов мәлімет жаңарып отырғанын айтты.

Бұған дейін Ақтаудағы ауруханаларға ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адам жеткізілген деген ақпарат жарияланған еді.

Маңғыстау облысының көпбейінді ауруханасына 27 адам түскен. 11 адамның жағдайы ауыр, олар жансақтау бөліміне жатқызылды деп хабарлады Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Облыстық балалар ауруханасына түскен 11 және 16 жастағы 2 қыз баланы операцияға дайындап жатыр. 11 жастағы баланың миы шайқалған, жамбас сүйегі сынып, денесінің бірнеше жері көгеріп қалған.

16 жастағы қыз баланың да миы шайқалған, аяғы сынған, 1-2-дәрежелі травматикалық шок алған.

Маңғыстау облыстық ауруханасы
Маңғыстау облыстық ауруханасы
16:19 25.12.2024

ТЖМ: Маңғыстаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адам ауруханаға түсті

Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines компаниясының Embraer E-190 жолаушы ұшағында болған 29 адам ауруханаға жатқызылды, екеуі – бала деп мәлімдеді Қазақстанның төтенше жағдай қызметінің өкілі сәрсенбі күні түстен кейін. Ол ұшақ құлаған жерде құтқару жұмысы жалғасып жатыр деді.

Министрлік ұшақ апатында қаза болғандар мен зардап шеккендердің тізімі анықталып жатқанын айтты. Ақтауға Әзербайжанның төтенше жағдай министрі Кәмаладдин Гейдаров ұшып келген.

Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, ауруханаға түскен адамдар арасында Әзербайжанның – 14, Ресейдің – 10, Қырғызстанның екі азаматы және қай елдің азаматы екені белгісіз үш адам бар. Олардың бірі Германияда тұрады делінген.

Бұған дейін тараған ақпаратта, Ақтау маңына құлаған ұшақта Қазақстанның 6 азаматы болған деген дерек айтылған.

16:39 25.12.2024

Қазақстанның төтенше жағдай министрлігі Azerbaijan Airlines компаниясының жолаушы ұшағы құлаған Маңғыстау облысындағы жерден түсірілген суреттерді жариялады.

18:21 25.12.2024

Азаттық Ақтау маңындағы ұшақ апатының куәгерімен сөйлесті. Эльмира әріптестерімен автобуста келе жатқанда әуеден құлаған ұшақтың жарылғанын көріп, бірден сол жаққа бұрылып, алты-жеті кісі апат орнына жүгіргенін айтып берді.

"Жасөспірім қыздарды алып шықтым, анамды құтқарыңызшы деп жылады", – деді Эльмира. Ол ұшақ құлаған маңда бір сағаттай болып, адамдарға көмектескен.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG