Трамп не деді?
Ақ үй жетекшісі хаттар көшірмесін өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялады. Мазмұны ұқсас болғанымен, шарттары әртүрлі хаттардың бірі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бағытталған:
«Өкінішке қарай біздің [сауда] қатынасымыз өзара тең болған жоқ. Сондықтан 2025 жылғы 1 тамыздан бастап АҚШ Қазақстаннан келетін барлық тауарларға 25% көлемінде тариф енгізеді. Бұл бөлек секторлық тарифтерден тыс. Егер қандай да бір тауарлар басқа ел арқылы жеткізіліп, бұл тарифтен айналып өтуге тырысса, оларға да жоғары тариф салынады.
Қандай да бір себеппен сіз тарифті өсіремін деп шешсеңіз, онда ол пайыздық өсім біз енгізіп отырған 25% тарифке қосылады. Егер сіз АҚШ үшін әлі де жабық нарықтарыңызды ашып, тарифтер мен тарифтік емес тосқауылдарды алып тастасаңыз, біз осы хатта көрсетілген тарифтерді қайта қарастыруды ойластыруымыз мүмкін. Бұл тарифтер екі ел арасындағы қатынасқа байланысты өсуі не кемуі мүмкін» делінген.
Хатта Трамп Америка Құрама Штаттары Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастыруға ниетті деп жазған. Бұл тізімгеОрталық Азиядан жалғыз Қазақстан енген. Жаңа тариф бойынша, бұдан былай Қазақстан бір тауарды АҚШ-қа 100 мың теңгеге сатса, одан 25 мың салық төлеуге міндетті деген сөз.
Қазақстан реакциясы қандай?
Ақ үй жетекшісінің хатына Ақорда әзірге реакция білдірген жоқ. Бірақ Трамптың баж салығын арттыру туралы мәлімдемесіне байланысты Қазақстан сауда және интеграция министрлігі ресми хабарлама таратты. Мекеме Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын өнімдердің басым бөлігі, мәселен, мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, тантал және титан сияқты шикізаттарға жаңа тариф салынбайды деді. Министрлік дерегінше, шешім күшіне енген жағдайда АҚШ-қа экспорттың 4,5-5 пайызына ғана қосымша баж төленеді.
«Қабылданған шаралар Қазақстан экспортының шамамен 95 пайызына әсер етпейді деп күтіліп отыр.Қазақстандық тауарларға болжамды сауда режимін сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының үкіметі АҚШ әкімшілігіне өзара сауда шарттарын жақсарту жөніндегі нақты шаралар мен бастамаларды жолдады. Қазақстанның мақсаты — нарыққа қол жеткізу және сауда шарттары мәселелері бойынша келісілген шешімдер қабылдау. Қазіргі уақытта Америка тарабы Қазақстан ұсыныстарын қарастырып жатыр және келіссөздерді өткізу күні туралы хабарлайды» дедіСауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова Азаттыққа.
Қазақстан АҚШ-қа не экспорттайды?
АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-саттық жыл сайын өсіп келеді. 2024 жылы Қазақстаннан АҚШ-қа құны 2 миллиард долларға жуық тауар жіберілген. Бұл Қазақстаннан басқа шет елдерге жіберілген барлық тауардың 2,4 пайызына ғана тең.
Қазақстаннан АҚШ-қа жіберілетін тауардың басым бөлігі – шикізат. Жіберілетін негізгі 12 тауардың 9-ы – АҚШ экономикасы үшін маңызды стартегиялық зат. Сол үшін олар Трамп айтқан 25% баж салығынан босатылады немесе белгілі бір жеңілдіктер жасалады.
Қай тауарға қанша жеңілдік жасалатынын Ақ үй әлі хабарламады. Ақпаратқа қарағанда мына үш тауар жеңілдікке ілінбейді. Оларға 25% тариф жүруі мүмкін. Дегенмен әзірге қай тауар қай тізімге енетіні туралы ресми ақпарат жоқ.
АҚШ Сауда министрлігі дерегінше, былтыр Қазақстан Америка Құрама Штаттарына құны 2,3 млрд доллар тұратын тауар экспорттаған. Бұл Қазақстанның ресми статистикасындағы көлемнен 300 млн доллар артық.
Ал АҚШ-тан Қазақстанға негізінен жеңіл көлік, дәрі-дәрмек, медициналық қондырғылар, ет пен тауық еті, қара металдан жасалған бұйымдар, электр құрылғылары, трамвай мен темір жол тетіктері, көлік бөлшектері әкелінеді. Екі жақты сауда үлесін есепке алғанда АҚШ Қазақстанның негізгі сауда серіктестері қатарына кірмейді.
Әсері қандай болмақ?
Вашингтон енгізетін жаңа тариф саясаты АҚШ-Қазақстан сауда-саттық қатынасына қалай әсер етуі мүмкін, ал айтарлықтай ықпалы болмаса, бұл шешімнің астарында не тұр?
Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, жаңа тарифтер Қазақстанның сыртқы саудасына бәлендей әсер ете қоймайды, оның себебі – экспорттың көбі АҚШ-тың өзіне қажет шикізат. АҚШ билігі «[өз тауарларыңа] тарифті өздерің көтерейін деп жатсаңдар біз сіздерге тарифті одан әрі өсіреміз» деген ескертуге ұқсайды дейді сарапшы.
Махмұтованың айтуынша, Трамп әкімшілігінің қазіргі ұстаным отырған саясаты – өндіріс орындарын Американың өзіне көшіру. Қазақстан да сол үлкен саясаттың ілмегіне ілініп тұрған тәрізді. Ал «шикізат өндірісін, мұнай мен уран өндіруді АҚШ-қа көшіру мүмкін емес. Сондықтан бұл – біздің үкімет пен АҚШ арасында келіссөз бастап, шешілуі керек мәселе деп ойлаймын» дейді Махмұтова.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына бәлендей әсер етпейді дейді. Оның болжауынша, «Қазақстан үкіметі әліптің артын бағатын сияқты және қарымта шара қолданбауы да мүмкін».
Ал экономист Ернар Серік АҚШ-тың жаңа тарифтері Қазақстан экспортының көбін айналып өтеді деп сеніммен айтуға ерте дейді. Оның болжауынша, АҚШ үкіметі алдыңғы мәлімдемелеріндегідей шешімдерін өзгертіп, тариф енгізілмейтін тауарлар тізімін жаңартып отырады. Сондықтан 25 пайыз тариф енгізілмейтін тауарлардың жаңа тізімін күту керек.
Дегенмен, жаңа баж салығы енгізіледі деген 5-10 пайыз тауардың өзі Қазақстандағы кейбір өндіріс салаларына ауыр әсер етуі де ғажап емес дейді ол.
«Сол 5-10 пайыз ішінде біздің қарапайым кен орындары, онда жұмыс істейтін азаматтарымыз бар, олардың жағдайын кім ойлайды? Олардың басты нарығы АҚШ болса, ертең жұмысынан айырылады немесе жалақысы төмендейді» дейді Ернар Серік.
Сарапшының тағы бір қаупі – шикізаттан басқа экспорт түрлеріне 25 пайыз баж салығы бекіп кетсе, өңделген өз тауарларымызды АҚШ нарығына шығару қиындап кетуі мүмкін. Оның айтуынша, өңделген ауылшаруашылық тауарларын Америкаға сату тиімсіз болып қалады.
Ернар Серіктің айтуынша, Трамп билікке келе сала бүкіл әлем елдерінен келетін тауарларға баж салығын енгізетінін жариялағаннан бері Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасында келіссөз жүрді, Қазақстан делегациясы Вашингтонға барды, екіжақты келіссөздер жүріп жатыр. Соның нәтижесі қалай болды деген сұрақ туындайды.
«АҚШ тарифті бұлай біржақты көтере беретін болса, ертең әсері жақсы болады деп ойламаймын» дейді сарапшы.
Дональд Трамп әкімшілігі жиыны 14 елдің басшысына осындай хат жолдаған. Ресми ақпаратқа қарағанда, ең жоғары баж салығы – 40 пайыз деп бекітілген, ол Оңтүстік Азияда Лаос пен Мьянмаға салынбақ. Одан кейінгі меже – 36 пайыз. Бұл көршілес Камбоджа мен Тайландқа енгізілмек. Бангладеш пен Сербияға – 35 пайыз, Индонезияға 32 пайыз, Оңтүстік Африка Республикасы, Босния мен Герцеговинаға – 30 пайыз, Жапония, Оңтүстік Корея, Қазақстан, Малайзия мен Туниске 25% мөлшерінде тариф белгіленген.
ПІКІРЛЕР