7 сәуір күні "бүгін түнде тұтас өркениет жойылады" деген АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желідегі кейінгі жазбасында Тегераннан 10 тармақтан тұратын ұсыныс түскенін мәлімдеп, оны "келіссөз бастауға болатын негіз" деп атады.
Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусына жақын деген Tasnim ақпарат агенттігі қос тараптың "арнайы шартпен" бітім жасасқанын растады.
"Олар бүгін түнде Иранға бағытталған жойқын күшті тоқтата тұруымды сұрады. Иран ислам республикасы Ормуз бұғазын ТОЛЫҚ, ДЕРЕУ және ҚАУІПСІЗ түрде ашуға келіссе, мен де Иранға шабуылдау мен бомбалауды екі апталық мерзімге тоқтатуға келісемін" деп жазды Трамп.
Трамп Иран ұсынысындағы тармақтар туралы нақты ақпарат айтпады, бірақ келісім Тегеранның Ормуз бұғазын ашуына байланысты деді. Әлемдік мұнай мен газ тасымалының 20 пайызы осы бұғаздан өтеді. Сарапшылар бітімнің орнықтылығы Тегеранға тәуелді болып отырғанын айтады.
"[АҚШ] президенті бітім Иранның бұғазды ашуына байланысты деген соң, қазір барлығы Иранға қарап отыр" деді Атлант кеңесінің штаттан тыс аға сарапшысы, әрі Пентагонның бұрынғы қызметкері Алекс Плитсас.
Әзірге бұл келісімге Израильдің қосылған-қосылмағаны белгісіз.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Арақчи бітімді растап, X желісінде Иранға шабуыл тоқтаса, Иран қарулы күштері қарымта соққыларын тоқтатады деп жазды. Тегеран АҚШ пен Израильдің бомбалауына жауап ретінде Вашингтонның Таяу Шығыстағы одақтас елдеріне соққы жасап келген.
"Ормуз бұғазындағы қауіпсіз қатынау екі апталық мерзімге ашылады. Бұл Иран қарулы күштерімен келісу арқылы және техникалық шектеулердің ескере отырып іске асырылады" деді ол.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан араағайындығымен жасалған бітім келісімін құптайды. Бұл туралы оның баспасөз қызметі хабарлады.
"Бұл келісім АҚШ президенті Дональд Трамптың және Иранның жоғарғы басшылығының, сондай-ақ әскери қақтығысқа қатысқан елдердің ізгі ниеті мен парасаттылығының арқасында мүмкін болды" деп келтірді президент сөзін оның баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Қазақстан президенті бұл бітім келісімі "ұзақмерзімді сипатқа ие болатынына үмітті".
Трамп бітім келісімін жариялардың алдында Иранға сес көрсетіп, АҚШ ондағы электр станциялары мен көпірлерді нысанаға алатынын айтқан. Бітім алдында сондай-ақ АҚШ пен Израиль Ирандағы көптеген нысанға шабуылдаған. Соның ішінде стратегиялық маңызы бар Харк аралындағы инфрақұрылым нысандары болды.
Трамп әкімшілігіндегі лауазымды тұлғалар бітімді "жеңіс" деп атап жатыр. Ал "Ядролық Иранға қарсы біріккендер" (United Against Nuclear Iran) дейтін америкалық үкіметтік емес ұйымның саясат жөніндегі директоры Джейсон Бродский келісімді АҚШ-тың "тактикалық үзілісі" деп сипаттады. Оның сөзінше, Вашингтон Иранның бітім шартын қаншалық ұстанатынын байқағысы келеді.
"Меніңше, Трампта жағдайды ушықтыру мүмкіндігі әлі де бар. Шабуылдау жоспарлары әзірленіп қойған. Бұл әскери қауіп әлі да бар" деді ол Азаттыққа қос тараптың да соққы жасауға дайын тұрғанын нақтылап.
"Ирандықтар Ормуз бұғазына қауіп төндіре алады. Демек, бітім орындалмаса, қос тарап та алдыңғы ұстанымына оралуға дайын".
Бітім жарияланардың алдында Трамптың Иран өркениетін жоятыны туралы мәлімдемелері бүкіл әлемде алаң тудырған. АҚШ-та туып-өскен Рим папасы XIV Лео "бұған көнуге мүлдем болмайды" десе, қалғандары азаматтық инфрақұрылымдарды атқыламауға шақырды.
Соғыс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жойқын соққы жасауынан басталды. Шабуыл салдарынан Иран жоғарғы рухани көсемі Әли Хаменеи мен бірқатар өзге жоғары лауазымды шенеунік қаза тапқан. Тегеран қарымта ретінде Ормуз бұғазын жауып, Вашингтонның Таяу Шығыстағы одақтастар елдеріне, ондағы АҚШ базалары мен өзге нысандарға соққы жасады. Осы күнге дейін қос тарап та мәмілеге келу ниетін байқатпай келді.
Иранның 10 тармақтан тұратын ұсынысының алдында АҚШ 15 тармақтан тұратын талап айтқан.
"Егер бітім сақталса, ол болашақтағы қақтығыстардың алдын алу жолына айналуы мүмкін. Бұл тұрғыдан алсақ, эскалация – тіпті эскалация қаупінің өзі – қазіргі де-эскалация үшін қажет болғанға ұқсайды" деді Трамптың бірінші мерзімінде Мемлекеттік департамент баспасөз хатшысының орынбасары болған, қазір Polaris National Security ұйымының басшысы қызметін атқаратын Кейл Браун.
АҚШ-тың демократ сенаторы Джинн Шахин (сенаттағы сыртқы істер жөніндегі комитеттің шенді мүшесі) атысты уақытша тоқтата тұру туралы келісімді құптайтынын, бірақ соғыстың осыған дейінгі салдары жайлы алаңдаушылық барын айтты. Соғыс басталғалы жанармай бағасы қымбаттап, әлемдік энергетика нарығында дағдарыс туды. Ал АҚШ 13 әскери қызметкерінен айырылды.
"Дипломатия – алға жылжудың жалғыз жолы. Енді одақтастарымызбен бірге бұл қақтығысты аяқтап, Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу үшін қарқынды дипломатиялық жұмыс қажет" деді Нью-Гэмпшир штатынан сайланған сенатор өз мәлімдемесінде.
АҚШ Иранға бітім жоспарын ұсынды. Құжат ресми түрде жарияланған жоқ, бірақ баспасөз құралдары жариялаған ақпаратқа қарағанда, ондағы шарттар Иранның ұстанымына қарама-қайшы.