АҚШ-тың түрлі президенті тұсында Таяу Шығыс бағытында дипломат болып қызмет еткен ардагер елші Джоуи Худ ақпанның аяғында басталған соғыстың алғашқы бес аптасынан АҚШ та, Иран да ауыр сабақ алғанын айтады.
Худ президент Дональд Трамптың бірінші мерзімінде мемлекеттік хатшының Таяу Шығыс жөніндегі көмекшісінің орынбасары болған. Ал оған дейін Ирак пен Кувейттегі дипломатиялық миссия басшысының орынбасары қызметін атқарған. Оның сөзінше, АҚШ қажет деп тапса, Иран басшыларының көзін жоя алатыны Тегеранға сабақ болған. Бұл Иранның алдағы қадамдарына ықпал етпек. Ал Иранның немесе мемлекеттік емес акторлардың Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын үлкен күш салмай тоқтата алатыны Вашингтонға сабақ болған. Бұғазды жабуға құны төмен дрондар, миналар, тіпті күш қолданамыз деп сес көрсетудің өзі жеткілікті екені байқалды.
Егер Иранның талабы деген хабарлар шындыққа жанасса, онда тараптар арасындағы алшақтық әлі сол күйінде қалып отыр дейді Худ. Оның сөзінше, "саяси сілкініс" болмайынша, жағдайдың ушығу қаупі қала бермек, өйткені қос тарап та қарсыласын шығынға батыра алатынына сенімді.
Сұхбат ықшамдалған күйінде ұсынылып отыр.
Азаттық: Бұл соғыс – АҚШ пен Иран арасындағы 1979 жылдан бергі текетірестің жаңа кезеңі. Одан екі ел қандай сабақ алып отыр және бұл АҚШ-ты қысқа және ұзақмерзімді стратегиясына қалай әсер етпек?
Джоуи Худ: Мұны 47 жылға ұласып отырған текетірестің жаңа кезеңі дегеніңіз дұрыс дер едім. Бұл текетірестің тарихы терең және ол дипломаттарымыздың 1979-1980 жылдары Тегеранда 444 күн бойы кепілде ұсталғанынан басталған және кейінірек мұның бірталай итерациясы болды. Оның ішінде 1980 жылдардың аяғындағы танкерлер соғысы; Ирак, Сирия және Ливандағы Иран қолдауына ие қарулы топтардың АҚШ күштері мен дипломаттарына жасаған көптеген шабуылдары бар.
Тараптар соғыстан не үйренді дегенге келсек, АҚШ Ирандағы кез келген басшыны кез келген уақытта өлтіре алатынына Тегеранның көзі жетті. Демек, Иранда билік басына шыққан кез келген басшы мұны келіссөз жүргізу кезінде ескеруге мәжбүр болады. Олар АҚШ қызыл сызықтарын қатты бұзса, қаза тапқандар қатарына қосылуы мүмкін екенін түсінді.
Ал АҚШ болса, Иран немесе кез келген өзге актор арзан дрондар мен миналар, я болмаса жай ғана соны қолданатынын айтып сес көрсету арқылы Ормуз бұғазына бақылау орната алатынын анықтады. Бұғазды жабу үшін үлкен флот немесе терең миналанған аумақ қажет болмай шықты. Бар болғаны сақтандыру компанияларын үркіту жетіп жатыр: кемелер қозғалысты тоқтатады. Өйткені сақтандыру тым қымбат, қолжетімсіз болып қалады немесе тасымалдау компаниялардың өзі тәуекел етпейміз деуі мүмкін.
Бұл тіпті Вашингтонның да, Тегеранның бақылауында емес. Қос тарап та: "Жарайды, атысты тоқтатуға келістік, кемелер жүзе берсе болады" дей алады. Бірақ сақтандыру компаниялары мен тасымалдау компаниялары келіспесе, кемелер қозғалмайды. Әзірге бұғаздан өтуге дайын тұрған кемелер көп емес.
Азаттық: Джорд Буштан бастап түрлі президент тұсында қызмет еттіңіз. Бұған дейін Иран басшылығының құрылымы салыстырмалы түрде тұрақты болып келді. Ал қазір АҚШ ондағы жоғарғы басшыны өлтіре алатынын көрсете отыр. Бұл Ирандағы шешім қабылдаушыларға қалай әсер етіп жатыр?
Худ: Олар келіссөз арқылы шешім келмесе, арты жағдайдың ушығуына немесе қарулы қақтығыстың жандануына әкеліп, одан тірі шықпайтынын түсінуі қажет. Олар оны түсініп те отыр дегенге сенімдімін.
Яғни, бұл оларды ұстамдырақ болуға, бәлкім жедел әрекетке итермелеп отырған болуы мүмкін. Өйткені бұған дейінгі тәжірибеден байқағанымыз, олармен қандай да бір шешімге келу көптеген айларға, тіпті жылдарға ұласатын. 1979-1980 жылдарға оралар болсақ, ол кезде кепілге алынған дипломаттарды алжирліктер көмегімен босаттық және оған көптеген ай кетті. 2015 жылғы ядролық келісім бірталай жылдың нәтижесінде жасалды.
Меніңше, президент Трамптың әскери шабуылды бастағанына түрткі болған себептердің бірі де осы. Өйткені ол иранды келіссөзге құлықты дегенге сенбеді.
КЕЛІСПЕУШІЛІКТІ ЖОЮ ҚАНШАЛЫҚ ҚИЫН?
Азаттық: Иранның талабы деген ақпарат шындыққа жанасса, тараптар арасындағы алшақтық сол күйі қалып отыр дедіңіз. Негізгі алшақтық неде және өзіңіз айтқан "саяси сілкініссіз" қалай шешуге болады?
Худ: Алдыңғы сұрағыңызға оралсам. Меніңше, АҚШ Ормуз бұғазындағы коммерциялық кеме қатынасын ашық ұстау үшін ойлау тәсілін де, жоспарлау тәсілін де бейімдеуі керек. Бұған жаңа технология, Парсы шығанағындағы кей елдермен жаңа одақтастық қажет болады. Егер Тегеран ұстанымы мен стратегиясын өзгертпесе, тіпті жаңа қақтығыс та керек болуы ықтимал.
Қазір қос тараптың қалап отырғаны не? Екі жақ та Таяу Шығыста үстем күш болғысы келеді, ал бұл мақсатқа екеуі бірдей қол жеткізе алмайды.
Сол себепті екі жақтың бірінде саяси сілкініс болмай, олардың стратегиялық мақсаттарын қанағаттандыратын шешім табу қиын. Сондықтан бұл уақытша бітімге немесе 47 жылға ұласқан текетірес осымен аяқталады дегенге сенім аз.
АҚШ осы аймақтағы үстемдігін қабылдау үшін Тегеран өз идеологиясын өзгерту керек. Ал олардың қазіргі идеологиясы – АҚШ пен Батысқа қарсы тұру. Олар бұл идеологияны Ливан, Сирия, Ирак және Йемен сияқты елдерге таратқанын көріп отырмыз.
Иранның гүлденген әрі тұрақты бірде-бір досы, серіктесі немесе одақтасы жоқ. Олар қарулы топтарға сүйенеді. Ал бұл топтар Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдерде АҚШ қауіпсіздік шатыры аясында қалыптасқан экономикалық даму мен тұрақтылыққа қарсы тұруды көздейді.
ТЕГЕРАНДАҒЫ БИЛІК ТЕПЕ-ТЕҢДІГІ
Азаттық: Осы айтқаныңызды және АҚШ шенеуніктерінің Иран басшылығын "жаңа режим" деп атаған кейінгі мәлімдемелерін ескерсек, Тегерандағы күштер тепе-теңдігін қаншалық дұрыс түсініп отырмыз? Бұл айырмашылық іс жүзінде қаншалық маңызды?
Худ: Біз ұжымдық деңгейде Иран жүйесі туралы көп нәрсені түсініп отырмыз. Бірақ ол ұжымдық түсінік міндетті түрде Трампқа жетіп жатыр деп айту қиын. Қазір оған кеңес беретін адам саны аз. Азаматтық, әскери және дипломатиялық институттардан көптеген тәжірибелі қызметкерлер қуылды, зейнетке шықты немесе өзге себеппен кетті. Сондықтан ең дұрыс талдаулар мен ұсыныстар шешім қабылдайтын ең маңызды адамға жетпей жатыр деп ойлаймын.
Оның Ирандағы режим өзгерді деп айтып отырғаны – техникалық тұрғыда дұрыс-ақ. Өйткені АҚШ пен Израиль елдегі басшылықтың едәуір бөлігін жойды. Олардың орнына басқа адамдар келді. Бірақ идеология өзгерді ме? Мақсаттар өзгерді ме? Оған бірде-бір дәлел көріп отырған жоқпын.
Режим әлі де АҚШ пен Батысқа қарсы тұруды, өз революциясын өзге елдерге таратуды көздейді. Бұл менің сөзім емес, солардың сөзі. Бұл – аймақтағы тыныштыққа бастамайды.
Сол себепті мен режимнің түбегейлі өзгергенін көріп отырған жоқпын. Жаңа басшылар келді және олардың осалдығы келіссөздерде оларды әлдеқайда сақ болуға итермелеуі мүмкін. Бірақ бар болғаны сол.
Азаттық: Сондай-ақ, жарияланған бітім келісімінің ауқымына не кіретіні де бұлыңғыр. Израильдің шабуылдары жалғасып жатыр, Бейрутте қандай да бір әрекеттер жасалып жатыр. Бұл бұлыңғырлықтың маңызы қандай және ол қазіргі бітімге қаншалық қауіп төндіреді?
Худ: Маңызы жоғары, өйткені бітімді бұзғысы келетін кез келген тарапқа: "Қарсы тарап бітім шартын бұзды, сол себепті мен шабуылдауды жалғастырамын" деп айтуға ілік береді.
Мұны Иранның өзі немесе Иран жүйесіндегі кейбір акторлар жасауы мүмкін. Бұл бұл жүйе біртұтас екеніне қаншалық сенімдіміз? Мысалы, Ислам революциясы сақшылары корпусы жаңа басшылықтың бұйрығын орындайтынына көзіміз жете ме? Мұны уақыт өте анықтаймыз.
Бітім келісімі жарияланса да, Парсы шығанағы елдеріне шабуылдар жасалғанын көрдік. Ал Израиль Ливан мәселесі бітім шартына кірмейді деді.
Израиль қанша жерден АҚШ-тың одақтасы болса да, ол егемен ел екенін, өздігінен шешім қабылдай алатынын қаперде ұстауымыз керек. Егер президент Трамп Израильден жария түрде Ливандағы операцияларын тоқтатуды талап етсе, бұл премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды өте қиын жағдайға қалдырады. Бірақ олай болмаса, Израиль көздегенін жүзеге асыруды жалғастыра бермек.
Азаттық: Сіз екі жақ та қарсы тарапты елеулі шығынға батыра алатынына сенімді болып отырғанын айттыңыз. Эскалацияны қайта басталуына не түрткі болуы мүмкін? Саясаткерлер жай қоқан-лоқы мен шынайы қауіпті қалай ажыратуға тиіс?
Худ: Ең әуелі, Иранның Парсы шығанағы елдеріне шабуылға мән берген жөн. Егер шабуыл саны мен қарқыны тоқтамаса, ешқандай бітім жоқ деген сөз.
Сондай-ақ, Иран Ормуз бұғазындағы кемелерге қауіп төндіруден тартынса, бірақ кеме қатынасы сонда да қалпына келмесе, Трамп мұны қалай қабылдайтынын болжау қиын.
Ирандағы ішкі динамикаға да назар аудару керек. Бірде-бір басшыда толық билік болмауы ықтимал. Егер билік ішіндегі фракциялар бір-бірімен келіспесе, бітім келісімінен бас тартатындары өз деңгейінде шабуылдарды қайта бастауы мүмкін. Мұны АҚШ қалай қабылдайды. Бұл жауабы өте күрделі сұрақ болмақ.