17 қарашада Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында бұрынғы мешіт ғимаратында газ жарылып, үш адам қаза болды. 16 адам қалалық ауруханаға әкетілген. Төтенше оқиға ғимаратта ас беріп жатқан кезде болған.
Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдай департаментіне сүйенген жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
Облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, құтқарушылар алты газ баллонын алып шыққан, барлығы жеті баллон болған.
Төтенше оқиғаның салдарынан 1978 жылғы ер адам, 1983 жылғы әйел адам, 2012 жылғы бала қаза болған.
“Қазіргі кезде құтқарушылар үйіндіні аршып жатыр. Оқиға орнында облыстық төтенше жағдай департаментінен жеке құрамнан 30-ға жуық адам, 5 техника, сондай-ақ жедел-құтқару жасағы, апаттар медициналық орталығы, оның ішінде психологтар, қаланың кинологиялық қызметі істеп жатыр. [Жарылыстың] себебін анықтау үшін зерттеу-сынамалық өрт сөндіру зертханасы тағайындалды ” деп хабарлады ТЖД.
Ақмола облыстық төтенше жағдай департаментінің жанында жедел штаб жұмыс істеп жатқаны хабарланды.
ПІКІРЛЕР