Accessibility links

«Хиджабқа өкпелеп жүргенде, ниқаб шықты»


Ниқабты бұрқа киген тәжік әйелдер. Душанбе, 20 қаңтар 2010 ж.
Ниқабты бұрқа киген тәжік әйелдер. Душанбе, 20 қаңтар 2010 ж.

Тәжікстанның билік органдары әйел адамдардың қоғамдық орындарда хиджаб киюіне тыйым салғаннан бері бет-ауызын тұмшалағандардың саны керісінше өсе түсті. Душанбенің көшелерінде шашын көрсетпей хиджаб киіп жүретіндер тек екі көзін ашық қалдырып, қара ниқабқа оранғандармен салыстырғанда айналайын болып қалғанға ұқсайды.


«НИНДЗЬЯ» ДЕГЕН САЙЫН ИМАНЫМ КҮШЕЙЕ ТҮСЕДІ...

Он сегіз жасар тәжік қызы Фатиманың ниқаб киіп жүргеніне бір жыл болып қалыпты. Басынан өкшесіне дейін төгілдіре киген кең бүркемесі қос жанары мен қолдарының басынан өзге дене мүшелерін түгел жауып тұр. Толық аты-жөнін айтқысы келмеген Душанбе тұрғыны Ислам туралы «біраз оқып білген» соң осылайша киіну оның діни сеніміне лайық бірден-бір жол деп қорытынды жасаған.

- Көшедегі жұрт маған аңтарыла қарайды. Кейбірі «ниндзья» деп келемеждейді. Бірақ, мен оған мән бермеймін. Мұндай мазақ сөздер менің иманымды күшейте түседі, - дейді Фатима.

Хиджаб киген тәжік қыздар. Душанбе, 2009 ж.


Соңғы бір жылдың ішінде ниқаб кие бастаған жас тәжік әйелдердің саны күрт артқан. Бұлардың көпшілігі – жиырманың ар жақ, бер жағындағы душанбелік жас қыздар.

Тәжікстанның құзырлы билік орындары 2007 жылы кейбір қоғамдық орындарда хиджаб киюге тыйым салған болатын. Шашпен бірге мойынды тұтас жауып тұратын хиджаб көзге қораш киім деген деген тұжырым жасалған. Тіпті, мемлекеттік ұйымдарда, көпшілік орындары мен үлкен дүкендерде тәжіктің дәстүрлі түрде орамал тарту үрдісіне де шектеу қойылған еді. Хиджаб кию – шетелден келген бөтен салт ретінде сипатталып, жаңа ережеге көнбеген көптеген мектеп оқушылары мен студенттер оқу орындарынан шығарылған.

ХИДЖАБПЕН ЖЫЛАП КӨРІСУ

Ходженд қаласындағы орта мектеп мұғалимасы Сурайо Нәбиева Тәжікстан билігінің қазір кешіп отырған екіұдай күйін бір сөйлеммен былай бейнеледі: «Бұрын хиджаб – шектен шыққан киім болып көрінетін. Ниқаб шыққасын хиджабпен жылап көрісетін жағдайға жеттік».

Бельгия мен Франциядағы билік өкілдерінің осы елдерде тұратын мұсылман әйелдердің бет-жүзін тұмшалап жүруіне заң тұрғысынан тыйым салуға тырысып жатуы жағдайдың қаншалықты дәрежеде ушығып кеткенін байқатады. Ал Тәжікстандағы заң орындары ниқабқа не шара қолданарын білмей дал болып отырғанда елдегі сарапшылар жабық киімге тыйым салу шетелдік діни топтардың ықпалын азайтпақ түгіл, одан сайын арттыра түсті дейді.

Тәжікстан халқының көпшілігі ниқабты араб мәдениетінің белгісі деп таниды және бұл әдет сунниттік бағыт пен ханафи мазһабын ұстанатын тәжіктердің болмысында жоқ жаңа үрдіс деп санайды. Тәжік әйелдер ешқашан бет-жүзін тұмшалап жүрмеген.

Ниқабқа көшкен тәжік әйелі


Тәжікстанның ресми Діни басқармасы елдегі жәмиғатты ұлттық дәстүрден ажырамауға, тәжіктің ұлттық киімінен бас тартпауға шақырды.

Бірақ, сарапшылардың айтуынша тәжік қоғамындағы алуан түрлі діни нанымдардың көбеюіне байланысты хиджаб пен ниқаб кигісі келетіндердің саны көбеймесе азаймай тұр. Өзге қауымнан бөле-жара қараған сайын бұлардың ханафи мазһабынан тыс шетелдік ағымдарға деген сұранысы одан сайын арта түспекші.

Жоғарыда мысал қып келтірген тәжік қызы Фатима ниқаб киген адам төңіректің мазағына жиі ұшырайтынын айтады. Оны кейбір адамдар «уаһһаби» деп те атайды екен. Бұл атауды Тәжікстанда діни экстремистерге қатысты кең қолданады.

ТЫЙЫМ САЛУ КОНСТИТУЦИЯҒА ҚАЙШЫ

Бахтиор Насруллоев – отбасы туралы заң мен әйелдердің құқығын зерттеуші заңгер. Ол тәжік мектептеріндегі орамал тағу мен хиджаб киюге тыйым салуға қарсы. Заңгер мұндай тыйымның зиянды жақтары бар екенін айтады.

- Бұл тыйым тәжік конституциясының екі бірдей бабына қайшы келіп тұр. Біріншіден, заңға сәйкес әрбір тәжік азаматы кез-келген дін ұстауға ерікті. Екіншіден, барлық тәжік азаматтарының білім алуға хақы бар. Бұл жас қыздарды хиджаб киді екен деп оқу орнынан шеттету – тәжік заңдарына қайшы әрекет.

Үш жыл бұрын білім министрлігі мектептерде хиджаб киюге тыйым салған кезде кейбір мамандар бұл шешімнен соң мұсылман әйелдер бұдан да жабық киім киюге көшуі мүмкін деген қауіп айтқан. Насруллоев болса бұл екі фактордың арасында қандай да бір байланыс бар деп ойламайды. Тыйым салудың жөнсіз екеніне ғана назар аударады.

Ниқаб киюге хақым бар деп тұрған бельгиялық мұсылман. Брюссель, 26 сәуір 2010 ж.


Соңғы екі-үш жыл ішінде мұсылман студент қыздар университет есігіне дейін хиджабпен келіп, табалдырықта орамалдарын шешіп алып жататын. Бұған көнбегендердің баршасы дерлік оқудан шығарылған. Көп ұзамай жабық киім киетін оқушылар мен студенттердің ата-аналары, діни консервативтік топтар мен Исламдық жаңғыру партиясы өре түрегеліп қарсы шықты. Олар Білім министрлігін азаматтардың құқығын шектеді деп айыптады. Оқудан шыққан студент қыздардың бірі министрлікті сотқа беріп көрді.

Әйткенмен, білім министрлігінің өкілдері былқ еткен жоқ. Тыйым салу әлі күшінде тұр. Төртінші курста оқып жүрген Тәжік Ұлттық университетінің студенті Ганджина Шарифова өткен апта оқудан шығып қалды.

- Мен күнделікті жаңа ережеге сәйкес университет ішінде орамалымды шешіп, шыға берісте қайта тағып жүргем. Бір күні деканымыз менің жатақханаға баратын жолда орамал тартып бара жатқанымды көріп қойды, - дейді ол.

МОЛДА МЕН БИБІ-МОЛДАНЫҢ КҮНІ ТУДЫ

Хиджаб пен ниқабты даттаушылар да, жақтаушылар да бір факторды мойындайды – тыйымға қарамастан жабық киім кию үрдісі күн санап кең жайылып барады.

Қазіргі исламдық ағымдардың ықпалы жас буынның арасында күшейіп келеді. Мешіт имамдары күнделікті кешкі намаздан қалмайтындардың дені жоғары мектеп оқушылары дейді. Мыңдаған жас тәжіктер оңайлатылған виза режимін пайдаланып шетелдік медреселерден оқып келіп жатыр.

Тәжік президенті Эмомоли Рахмон жаңа ашылған Хисор мешітінің имамдарымен бірге. 4 қыркүйек 2009 ж.

Осындай шетте оқып келген молдалар мен бибі-молдалар ең сыйлы адамдардың санатында. Жұрттың көбі балаларын молдалар мен бибі-молдалардан аптасына бір мәрте болсын оқытуға тырысады. Молдалар Құран оқытып қана қоймай, діни құндылықтарды дәстүрлі түсініктен бөлек тәпсірлейді. Әлбетте, мұндай тәпсір киім кию үлгісін де қамтиды.

Әзірше ниқаб кию үрдісі тек Душанбеге тән. Бірақ, ходжендтік мұғалима Нәбиева көп ұзамай өзге аймақтар да осы кепті киеді-ау деп мазасызданады.

- Ниқабты біртүрлі ұнатпаймын. Отбасымда да, достарымның арасында да бір де бір жан бүйтіп киінуді жөн көрмейді. Бірақ, бұл үрдіс күнделікті өмірдің қалыпты көрінісіне айналып кете ме деп қорқамын. Ешкім бұның жолына тосқауыл қоя алмайтын сияқты, - дейді мұғалима.

XS
SM
MD
LG