Accessibility links

Прагада 9 мамыр күні советтік азат етуші әскерлердің Ольшанкадағы зираты басында тағзым етілді


Прагада Жеңіс күнінің аталып өтуі, Совет солдаты есерткішіне тағзым. Прага, 9 мамыр, 2009 жыл.
Прагада Жеңіс күнінің аталып өтуі, Совет солдаты есерткішіне тағзым. Прага, 9 мамыр, 2009 жыл.

Еуропа совет жауынгерлерінің 1941-1945 жылдардағы, соның ішінде Праганы азат етіп құрбан болған қазақ қаһармандарының ерліктерін ұмытқан жоқ. 9 мамыр күні Ольшанка зиратындағы совет жауынгерлерінің ескірткішіне гүл шоқтары қойылды.

9 мамыр – екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні мерекесінде Прагада қаланы азат ету кезінде қаза тапқан совет жауынгерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанаты болып өтті.

ХХ ғасырдағы ең сұрапыл, ең қанкешті соғыста қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш Прага қаласындағы Ян Желивски көшесінің бойындағы Ольшанка зиратына қойылған.

Осыған дейін Азаттық радиосында айтылғандай, Ольшанка зиратында Праганы неміс фашистерінен азат ету кезінде қаза тапқан қаһарман қазақ азаматтары, соның ішінде Совет Одағының батыры Мәжит Жүнісов, қатардағы жауынгерлер Мұстафа Сапарбаев, Әжімов Жолдас, Абдулла Баев, Нұржанов Байжан, Талғат Зайнуллин сынды азаматтар жерленген.
1945 жылы 9 мамыр күні Прагада қаза тапқан қазақ батыры Мәжит Жүнісовтың басына қойылған ескерткіш тақта, 9мамыр,2009 жыл.


Ерекше назар аударатын маңызды мәселе: қазақ батырлары осыдан тура 64 жыл бұрын - 1945 жылдың 9 мамыр күні – екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіс күні мерт болған.

Биылғы мамырдың 9-ы күні таңертең Ольшанка зиратында чех армиясының құрметті қарауылы салтанатты сапқа тұрғызылып, чех қарулы күштерінің үрмелі аспаптар оркестрі соғыс жылдарындағы музыкаларды орындап жатты.

Совет жауынгерлерінің ескерткішіне Чехия Республикасының президенті, Чехия парламенті палаталарының төрағалары және, әрине, Прагадағы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина, Армения, Әзірбайжан сынды бұрынғы совет республикалардың - қазіргі тәуелсіз мемлекеттердің елшілері, сондай-ақ соғыс ардагерлері одағы мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары кезек-кезегімен гүл шоқтарын қойып, әр елдің мемлекеттік әнұрандары ойналды.

Азат етуші жауынгерлердің құрметіне аспанға үш рет оқ атылды.
Ольшанкада жерленген жауынгердің бірі - Мұстафа Сапарбаев. Прага, 9мамыр, 2009 жыл.


Гүл қою рәсімінің ізінше католик, православие шіркеулерінің өкілдері діни рәсім өткізсе, қазақ жауынгерлері жерленген зират басында елден келген қазақ ақсақал сұрапыл соғыста жат елде көз жұмған қаһармандардың аруақтарына бағыштап құран оқыды.

Совет Одағының келмеске кеткеніне 20 жылдай уақыт өтсе де, Еуропаны фашист басқыншыларынан азат ету үшін өмірлерін қиған совет жауынгерлерінің ерлігін бүгінгі азат Еуропа ұмытпай, олардың Прагадағы зираты мен ескерткішін осындай шынайы көңіл-күймен күтіп, жыл сайын 9 мамыр күнін атап өтеді.

Ал Қазақстанда Жеңістің 64 жылдығы қарсаңында келеңсіз оқиға орын алды. Астана қаласының Сарыарқа ауданына қарасты Көктал кентінде жергілікті билік бұрынғы Киров ауылынан майданға аттанып құрбан болған жауынгерлерге қойылған ескерткішті шынжыртабанды бульдозермен бұзып қиратты.

Көктал ақсақалдарының айтуынша, бұл ескерткішті жергілікті тұрғындар өз қаражатына тұрғызыпты. Қазір кентте екінші дүниежүзілік соғыстың жалғыз ғана ардагері қалған.

Биылғы мамырдың 9-ы күні Прагадағы Ольшанка зиратындағы совет жауынгерлерінің ескірткішіне қазақ елшісінің гүл қою рәсімінен түсірілген видео:

XS
SM
MD
LG