Accessibility links

Батысқа қашқан чекистер адамды азаптауға қатысқан-қатыспағандары туралы журналистер алдында ақталуда


Өзбекстан ҰҚҚ-нің бұрынғы майоры Икром Якубов «Азат Еуропа/Азаттық» Радиосының тілшісіне сұхбат беріп отыр. Стамбұл, 8 шілде 2008 жыл.
Өзбекстан ҰҚҚ-нің бұрынғы майоры Икром Якубов «Азат Еуропа/Азаттық» Радиосының тілшісіне сұхбат беріп отыр. Стамбұл, 8 шілде 2008 жыл.

Британдық Би-би-си корпорациясы Батысқа қашып келген өзбек КГБ-сының бұрынғы үлкен шенді офицері Икрам Якубов туралы фильм жасады. Фильмде көп жайттың бетін ашқан Якубов Өзбекстан чекистерінің адамды азаптайтыны туралы да әңгімелеген.

БАЛА КЕЗГІ АРМАННАН ӨЗ ЕЛІНЕН БАССАУҒАЛАП ҚАШҚАНҒА ДЕЙІН

Олар әр тараптан қашатын да, қашып та жатыр. Орталық Азия елдерінің мұндай құбылыстан сауы жоқ. Осы сықпыттағы соңғы көрініс өзбек жағынан қылаң берді.

Икрам Якубов бала кезінен қызыл жағалы болуды армандаған. Оның арманының нысанасы болған атасы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары өзбек ЧК-сының негізін қалаушылардың қатарында болған.

Якубовтың әкесі әке жолын қуып, КГБ-ның агенті болды. Икрамның да арманы орындалды десе болады, ол органда 10 жылдай жұмыс істеді. Еңбегін ескерусіз қалдырмай, оны Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі президенттік кеңестің құрамына енгізеді. Осы мәртебе оған президент Ислам Каримовқа қарай тура жол ашады.

Алайда, тағдырдың таттырар дәмі басқа боп шықты. Икрамға өз арманын басынан теуіп, КГБ-дан қашуға тура келді. Өзбекстаннан жыраққа қашуға мәжбүр болды. Осылайша ол Англиядан бір-ақ шықты. Былтыр күзде ол осы елден саяси баспана сұраған.

ӘЙГІЛІ ҚАШҚЫНДАР

ЧК-дан бастап, НКВД, МГБ, КГБ болып көптеген онжылдықтар ішінде атауы бірнеше рет өзгерген ұйымнан бас-аяғы қанша адамның қашқанын, бәлкім, әлдебіреу санаған да шығар. Мүмкін олардың санын ешкім білмейтін болар. Бірақ, соның маңызы бар ма, өзі?

Осы бір құпия қызметтің құрамынан қашқан адамдардың әрбірі үлкен дүрлігіс тудырды, себебі, қашқан жан бұл ұйымдағы құпиялардың пердесін ашып отырды.

Сталиннің тұсында бүкіл әлем бойынша чекист-қашқындардың соңына түсетін. Әдетте оларды тауып алып, шемішкеше шағатын. Чекистік жазадан құтылу – ілу де бір жанның ғана маңдайына бұйыратын бақыт еді.

Біздің заманымызда ол тәртіп біршама өзгеріске ұшырады. Бүгіндері ондай қашқындар туралы жазады. Олар сұхбат береді. Кейбіреулері әжептәуір әйгілі боп кеткен. Мәселен, сатқындық үшін шығарылған үкім әлі күшінде болса да, бұрынғы әскери барлаушы Виктор Суворов жазған бірнеше кітап, тіпті, Ресейдің өзінде жарық көруде. Оның шын аты-жөні Владимир Резун еді, ол 1970-інші жылдары қашқан.

Олег Гордиевский белгілі бір деңгейде танымалдыққа ие болды, ол да Англияға барып пана тапқан. Әдеттегідей бұл жандар не шпиондықпен, не қарсы барлаумен айналысқан. Бүгіндері Америкада тұратын генерал Олег Калугин де ССРО КГБ-сындағы қарсы барлау істеріне жауапты адам болған.

Қазақстандық ҰҚК-нің екі биік шенді жетекшісі: екеуі бірдей 2007 жылы Австриядан пана тапқан ҰҚК басшысының бұрынғы орынбасары, президенттің бір кездегі күйеу баласы Рахат Әлиев пен ҰҚК-нің бұрынғы шефі Әлнұр Мұсаевты назарға алмай кету әділетсіздік болар еді.

Қазақ агенттерінің Әлиев пен Мұсаевты отанына қайтару мақсатында мемлекеттік шенеуніктерді, партиялық қайраткерлерді, журналистерді және австриялық парламент депутаттарын сатып алуға әрекет қылғаны белгілі болған кезде Австрияда жанжал шықты. Венада дәл осы жанжал бойынша ресми тергеулер жүріп жатыр, жуық арада осы іс бойынша сот отырысы басталуға тиіс.

Сөйтіп жатқанда Әлиев пен Мұсаевтың ортасынан қара мысық жүгіріп өтті: бүгіндері олар бір-бірінің міншісіне айналған. Экс-генерал Мұсаев экс-генерал Әлиевке 2007 жылы жоғалған екі алматылық банкирдің жауапкершілігін артып қойды. Әлиев болса, мұны жоққа шығарып, Мұсаевты сатқындық жасады және Астанамен сепараттық ауыз жаласуға барды деп айыптады.

ӨЗБЕК ҚАШҚЫНЫНЫҢ МОЙЫНДАУЛАРЫ

Әбден соны қашқындардың бірі – өзбек КГБ-сының кешегі қызметкері 28 жасар Икрам Якубов бұл чекист-қашқындардың тізімінде ерекше тұлға болып тұр. Ол туралы фильмді британдық Би-би-си корпорациясы жасаған. Фильмнің жүргізушісі – әйгілі британдық журналист Питер Маршалл.

Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің кешегі майоры Икрам Якубовтың тағдыры басқаша, ол шпиондықпен де, қарсы шпиондықпен де айналыспаған. Ол өзінің құдыретті мекемесінің басшылығына да жатпайтын еді.

Өзінің куәлік келтіруі бойынша, ол өзбек КГБ-сындағы ең қарау істерді, ең лас тапсырмалар мен операцияларды орындаушы қатардағы қызметкер болған. Ондай операциялар өзбек азаматтарына, әсіресе елдегі режимнің қарсыластарына қарсы ел ішінде де, елден жырақта да жүргізілген. Қашқынның егжей-тегжейлі мойындаулары фильмнің негізіне айналған.

Якубов кәсіби даярлықтан Өзбекстанның өзінде өтіп, ары қарай Ресейдің бір түпкірінде КГБ-ның мектебінде жалғастырған. Оның өзі айтқандай, кәсіпқойлар оны адам өлтіруге машықтандырған. Ресейлік ФСБ инструкторлары кез келген тәсілмен – тапаншамен, пышақпен, жалаң қолмен кісі өлтіруді үйреткен.

Британдық журналист Питер Маршалл фильмнің тысында қалған мойындаулардың бір тұсын, яғни, Түркия аумағындағы өзбектің оппозициялық жетекшісін жою жөніндегі тапсырма жайында өзі әңгімелеген.

Фильмнің жүргізушісі бірнеше мәрте Якубовтан КГБ-ның қуғынына ұшыраған адамдарды азаптауға және өлтіруге тікелей қатысқан-қатыспағанын анықтауға талаптанады. Осы мақсаттағы әрбір сұраққа фильмнің бас кейіпкері үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап береді. Дей тұрғанмен, құрбандарды қорлауға куә болғанын мойындайды. Сол сұмдықтар әлі күнге дейін түнде түсіне кіріп, оған ұйқы бермейтін көрінеді.

Іс жүзінде Икрам Якубовтың барлық айғақтары өзінің мойындауларынан тұрады. Заттай және құжаттай дәлелдемелер фильмде зерттеудің негізгі пәні ретінде алынбаған. Тек Якубовтың ауызша мойындаулары мен бірнеше өзге қуаттаушылардың әңгімелерімен шектелген.

Бірте-бірте фильмде арнаулы мақсаттағы арнайы жасақтың ашықтан ашық демонстранттарды ұрып-соққанының көріністері пайда болады.

ҚАЙНАҚ СУ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ

Икрам Якубовтың көзқарасын фильмнің тағы бір қатысушысы – Ұлыбританияның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Крейг Мерри қуаттайды. Ол өзбектің КГБ-сының немен айналысатынын туралы өзіндегі ақпараттарға Якубовтың куәлік еткендері сәйкес келетінін айтады.

«Адамды азаптау, – дейді Крейг Мерри, – өзбектің күш құрылымдары үшін әдеттегі әдіс. Анда-санда орын алатын кездейсоқ жайт емес. Мыңдаған адам азапталып жатады».

Би-би-си телесұхбаты үзінділерінің бірінде Икрам Якубов өз басы талай рет куәгер болған кәдімгі қайнап тұрған ыстық сумен азаптау туралы жете әңгімелеген. Ол осы әдіспен талай адамның өлтірілгенін айтады.

Якубов қолайға келмеген адамдарды өлтіруге бұйрықты тікелей Өзбекстан президенті Ислам Каримовтан алып отырғанын бірнеше рет қайталап, діттей береді.

Якубовтың Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі президенттік кеңестің мүшесі болуы басты тапсырыс беруші мен тапсырыс орындаушының тікелей байланыста болуына мүмкіндік берген. Қайсыбір тұста Икрам Якубов өзін президент Каримовтың бағалағанын, тіпті сүйіспеншілікпен қарағанын айтып қалды.

ЯКУБОВ СЕКІЛДІЛЕР ТОЛЫП ЖАТЫР

Фильмде Икрам Якубовтан басқа өзбек КГБ-сының қызметі туралы айтатын тәуелсіз куәгерлер бар.

Қуғындағы өзбекстандық журналист Ғалима Бұхарбаева Якубов оқиғасының Өзбекстанда әдеттегі жағдай екенін айтады. Өзбектің КГБ-сының қатарында ең лас және қанды іспен айналысуға мәжбүр болған Якубов секілділер елде іс жүзінде көп-ақ, «сол себепті де Өзбекстанда бейбітшілік жоқ».

Фильмнің жүргізушісі Питер Маршалл Өзбекстан КГБ-сының Бүкілресейлік ЧК-ның көшірмесі ретінде совет өкіметі орнаған тұста пайда болғанын айтады. Нысаны жағынан да, мазмұны жағынан да.

Сондықтан Өзбекстандағы бұрынғы британдық елші Крейг Мерри өзбектің күш құрылымы қызметкерлерінің Икрам Якубовты тапқан күні өлтіретініне бек сенімді.

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).
XS
SM
MD
LG