Accessibility links

Қазақстан – кәсіпкерлікті қолдау жөнінен жетекші елдер санатында


Қазақстан-Ресей шекарасында қауын сатып тұрған бала. Павлодар облысы, 4 тамыз 2006 жыл. Көрнекі сурет
Қазақстан-Ресей шекарасында қауын сатып тұрған бала. Павлодар облысы, 4 тамыз 2006 жыл. Көрнекі сурет

Бұл туралы Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) мен Әлемдік банк тобының біріккен баяндамасында жарияланды. Баяндамаға сәйкес Қазақстан жаңа кәсіпорын құруға арналған заңдарды тиімді түрде жетілдіре білген.


Бұдан өзге жоғарыда аталған баяндамада Қазақстан үкіметінің құрылыс жүргізуге рұқсат алу, инвесторлардың құқы мен мүдделерін қорғаудағы және халықаралық саудадағы заңдарды жетілдіргені атап өтіледі. Осы реформалар арқылы Қазақстан 183 елдің арасында 15 сатыға көтеріліп, 59-шы орынға шыққан.

«ҮЛКЕН СЕКІРІСТІҢ» СЫРЫ

Зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстанда құрылыс жүргізуге рұқсат алу 2009 жылы «жалғыз терезе» жүйесі енгізілгелі және рұқсатнаманы қауіп сараптамасы негізінде беру керек деген шешімдер қабылдағалы бері жеңілдепті.

Жүк құжаты секілді сауда-саттық жүргізу үшін қажетті құжаттарды электронды нұсқа күйінде жіберуге болады. Ал кедендік декларацияларды жүк келгенше өткізуге мүмкіндік бар. Жалпы алғанда елде соңғы бірнеше жыл бойы модернизация жүріп жатыр дейді сарапшылар. Осындай шаралар нәтижесінде экспортты жеткізу уақыты 8 күнге, ал импортты сатып алу 9 күнге қысқарған. Сауда операциясын жүргізуге қажетті құжат көлемі де қысқарған. Алайда бұл жеңілдіктермен қатар пайда болған мәселелер де бар.

«Тауардың келу уақыты расында да 20 пайызға қысқарды. Бұрын 10 күн болса, қазір 7-8 күн ішінде жетеді. Бірақ, өзге мәселе пайда болды. Тауар келгеннен кейін қағаздарды салық комитетіне өткіземіз. Келген тауар үшін салық төлемі бойынша құжат көбейіп, ол көп уақыт алатын болды. Алайда бұл уақытша деп айтты», - дейді «ТемірКаркас» ЖШС-ның директоры Қайдар Байтусов. Ол құрылысқа рұқсат қағаздары он күннің ішінде дайын болады дейді. Бұрын бір не бір жарым айға созылған екен.

Биыл кәсіпкерлікті қолдау бойынша реформа жасауда алғашқы ондыққа Руанда, Кабо Верде, Замбия, Перу, Вьетнам, Тәжікстан және Венгрия елдері енді.

Соңғы бес жыл ішінде кәсіпкерлік қызметті реттеу саласындағы 1500-ден астам өзгерістің арқасында әлем елдерінің 85 % -ы жетістіктерге жеткен. «Бизнесті жүргізу-2011» баяндамасында алғаш рет әлемнің 174 елі арасында 2005 жылдан бері қол жеткен заңнамалық жетістіктерге назар аударылды. Осы көрсеткіш бойынша, Грузия ең белсенді ел ретінде танылған.

«Жағдай я жақсарды, я ауырлады деп айта алмаймын. Алайда Кедендік Одақ құрылғалы бері сауда көлемі өсті. Ресейге шықтық. Жаңа нарық пайда болды. Салық та тиімді», - дейді «Интер Фуд Трейд» ЖШС-ның директоры Тимур Садықов. Ол тауарларын Ресеймен қатар Түркменстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстанға шығарады екен.

«БИЗНЕСТІ АШУДАН ЖАБУ ҚИЫН»

Кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов болса, аталған өзгерістердің барлығы да тек қағаз жүзінде дейді. «Лицензиялауға арналған «Жалғыз терезе» жобасы 2003 жылдан президенттің тапсырмасымен енгізілген. Алайда ол жұмыс істеп жатқан жоқ. Кеденде де оны енгіздік деп айтқалы екі жыл болды, бірақ одан кеденнен өту оңайлады деп айта алмаймын», - дейді ол.

2002 жылдан бері кәсіпкерлік қызметті реттеуде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері зор жетістіктерге жеткен. Баяндамада бұрындары барлық өзгертулер Еуро Одаққа қосылуды көздеп жүргізілсе, әлемдік қаржылық дағдарыс салдарынан әр мемлекет жергілікті бизнеске көңіл аударып, олардың жағдайын реттеуге арналған заңдар шығарды делінген. Осы аймақтағы мемлекеттердің басым бөлігі бизнес жүргізу, қайта құру және салық салу процестерін жеңілдеткен екен.

«Бизнесті жүргізу» баяндамасында бірқатар аса маңызды, мысалы қауіпсіздік, макроэкономикалық тұрақтылық, жемқорлық, қаржылық жүйенің беріктік және біліктілік дәрежесі сияқты факторлар есепке алынбайды. Алайда оның қорытындылары көптеген елдер үшін бизнесті реттеу саласына назар аударуға түрткі бола алады дейді сарапшылар.

Тимур Назханов әлі күнге дейін кәсіпкерлердің шешілмеген мәселелері көп дейді. Мысалы бизнесті тіркеу жеңілдегенімен оны жабу аса үлкен қиындық деді маман. «Алдағы жылдармен салыстырғанда 59 орын, әрине, жақсы жетістік. Дегенмен формальды жағынан заңдар қабылданып, заңдарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Ал негізінде атқарушы органдар оларды орындап жатқан жоқ. Сондықтан осы жағынан зерттесе, басқаша бағалайтын еді», - дейді маман.

Әлемдік Банк тобы (ӘБ) – бұл құрамына Халқаралық қайта құру және даму банкі (ХҚДБ), Халықаралық даму ассоцациясы (ХДА), Халықаралық қаржы корпорациясы (ХҚК) және Көпжақты инвестицияларды кепілдеу агенттігі (КИКА) енетін БҰҰ-ның арнайы қаржылық ұйымы.

Халықаралық қаржы корпорациясы (ХҚК) 1956 жылы дамушы елдер экономикасында жеке секторды дамыту және жеке инвестицияларды ынталандыру мақсатында құрылған.
XS
SM
MD
LG