Accessibility links

Қазақстанда биліктегі қазақтарға қауіпті болып барады


Президент Н.Назарбаев сайлауда 91 пайыз дауыс жинап, қолдаушыларына құттықтау арнап тұр. Астана, 5 желтоқсан, 2005 жыл.
Президент Н.Назарбаев сайлауда 91 пайыз дауыс жинап, қолдаушыларына құттықтау арнап тұр. Астана, 5 желтоқсан, 2005 жыл.

Қазақстанша тазалау дегеніміз не? Қазір елде ысқырынып тұрған мемлекеттік науқанға ат қойып, айдар тағуға бәйге жариялайтын кез болып қалғандай. Бір ғана ерекшелік бар: президенттікке кандидаттарға өсуге мүмкіндік бермейді.

РҰҚСАТ БЕРГЕН КІМ?

Орын алып жатқан оқиғалар легінде белгілі бір тенденция байқалады. Мінеки жаңа оқиға – сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маерманов тұтқындалды. Бұның алдында қоршаған ортаны қорғау экс-министрі Нұрлан Ысқақовты ұстаған. Ысқақовпен бірге қоғамға аты-жөні онша таныс емес тағы бір кісі – «Меркурий плюс» компаниясының өкілі А.Жайылғановты тұтқындаған.

Ақпанның соңында қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Әлжан Брәлиевті ұстады. Одан соң осы мекеменің тағы бір вице-министрі Зейнолла Сәрсенбаев та ұсталды. Кейінірек оны босатты, бірақ ол үйқамаққа алынды. Мүмкін қажет болып қалар. Бір мекемеде бірге жұмыс істеген бұларды тағы не біріктіреді? Олардың ортақ нелері бар?

Ары қарай жүрейік. Мұхтар Әблязов пен оның әріптестеріне қарсы іс қозғалды. Серік Бүркітбаевтың тобын соттады. Жақсыбек Күлекеевті түрмеге отырғызды. Олардың бәрі – ірі басқарушылар. Жауапты мемлекеттік қызметтерді атқарған адамдар. Бірақ, оларды басқа не біріктіреді?

Осы аталған барлық адамдардың тұтқындалып, сотталуына ең жоғарыда отырғандардың бірі, мүмкін ең жоғарыдағы адам, қол қойып, келісім беруі керек еді. Полицейлерге «бас изеп» келісім беретіндей, ең жоғарыдағылардың шыдамын шегіне жеткізген не болды екен?

НАҒЫЗ БӘСЕКЕЛЕСТЕР ҚАЙДАН ШЫҒУЫ МҮМКІН?

Бүгінде басқарушыларға қарсы жүргізіліп жатқан қазақстандық сот-жазалау науқанының өзіндік бір ерекшелігі байқалады. Қаншалықты парадокс болса да, күндердің күнінде бұған нағыз этникалық тазалау деп баға беруі мүмкін.

Білімді және білікті болу жеткіліксіз. Талантты және жолыңның болғыштығы да есеп емес. Қуғындауға түсу үшін сенің бойыңнан жек көруге татитын бір нәрсе табу керек. Ол сенің жоғарыдағы басшыларыңның ашу-ызасын туғызатын нәрсе болуы тиіс.

Және де, таңданысыңызды туғызуы мүмкін, тағы бір шарт – сен қазақ болуың керек. Сонда ғана сені мүмкін болар бәсекелес деп біледі.

Егер сен орыс немесе еврей, украин немес беларус болсаң, Қазақстанда сенің қызмет мансабың биліктің ең жоғары сатысына дейін өсуі мүмкін емес екенін барлығы түсінеді. Ал егер сен ақылды, кәсіпқой, тартымды, оның үстіне қазақ болсаң, бастықтарың бұны ең үлкен қауіп деп біледі. Міне, талантты менеджерге Қазақстанда қауіп қайдан төніп тұр?

ПРЕЗИДЕНТ ХРАПУНОВТАН ҚАУІПТЕНГЕН ЖОҚ

Рас, кейде көппен бірге қазақ еместер де қосақ арасында кетіп қалады. Мысалы, БТА банк басшыларының бірі Роман Солодченко. Бірақ, бұл қалыптасқан ережеден ауытқудың сирек кездесетін көрінісі.

Бұл тазалауларда ұлттық сипаттың барлығын Азаттық радиосына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың қуғындағы бұрынғы күйеу баласы, үлкен қызының бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан президенті айналасына қазақ еместерді жинағанды жақсы көреді. Өйткені, олар бәсекелес болады деп ойламайды.

Осындайда, мысал ретінде, Алматының бұрынғы әкімі, содан соң төтенше жағдайлар министрі болған Виктор Храпуновтың тарихы еске түседі. Осы уақытқа дейін оны ешкімге аса бір қиындық тудыра қоймаған адам ретінде еске алады. Міне, дәл осы себепті, ешкімге мінез көрсетпейтін, тіл алғыш қасиетін байқап, оған Алматы қаласы әкімдігінің тізгінін ұстатқан.

Бұл қызмет мемлекеттік қызметтегілер үшін ең бір пайдалы, сүбелі орын саналады. Бұл орынға көз тіккендердің көп болғандығы анық. Саясаткерлер бұл орынға, жоғарыға, тіпті ең биікке дейін секіруге болатын трамплин деп қарайды.

Нұрсұлтан Назарбаев жылдар бойы бұл трамплинді ешкімге берген жоқ. Рахат Әлиевтің пікірінше, президент Виктор Храпуновтан қауіптене қоймаған. Қазақ емес. Демек, алысқа бара алмайды. Ал, енді қолынан іс келетін қазақ басшыларға Нұрсұлтан Назарбаев үлкен күдікпен қарайды.

Шынында, Қазақстан соққының қай жақтан, қай жерге тиетінін дәл болжауға болатын елге айналды. «Өзгені сескендіргің келсе, өз адамдарыңды ұр» дейтұғын орыстың мақалындағыдай, өзінікін ұру бұнда да әдет секілді. Бірақ, бөтендерді қорқыту үшін емес. Жанындай жақсы көретін өз басының тыныштығын бұзбас үшін.

(Журналист Александр Народецкий мақаласында өз пікірі мен көзқарасын ортаға салып отыр. Ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).
XS
SM
MD
LG