Accessibility links

Солтүстік Қазақстанда әуе жедел жәрдем қызметі қайта жанданды


Солтүстік Қазақстан облысындағы санитарлық авиация қызметінің ұшағы. Мамыр, 2009 ж.
Солтүстік Қазақстан облысындағы санитарлық авиация қызметінің ұшағы. Мамыр, 2009 ж.

Солтүстік Қазақстан облысында 13 жыл бойы қызметі тоқтап тұрған санитарлық авиация өз жұмысын қайтадан жандандырды. Шалғайдағы аудандардың тұрғындары енді жедел медициналық жәрдем алуға үміт артады.

Апаттық медицина аумақтық орталығының директоры Нұрлан Ақылбековтың айтуынша, санитарлық авиация өз жұмысын 1995 жылы тоқтатқан екен. Содан бері дәрігерлер шалғайдағы науқастарға жедел көмек көрсетуге тек автокөлікпен ғана шығып келген. Ал биыл мамырдың 1-інен бастап санитарлық авиация жұмысы қайта жанданғаннан бері олар 7 рет сапарға шығып үлгеріпті.

Мамырдың 26-сы күні АН-2 ұшағы Уәлиханов ауданынан оралды. Қан қысымы жоғарылап, аудандық аурухананың көмегіне жүгінген Кішкенекөл селосында тұратын екіқабат әйел бір сағатта облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді.

Науқасты алып келген облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы Қосман Дәуренбеков жүкті әйелдің жағдайы ауыр болғанын айтады.

«Шақыру алысымен Кішкенекөлге облыстық аурухананың анестезиологымен бірге ұшып бардық. Науқас өте ауыр халде болғандықтан оны облыс орталығына әкелу қажет болды. Мұндағы әріптестеріміз бізді барлық дайындықпен күтіп отырды. Қазір науқас реанимация бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы бірқалыпты, нәресте аман. Біз үшін уақыт үнемдеудің маңызы зор екені баршаға белгілі. Уәлиханов ауданы – облыс орталығынан ең қашықта орналасқан, оған автокөлікпен жеткенше 4-5 сағат жоғалтар едік. Облыстағы ауылды жерде тұратындарға жедел дәрігерлік көмек көрсету үшін көбінесе санитарлық авиация ұтымды», – дейді акушер-гинеколог.

Жеке меншік авиакомпанияның еншісіндегі АН-2 ұшағы қазіргі заманғы медициналық құралдармен жабдықталған. Апаттық медицина аумақтық орталығы алдағы уақытта неаноталды реаномобиль алуды жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG