Accessibility links

Сот газеттерді облыс әкімінің шамына тиген сөздерді жоққа шығаруға мәжбүрлеуде


Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. Орал, 26 қаңтар 2010 жыл.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. Орал, 26 қаңтар 2010 жыл.

Орал соты жергілікті газеттерді Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановтың былтыр айтқан «жала сөзін» жоққа шығаруға мәжбүрлеп жатыр.


СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ТАЛАБЫ

Осы аптада батысқазақстандық «Орал апталығы» және «Надежда» газеттерінің редакциялары облыстық соттар әкімшісінен газеттің келесі санында 2009 жылы қазанның 8-дегі сот қаулысын шұғыл түрде жариялауды талап еткен хат алды.

Еске сала кетейік, 2009 жылдың 8-қазанында өткен үшінші сот отырысында, сол жылы 15-шілде күні өткен баспасөз мәслихатында «Алпамыс Бектұрғановтың таратқан барлық деректері облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретіні» туралы қаулы қабылданған болатын. Сот Алпамыс Бектұрғановты әлгі айтқан өз сөзін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жоққа шығаруды міндеттеген-ді.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі, 61 жастағы жазушы Алпамыс Бектұрғанов былтыр үш мәрте сотталды. 2009 жылдың тамызынан басталған сот отырыстары ақырында қаламгердің 4 жылға түрмеге қамалуымен аяқталды. Қарт қаламгер «әкімге жала
Алпамыс Бектұрғанов, облыс әкімінің бұрынғы кеңесшісі. Орал, 8 қазан 2009 жыл.
жапқан» және «өз кітаптарын бюджет қаржысы есебінен бастырып шығарған» деп айыпталған еді.

Қазір Орал абақтысында жазасын өтеп жатқан Алпамыс Бектұрғановтың өз айтуынша, сот орындаушылары оған бірнеше рет келіп, оны өз сөзінен бас тартуға көндірмек болған екен.

- Мен сот орындаушыларына өз сөзімнен, пікір-ұстанымынан қайтпайтынымды кесіп айттым. Олар маған не істей алады? Айналамдағы төрт қабырға да тормен өрілген. Тіпті маған кешірім жарияланып, рақымшылық жасалған күнде де оны қабылдамаймын. Өйткені, рақымшылық қылмыскерлерге ғана беріледі емес пе? Ал мен ешқандай қылмыскер емеспін, менің арым таза. Ал айтқанымның барлығы да ақиқат, - деді Алпамыс Бектұрғанов Азаттық радиосына берген сұқбатында.

ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛУ

Алпамыс Бектұргановтың адвокаты Хамит Қожаназаров газет редакцияларынан теріске шығаратын мақала жариялауды талап етіп жатқан сот орындаушыларының ісін дұрыс емес деп санайды.

- Біріншіден, сот отырысында газет редакторлары үшінші тарап ретінде шақырылды. Бұл сот орындаушыларының оған өз бұйрығын жүргізе алмайтындығының анық дәлелі, олайша міндеттеуге олардың құқы да жоқ. Екіншіден, сөзді теріске шығару үшін оған жауапкердің жазбаша түрде берген рұқсаты керек, сонда ғана ондай ақпаратты жариялауға мүмкіндік туады, - дейді адвокат Хамит Қожаназаров.

Осылайша, енді оралдық газеттер тығырыққа тіреліп отыр. Егер экс-кеңесшінің былтыр айтқан пікірін теріске шығармаса, сот әкімшілері тарапынан кезекті қысымнан қашып құтыла алмайды, себебі, сот орындаушыларының талабын орындамағаны үшін оларды әкімшілік жауапқа тартуы мүмкін. Ал егер басылымдар сот орындаушыларының айтқанына көніп, айыпкердің әлгі сөзін теріске шығарса, қамауда жатқан Алпамыс Бектұрғанов оларға қарсы талап-арыз жазуы ықтимал.

ӘЛІПТІҢ АРТЫН БАҒУ

«Орал апталығы» газеті бас редакторының орынбасары Лұқпан Ахмедьяров бұл іске қатысты әзірге өздерінің ешқандай ақпарат жарияламауды ұйғарғандарын айтады.

- Біз газеттің бүгінгі санында өз сөзімізді теріске шығаруды жөн деп таппадық, өйткені, бұл жағдай ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледінің кебі. Сондықтан, қазір алматылық заңгерлермен кеңесіп жатырмыз, нақты нәтижені кейін айтатын боламыз, - дейді Лұқпан Ахмедьяров.

«Надежда» газеті де экс-кеңесшінің сөзін теріске шығарудан бас тартты. Бұл басылым редакциясы Алпамыс Бектұрғановтың ресми рұқсатынсыз оның сөзін жоққа шығаруға құқылы еместігін мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG