Accessibility links

«Қарсыласты тобықтан шалу арқылы ғана Назарбаевқа жақындауға болады»


Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.

Бұл әңгімеге Мемлекеттік тергеу комитетінің құрылғанына 15 жыл толуы түрткі болды. Мемлекеттік тергеу комитетінің бірінші және соңғы төрағасы Жармақан Тұяқбай Азаттық радиосына берген сұхбатында Ақорданың кей әрекеттері жайлы сөз қозғады.


ФЕДЕРАЛЬДЫҚ ТЕРГЕУ БЮРОСЫНЫҢ ІЗІМЕН

– Тұяқбай мырза, 1995 жылы 6 қазанда Мемлекеттік тергеу комитеті (МТК) құрылды. МТК құрылған шақта қазақ баспасөзінде алуан түрлі алып қашпа әңгімелер айтылды. Оның арасында, тіпті, МТК құқық қорғау органдарының өз ішіндегі, әсіресе Ішкі істер министрлігіндегі жемқорлықпен күресу үшін АҚШ-тың Федеральдық тергеу бюросының үлгісінде құрылды деген сөздер де желдей есті. Мұндай болжамдардың шындығы қаншалықты?

– Иә, кейбір ұқсас жақтары бар деуге болады. Өйткені Федералдық тергеу бюросы секілді Мемлекеттік тергеу комитеті де ұйымдасқан қылмыс, жемқорлық, қаржы-экономикалық заңсыздық секілді барлық ауыр қылмыстарды ашумен шұғылданды.
Мемлекеттік тергеу комитеті құрылған кезде Ішкі істер министрлігінің жедел-іздестіру бөлімі, прокуратура тергеушілері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу аппараты осы ведомствоға берілді. Сондықтан бұл ведомство білікті кадрлармен және жедел-іздестіру қызметімен толық жабдықталған айтарлықтай мықты ведомствоға айналды.

– Қысқа уақыт жұмыс істегеніне қарамастан МТК-нің аты дүркіреп шыққаны белгілі. Осы уақыт ішінде МТК қандай атышулы қылмыстың бетін ашып үлгерді?

- Одан бері қаншама уақыт өтті ғой. Сондықтан бүгін дәл мынадай нәрселер жасалды деп айту оңай емес. Бірден еске де түсе бермейді. Бірақ мемлекеттік билік жүйесіндегі кейбір шенеуніктер мен лауазымды тұлғаларға, қылмыстық құрылымдармен байланысы бар мемлекеттік қызметкерлерге байланысты фактілермен өте үлкен жұмыстар жасалған болатын. Сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызмет бабын асыра пайдалануы мен қылмыстық әрекеттері туралы бірталай жайттар қарастырылды.

- Қазақстанда жоғарыдан телефон шалу тәсілі әлі күнге белең алып тұрғанын, тәуелсіздік алғалы бұл тәсілдің тамыры одан сайын тереңдей түскенін білеміз. Яғни жоғарыдағы бастықтардың немесе жоғары сатыдағы бақылаушы органдардың өздерінен төменгі сатыдағыларға телефон шалып, белгілі бір мәселе бойынша қандай шешім қабылдануы тиіс немесе не істеу керектігі жөнінде астыртын нұсқау беретіні мәлім. Негізінен бұрынғы советтік елдерде қолданылатын бұл құбылыспен МТК-ға жетекшілік еткен кезіңізде қаншалықты жиі кездестіңіз? Нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

– МТК құрылған 1995 жылға дейін қылмыстық істі қарау барысына ешкім ықпал ете алмайтын еді (басқа лауазымды қызметкерлер туралы емес, өзім туралы айтып отырмын). Өйткені ол кезде, яғни 1995 жылға дейін бас прокурор болдым. Ал Бас прокуротура тек Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне ғана есеп беретін. Әрине, МТК құрылғаннан кейін, 1995 жылы жаңа Конституция күшіне еніп, парламенттің құзыры кесіліп қалды. Сөйтіп өзге де арнаулы қызметтер секілді бас прокуратура да атқарушы билік пен ел президентінің жеке өзіне бағындырылды. Осыдан кейін қылмыстық істі қарау барысына ықпал еткісі келетіндер көбейді, Мәселен, бейресми бұйрық арқылы дегендей.

Бірақ мемлекеттік комитеттің ғұмыры екі-ақ жылға жетті. Небәрі екі жыл ішінде бұрыннан келе жатқан қуатты құрылымға нақтылы ықпал етіп, жылдар бойы қалыптасқан дағдыны бейресми нұсқаулармен бірден бұзу мүмкін емес еді.

– Тұяқбай мырза, бірақ өзіңіз айтқандай, МТК ел президентіне тікелей бағынғанын ескерсек, МТК төрағасы ретіндегі тәжірибеңізде жоғарыдан түскен бұйрық арқылы, мәселен мемлекет басшысының нұсқауы арқылы жауапты қызметте отырған нақтылы тұлғалардың үстінен себепсізден-себепсіз қылмыстық іс қозғалған кез болды ма?

– Бейресми нұсқаулар мен емеуріндер болғаны рас. Бірақ, тағы да айта кетейін, істі қарау барысына дәл қазіргідей барып тұрған арсыздықпен араласу немесе тергеуді «керек» бағытқа қарай бұра салу секілді бетімен кеткен жүгенсіз әрекеттер ол кезде жоқ еді.

– МТК-нің саяси тапсырыстар орындаған, мәселен, жоғарының нұсқауымен қылмыстық іс қозғаған кездері болды ма?

– Тапсырыс болған жоқ. Тағы да қайталаймын, ол кезде қылмыстық істі тергеудің бұрынғы кеңестік жүйесі жойыла қоймаған болатын. Құқық қорғау органдары, әсіресе тергеу комитеті, кез-келген істі объективті қарауға тырысты. Ал арнайы тапсырыспен қылмыстық іс қозғау немесе қылмыстық іс жүргізу әрекеттері болған емес.

СЕРІК ӘБДІРАХМАНОВ ҚОРЫ

– Кезінде белгілі саясаткер Серік Әбдірахманов басқарған «Елім-ай» қорына қатысты іс жөнінде не айта аласыз? Оның сөзіне қарағанда, оның өзі мен қорға қатысты қозғалған қылмыстық іс арнайы тапсырыспен жасалған көрінеді. Бірақ, соның өзінде МТК ешқандай ілік таба алмапты.

– Ешқандай тапсырыс та, нұсқау да болған жоқ. «Елім-ай» қоры Ұлттық банктен, ұмытпасам, сол кезде 10 миллиард сом (совет ақшасы) алған. Және бұл ақша сол күйі қайтарылған жоқ.

Осыған орай қордың жетекшісіне қарсы қылмыстық іс қозғалды. Ал, негізінде бұл іс мен бас прокурор болып тұрғанда қозғалған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ұлттық банк елдегі ең басты кредиторға айналғаны белгілі. Соны пайдаланып, қолында билігі мен ықпалы бар көптеген адамдар кейін қайтара алмайтынын біле тұра жаппай кредит алуға ұмтылды.

Ондай субъектілердің саны жүзге жетті және олардың әрбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілді.

Кейіннен Ұлттық банктің жетекшісі де, жоғары қызметтердегі өзге лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылғанын білетін боларсыз.

Ал «Елім-ай» қорына келер болсақ, ол қордың төрағасы ешбір негізсіз қылмыстық іс қозғады деп өрекпи бергенше, қайта заңнамадағы олқылықтарға байланысты тергеу орындары оны дер кезінде қылмыстық жауапқа тарта алмағанына қуанғаны жөн.

АТЫСТЫ ДЕУ АРТЫҒЫРАҚ

– Жоғарыдан түскен нұсқау бойынша жабылып қалған, яки тоқтатылған аты-шулы істер көп болды ма? Болса атын атап, нұсқауды кім бергенін айтсаңыз? Бұл материалдар әрі қарай қайда кетті? Кейін олар әлдебір саяси тұлғаларға қарсы компроматтарға айналған жоқ па?

– Өз басым бас прокурор болған кезімде де, МТК төрағасы болған кезімде де әлдекімдердің жоғарыдан берілген нұсқауымен немесе телефон қоңырауымен, я болмаса қысым көрсетуімен шешім қабылдаған емеспін. Қандай шешім қабылдасам да қылмыстық істің нақтылы барысына қарай қабылдадым деп толық айта аламын.

– Тұяқбай мырза, соңына дейін жеткізіліп, сот үкімі шыққан атышулы істердің ең болмағанда бірін атап бере аласыз ба?

– Ондай істер де, сотталғандар да аз болған жоқ. Қапелімде еске түсе бермейді, бірақ істердің көп болғанын білемін.

Тағы да қайталаймың, МТК-нің ғұмыры өте қысқа болды. Сондықтан біз ана істі немесе мына істі соңына дейін жеткіздік деу өте қиын. Ал бас прокурор болып тұрғанымда ондай атышулы істердің талайын көрдік, талайының айыбын дәлелдеп, ісін сотқа жібердік.

Алайда прокуратураның мұндай іспен шұғылданып, істі соңына дейін жеткізіп жатқаны құқық қорғау органдары мен сот органдарының барлығына бірдей ұнай қойған жоқ. Қайткенде кедергі жасап қалуға тырысушылар көбейді. Сөйтіп ойдан шығарылған желеулермен істі Жоғарғы соттан қайтарып тастайтын, не болмаса мүлде тоқтатып тастайтын кездер кездесті. Оған сот-құқықтық жүйеміздің жетілмегендігі себеп болды.

– Сіздің пікіріңізше, содан бері сот-құқықтық жүйемізде айта қаларлықтай өзгеріс болды ма?

– Құқық қорғау органдарын реформалау тұрғысынан келгенде, менің ойымша, әуел баста біз ойластырған түбегейлі реформалар сол күйі жүзеге аспай қалды. Құқық қорғау органдарының бірінің құзырын екіншісіне беріп, ары-бері тасқаяқтай қағыстырғанмен одан толыққанды реформа шықпады.

1995 жылдан бері саяси жүйенің өзі түбегейлі өзгерістерге ұшырағанын ескерсек, онда құқық қорғау органдарының бүгінгі жағдайы, кісі қызығарлық емес деген болар едім. Яғни оларда әлдекімдердің ықпалынсыз белгілі бір істі объективті қарау немесе кез-келген қылмысты ашу мүмкіндігі жоқ деуге болады.

Барлық сатыдағы құқық қорғау органдарының кез-келген жетекшісі өзінің бүгінгі саяси жағдайға және атқарушы биліктен, атап айтқанда президент аппаратынан түсетін саяси тапсырыстарға толық тәуелді екенін жақсы біледі.

– Жоғарыдан телефон шалу тәсілі Қазақстанда одан сайын күшейді дегіңіз келе ме?

– Әрине. Ал құқық қорғау органдарының жетекшілері мен қызметкерлерін жоғарыдан телефон шалу арқылы әлдебір саяси тапсырыстардың ыңғайына жығып, заңға қайшы келетін шешім қабылдауға мәжбүрлеудің соңы бүгінгі жағдайға әкелді. Яғни тергеушілер мен прокурорлар өз бетінше объективті шешім қабылдай алмайды, нұсқау күтеді.

Бір заңсыздықтан екінші заңсыздық туатыны белгілі. Бұл да жаппай заңсыздық пен жүгенсіздікке ұрындырып отыр. Бүгінде тергеушінің өзі қарап отырған істің бағытын өзгерте салатынына немесе соттың «керек» шешімді шығара салатынына таңғалмайтын болдық. Мұндай бассыздық көптеген тергеушілерге, прокурорлар мен соттар үшін түкке тұрмайтын күнделікті нормаға айналды және ең қызығы олар басқаша жұмыс істей алмайтын дәрежеге жетті. Өйткені елдің саяси жүйесінің өзі осыны талап етіп отыр.

– Мемлекеттік тергеу комитеті жұмыс істеген кезде МТК мен ІІМ қызметкерлерінің бір-бірімен қақтығысып, кейде өзара атысып қалған кездері болды. Он бес жылдан кейін қайта үңілгенде осыны қалай түсіндірер едіңіз?

– Атысты деу, бәлкім артығырақ болар. Бірақ МТК құрылған кезде басқа құқық қорғау ведомстволарының барлығы да қолдарындағы ең өткір қарудан айырылып қалғаны мәлім. Қылмыстық іс пен жедел-іздестіру шараларын жүргізу, қылмыстық іс қозғау – кез-келген құқық қорғау органының ең басты қаруы.

Бірақ президенттің сол кездегі жарлығымен Ішкі істер министрлігі де, прокуратура да мұндай мүмкіндіктерден бір сәтте айырылып қалды. Әрине, құқық қорғау органдарының арасында осыдан кейін МТК-нің салмағы бірден ауырлағаны сөзсіз. Бұл жайт өзге ведомство жетекшілерінің наразылығы мен қызғанышын туғызатыны да белгілі.

Содан кейін МТК дегенде тыжырына қалатын әдеттер пайда болды, бұл органға қайткенде де кедергі жасауды көздейтіндер көбейді.

Осыған орай биліктің жоғары эшелонында «кілем астындағы ойындар» күрт күшейді. Кейбірі «осы органды құрғанымыз дұрыс болмады, бұрынғы ведомстволардың өкілеттіктерін қайтарып берейік» деп президентке жүгірді.

Бұл ойындарға реформаға, реформа болғанда да тәуелсіз тергеу органдарын, тәуелсіз прокуратура мен тәуелсіз сот билігін қалыптастыратын түбегейлі реформаларға қарсылардың барлығы қатысты.

Мұндай реформаның жүзеге аспауына биліктің ұшар басында отырғандардың арасындағы қитұрқы әрекеттер себеп болды.

ТЕРГЕУ КОМИТЕТІН ТАСАДА ТҰРЫП ТАРАТҚАН КІМ?

– МТК қандай себеппен және кімнің бастамасымен немесе кімнің айтуымен таратылды? Бұл құрылымның өкілеттігі мен тергеу материалдары қай ведомствоның қолына өтті?

– Әлгінде ҰҚК, ІІМ мен прокуратура ең басты қаруларынан айырылғанын айтып кеттім. Президент жарлығымен МТК-нің барлық өкілеттіктерін осы үш ведомствоға қайтарып алуға бастамашы болғандар, әрине, солар болатыны түсінікті.

Ведомстволық эгоизм, басқа құқық қорғау құрылымдарынан бір саты жоғары тұрғысы келетін пиғыл - осы институттардың арасындағы он бес жылдан бергі астыртын күрестің өзегіне айналды, соның салдарынан құқық қорғау органдарын реформалау деп аталып жүрген ауыс-түйістер бітпейтін болды. Шын мәнінде, бұларды реформа дегеннен гөрі әркімнің көрпені өзіне қарай тартуы деген әлдеқайда дұрысырақ.

– Қазіргі Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі немесе, бір сөзбен айтқанда, қаржы полициясы аты басқа болғанмен заты сол баяғы МТК-нің көшірмесі емес пе? Дәл осындай өкілеттігі мен міндеті бар МТК-ні таратып жіберіп, қаржы полициясын құру Ақордаға не үшін керек болды?

– Біріншіден, қаржы полициясы Мемлекеттік тергеу комитетінің көшірмесі емес. Қаржы полициясы тек қаржылық-экономикалық және жемқорлық қылмыстармен ғана шұғылданады. Ал МТК бұларға қоса ұйымдасқан қылмыстық топтармен де айналысқан болатын. Бандалық әрекеттер мен қарақшылық, кісі өлтіру секілді еліміздегі ең ауыр қылмыстардың барлығы осы ведомствоның өкілеттігіне кірді. Ал қаржы полициясы бұлармен шұғылданбайды.

Шын мәнінде Мемлекеттік тергеу комитеті, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін ел ішіндегі қылмыспен күресетін, сіз айтқандай, белгілі бір деңгейде Федеральдық тергеу бюросының рөлін атқарды.

Қаржы полициясы туралы айтар болсақ, онда мына нәрсеге назар аударған дұрыс. Қаржы полициясы қазіргідей дербес құрылым ретінде жұмыс істей ме, жоқ әлде Ішкі істер министрлігінің, не болмаса прокуратураның құрамында бола ма, бәрібір – одан ештеңе де өзгермейді. Ең маңыздысы бұл агенттік қаншалықты тәуелсіз және қаншалықты әділ жұмыс істейді, мәселе сонда.

Бұл тұрғыдан келгенде, бүгін, яғни Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесі мен әрбір ведомствосы бір адамға ғана бағынып, бір құрылымның ғана (президент аппараты) айтқанын екі етпейтін шақта қандай да бір тәуелсіздік немесе әділдік туралы сөз қозғаудың өзі артық екенін тағы да атап өткім келеді.

– Олай болса, Тұяқбай мырза, Ақ ордаға абсолюттік бақылаудағы қаржы полициясы не үшін керек болды?

– Мүмкін әуелгі ниет экономикалық қылмыс пен жемқорлыққа қарсы қарқынды күрес болған шығар. Бірақ ауыз айтқанмен бас бұрылмай отыр ғой. Шын мәнінде бұл агенттік те биліктің саяси тапсырысын орындайтын құралға айналды.

«КОМПРОМАТ ЖИНАҒАН ЕМЕСПІН»

– Сіз биліктен оппозицияға өткен шақта билік сізге қарсы компроматтар соғысы басталатынын емеурінмен ескертті. Сөзбе-сөз айта алмаймын, бірақ «сол соғысты бастайтындардың кез-келгеніне қарсы қолдануға жарайтын менде де бір вагон компромат бар» деген мағынада жауап қайтарғаныңыз есімде. Осы жайтты әрі қарай таратыңқырап айтсаңыз қайтеді? Сізді қорқытпақ болған кім? «Бір вагон компромат» дегенде нені меңзедіңіз? Қалай ойлайсыз, бұл компроматтар жариялануы керек емес пе? Жарияланса, қашан?

– Біріншіден, сіз бұл әңгіменің бояуын қоюландырыңқырап жіберген сияқтысыз.Әрине, ешкім де менде Тұяқбайға арналған компромат бар деп ашық айтқан жоқ. Бірақ ондай компроматтардың іздестірілгенін де білемін. Оған күмәнім жоқ. Бірақ ештеңе таба алмады.

Ал сіз айтқан мендегі компроматтарға келер болсақ, жалпы... мен компромат жинаған адам емеспін. Кез-келген іс немесе факт (егер ондай факт бар болса және менің алдыма келсе) міндетті түрде тиісті процессуалдық сатылардан өтеді, не болмаса мемлекет басшысына тапсырылатын ақпараттық жазбаларым мен ұсыныстарымның ішінде айтылады.

Олардың ешбірін жасырып-жабу немесе «алмағайып күндер» үшін тығып қою ойымда болған емес. Егер олай жасасам, абсолютті заңсыз әрекет болар еді. Қандай қызмет атқарсам да тек заңға сәйкес әрекет еттім.

Менің қолымда ешкім білмейтін «бір вагон компромат» бар деп айтқаным жоқ. Құқық қорғау органдарында ондай болмайды. Егер қандай да бір шағым немесе ақпарат түссе, ол бойынша тиісті процессуалдық әрекет жасалуы тиіс. Әйтпесе ол қылмысты бүркемелеумен тең.

НАЗАРБАЕВ ЖӘНЕ ЖЕТЕКТЕЛМЕГЕН БИЗНЕСМЕН

– Тұяқбай мырза, сіз ақпаратты жасыру «қылмысты бүркемелеумен тең» дедіңіз. Осыған орай менде мынадай бір сауал туды. Есіңізде болса, 2001 жылы көлеңкелі капиталға жасалған рақымшылық акциясы аяқталысымен іле-шала президент Нұрсұлтан Назарбаев елдегі жетекші кәсіпкерлермен өткен кездесуі барысында тікелей эфирде бүкіл елдің алдында тұрып, (сөзбе-сөз емес, бірақ негізгі мағынасы мынадай) кімнің қалай байығанын білетінін және отырғандардың кез-келгенін қолынан жетектеп сотқа алып бара алатынын мәлімдеген еді. Егер ол осы кездесуге келген бизнесмендердің заңсыз байығанын біле тұра «сотқа жетектеп апармаса» бұл да қылмысты бүркемелеу болмай ма?

– Өзіне бағыныштыларды бақылау өкілеттігі немесе қылмыс жасалғаны жөнінде фактілері бар кез-келген лауазымды тұлға қолындағы материалдардың барлығын құқық қорғау органдарына тапсыруы тиіс. Бұл оның міндеті. Бұл ретте мен оның не үшін қылмыс болып саналатыны жөнінде айтып отырмын.

– Егер мемлекет басшысы ондай фактілерді білетін болса, оны айтуға міндетті ме?

– Бұл оның тек міндеті ғана емес. Сонымен қатар мемлекет басшысы ретінде мұндай фактілердің орын алуына жол бермеу – оның парызы, керісінше құқық қорғау органдарына тез арада тексеріп, кінәлілерді жауапқа тарту жөнінде пәрмен беруге міндетті. Бұл мемлекеттік маңызы бар мәселе. Әрі бұл мемлекет басшысының ең басты міндеттерінің бірі болып табылады.

– Егер мемлекет басшысы оны жасамаса, не болмаса жасауға асықпаса, бұл да қылмысты бүркемелеу болмай ма?

– Дәл бұл жағдайда білмеймін... Оның қолында шынында да нақты фактілер болды ма, әлде әншейін қорқытып-үркітудің бір түрі ме, ол арасын айта алмаймын. Бірақ оның қолында нақтылы фактілер болса, онда оны тергеу орындарына жіберуі тиіс еді.

КОМПРОМАТ КЕПІЛ БОЛА МА?

– Кезінде марқұм Заманбек Нұрқаділов те, президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев те, қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әбіләзов те қолдарында биліктегі жоғары лауазымды адамдарға қарсы компроматтардың жеткілікті екенін бір емес бірнеше рет мәлімдеген еді. Сіздің ойыңызша, қолдағы компроматтар олардың жеке басының қауіпсіздігіне немесе лауазымы мен бизнесінің сақталуына кепіл бола ма? Осыны өркениетті елге жарасатын әрекеттер дей аласыз ба?

– Әрине, жоқ. Тағы да қайталаймын, кез-келген компромат, егер ол заң жүзінде жиналмаса, ешуақытта тиісінше жүзеге аспайды. Ондай материалдардың ешбір заңдық күші жоқ. Оны тек бұқаралық ақпарат құралдары белгілі бір адамдарға күйе жағу үшін ғана пайдалануы мүмкін.

Ал компромат жинаудың өзі, яғни астыртын бақылау, біреудің телефон әңгімелерін немесе басқа да сөздерін астыртын тыңдау, құпия іс жүргізу секілді тағы басқа келеңсіз әрекеттерді, жалпы, өз басым, ардан безген адамдардың ісі деп санаймын.

– Компромат жинау Қазақстанда қайдан пайда болды және қашаннан бері қолданыла бастады?

– Бұл құбылыс әсіресе 2000 жылдардың шамасында қанатын кеңге жая бастады. Осы жылдары билік үшін нағыз «кілем астындағы күрес» басталды. Бұл күрес - елдегі ең жоғарғы билік үшін күрес және мемлекет басшысына неғұрлым жақындай түсу үшін, ең жақын адамдардан құралған шеңберге кіру үшін күрес болатын. Бірақ ол шеңберде бос орын жоқ, өте тығыз, ал онда кіргісі келетіндер өте көп.

Басқаша айтқанда, қарсыласты тобықтан қағып құлатпай ол шеңберге кіре алмайсың. Кіргізбейді. Сондықтан да кландық, топтық күрес басталды.

Президентке жақын болу деген сөз – өзіңді неғұрлым қауіпсіз сезіну ғана емес. Сонымен бірге осы жақындықтың арқасында әлгі адамның алдынан үлкен мүмкіндіктер ашылады.

«МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ БОЛ ДЕЙ МЕ?»

– Тұяқбай мырза, кезінде екі кәсіпкердің қолынан Мемлекеттік тергеу комитеті төрағасының кеңесшісі деген мөр басылып, Жармахан Тұяқбайдың қолы қойылған қызмет куәлігін көрген едім. Соған қарағанда сіз Мемлекеттік тергеу комитетінің төрағасы қызметін пайдаланып, біреудің бизнесіне «қамқорлық» жасады ма деген де ой келеді.

– Менің қолым қойылған ондай «қызмет куәліктерді» біреулер қолдан жасаған болар. Өйткені Мемлекеттік тергеу комиетінен тыс жерде куәлігін көлденең тартатын менің бірде-бір кеңесшім болған емес. Бос сөз әншейін!

– Соңғы сауал. Сізді Ақорданың «жобасы», қолдан жасалған саяси тұлға дейтіндер бар. Бұған не дейсіз?

– Мен, жалпы мұндай әңгімелерге онша назар аудара бермеймін. Өйткені кімнің кім екенін уақыт өзі көрсетіп келе жатыр. Нағыз қамал алар жаста ең жоғары мемлекеттік қызметтердің бірінен өз еркімен кеткен адам Ақордадан енді қандай перспектива күтуі мүмкін, өзіңіз ойлап көріңіз.

Одан мен не ұтамын? Қайтадан парламент спикері боламын ба? Ол қызметте болған адаммын. Бас прокурор ма? Оны да атқардым. Биік мансаптың бәрінен өткен, мемлекеттік қызметтен өз еркімен кеткен адамды қандай қызмет, қандай стимул, қандай мотивпен «жобаға» айналдыруға болады?

Мен «жоба» болатындай олар маған не ұсына алады екен?! Өзіңіз ойлап қараңыз. Жаңа мемлекет басшысы бол дей ме? Басқаша ынталандыру мүмкін емес. Бірақ бұл қызметті «мә саған» деп бере салайын деп отырған кім бар екен?!

Мұның бәрі де жел сөздер. Сондықтан бұл тақырыпқа ауыз ауыртқым да келмейді.

– Тұяқбай мырза, сұхбатыңызға рахмет.
XS
SM
MD
LG