«МЕН ЕШКІМДІ ҰРҒАНЫМ ЖОҚ... БҰЛ – АРАНДАТУ»
Төрт күн бойы жалғасқан №2 Ақтөбе қалалық сотында судья Ақболат Құрмантаев оппозиция мүшесі Айдос Садықовтың ісін қарап, айыпкерді екі жылға соттады.
Айдос Садықовқа Мусенов есімді азаматты ұрып-соққаны үшін айып тағылған болатын. Тергеу барысында мәлім болғаны - ол өзін ұстамақ болған полиция қызметкерлеріне шектен тыс қарсылық көрсеткен. Бір ескерте кететін жайт, осыдан бір ай бұрын маусымның 23-і Алматыда дәл осындай айып тағылып оппозицияшыл жас саясаткер Ермек Нарымбаев төрт жылға сотталған еді.
Полиция мәліметіне сүйенер болсақ, «Мамырдың 27-сі күні Айдос Садықов бұзақылық танытып, азамат Мусеновті соққыға жығады, оның денсаулығына зақым келтіреді – жәбірленушінің бет-жүзі жарақаттанған. Жапа шеккен адам үйінің жанынан өтіп бара жатып, телефонын қалтасынан алған кезде қасынан өтіп бара жатқан Садықовты қағып кеткен. Осыдан кейін екеуінің арасында дау басталады. Садықов салған жерден жәбірленушіні жерге жығып, оның үстіне мініп алады да, ұра бастайды. Арашаға түспек болған полицейлерге Айдос Садықов қарсылық көрсетеді. Жала жабу үшін өзіне зақым келтірмек ниетпен шынтағын жерге соғыпты-мыс. Осыдан кейін оны сабасына түсірмек болған полицейлер Айдостың қолына кісен салуға мәжбүр болыпты».
Ал саясаткер өзіне тағылған бұл айыппен келіспейтінін айтып, ештеңені мойындаған жоқ. Садықовтың сөзінше, ол арандатудың құрбаны болған. Бұл туралы ол сотта мәлім етті.
- Мен ешкімді ұрғаным жоқ, ал полицейлерге саусағымның ұшын да тигізген емеспін. Бұл -сәтсіз ұйымдастырылған арандатушылық әрекет. Бірақ, оқиғаны тиісті деңгейде көрсету үшін болған жайды бейнетаспаға түсіріп, қанға бөккен жәбірленушіні де түсіріп алу керек еді. Бірақ, бұл жасалған жоқ. Содан іс Ақтөбе облыстық ІІД беріледі, осылайша, менің құқығым бұзылып, мүмкіндіктерім ескерілген жоқ. Менің барлық арызыма жауап қайтарылмады, әйелімнің өтініші де аяқсыз қалды. Осылайша, ІІД – прокуратура – сотпен шектелген тұйық шеңберде тығырыққа тірелдік. Бұл жүйеден құтылып шығар жол жоқ, - деді Айдос Садықов.
Сот тергеуі барысында тағы бір қызықты нәрсе мәлім болды. Жапа шеккен Мусенов 2000-2004 жылдар аралығында балалар колониясында бақылаушы болып жұмыс жасаған, кейін өз өтініші бойынша жұмыстан шыққан. Төрт күнге созылған сот отырысы кезінде жәбірленуші Мусенов "Арлан" арнайы жасағының екі жауынгерінің қорғауында болды.
Айдос Садықовтың адвокаттары соттан журналист Наталья Ещанова Садықовты полицейлер ұстағаннан кейін араға бірер минут салып түсірілген бейнетаспаны көрсетуін өтінді. Бүгінде қазақстандық stan.tv бейнепорталында орналастырылған бұл бейнежазбада жапа шеккен Мусеновтың ешқандай жарақат алмағаны, аман-есен екендігі көрініп тұр. Полицейлердің киімі де бүлінбеген, түймелері түгел орнында. Есесіне күдікті жерде жатыр, киімі жыртылған, ал тізесі мен шынтағы қанталап көгеріп кеткенін байқауға болады.
Бейнежазбада жапа шеккен Мусеновтың ешқандай жарақат алмағаны, аман-есен екендігі көрініп тұр.
Судья Ақболат Құрмантаев Садықовтың қорғаушыларының өтінішін қанағаттандырмай, бейнежазбаны көрсетуден бас тартты. Жарты сағатқа жуық уақыт жоқ болып кетіп, оңаша кеңесіп алған Ақболат Құрмантаев сот залына қайта оралып, адвокаттардың «барлық наразылықтары мен шағымын аппеляциялық түрде тапсыра алатынын» жеткізді.
- Осы сөзі арқылы судья Құрмантаев болған оқиғаға бейғамдығын көрсетіп, Айдостың ақыр аяғында сотталатынын меңзегендей болды, - дейді Наталья Садықова Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Қорытындысында сот Айдос Садықовты екі жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.
Айдауылдар Айдос Садықовтың қолын бұғаулап, сот залынан әкеткен кезде жиылғандар: «Қазақстанда сот әділдігі жоқ!» деп айқай салды.
ҚАМАУ, ЖЫНДЫХАНА, ӨРТЕНГЕН КӨЛІК...
Айдос Садықовтың саясатқа келуі танымал қоғамдық қайраткер Жасарал Қуанышалинмен тікелей байланысты. 2003 жылы Жасарал Қуанышалин барлық мемлекеттік мадақтардан бас тартып, Ақтөбенің мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығы қызметінен кетіп, оппозиция қатарына қайта оралады. Бұрынғы шенеуніктің саяси демаршы сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі Ермек Имантаевқа сын айтудан басталған болатын.
Сол кезде оппозициялық бір газетте «Незаурядный трюк» атты мақала жарық көрді. Бұл мақаланың авторы Айдос Садықов – Жасарал Қуанышалинның жас үзеңгілесі. Мақалада ол сол кездегі Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары Глеб Щегольский мен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Олег Химчукты әйгілі ресейлік «Солнцевский» деп аталатын қылмыстық топпен қатысы бар деп айыптайды.
Мақала жарық көрген соң, Айдос Садықовтың ізіне түскендер көп болды. 2003 жылдың тамыз айында оған 1999 жылдың қазанында қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде даяшы әйелді қасақана жарақаттады деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалады.
Сот күдікті Садықов осы оқиға кезінде ақылынан ауысқан деп тауып, оны бір айға жүйке аурулар клиникасына емделуге жібереді. Бір ай бойы Айдос осы мекенде ем-дом алады. Осы кезде Жасарал Қуанышәлин оның қоғамдық қорғаушысы болды.
2005 жылдың сәуір айында ақылы автотұрақтардың бірінде Садықовтың жеке көлігі отқа оранады. Кейін ол журналистерге түн ортасында оған белгісіз біреулердің телефон арқылы хабарласып, оның көлігі жанып жатқанын хабарлағанын айтады. Алайда бұл хабарға ол баса мән бермей, үйінде болыпты. Азанда автотұраққа келген ол көлігінің өртенгенін бір-ақ көреді. Ал автотұрақ күзетшілері көліктің ішкі жүйесінде ақау болып, өрт шыққан деген болжам айтады. Бірақ, Айдос Садықовтың өзі бұл болжамды теріске шығарып, автокөлікті қаскөйлер өртегенін жеткізеді.
ОППОЗИЦИЯДАН... ҚАЙТА ОППОЗИЦИЯҒА
2005 жылдан бастап Айдос Садықовтың саяси қызметі партиялық жұмыспен тығыз байланыста болып келді. «Ақ жол» партиясы ыдыраған уақытта ол жаңадан негізі қаланған «Нағыз Ақжол» партиясының ақтөбелік филиалына басшылық етеді.
Алайда, ол мүдделестерімен тіл табыса алмады. 2007 жылы парламент сайлауы кезінде «Нағыз Ақжол» мен Жалпы ұлттық социал-демократиялық партияларының бірігуіне қарсылық білдірді. Сайлау кампаниясы барысындағы барлық үгіт-насихат жүмыстарын «Нағыз Ақжол» атынан өткізген Айдос Садықов Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы мен оның көшбасшысы Жармахан Тұяқбайдың жетекшілігін мойындамай, тіпті теріске шығарды.
Парламент сайлауын сәтсіз откізген Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясынан «Нағыз Ақжол» қайта бөлініп, біраз уақыт өткен соң өзінің атауын «Азат» деп өзгертті.
2009 жылы Жармахан Тұяқбай мен Болат Әбілов екінші мәрте өз партияларын біріктірді. Енді олардың жаңа саяси ұйымы – «Азат» ЖСДП деп аталды.
Айдос Садықовтың пікірінше «Азат» ЖСДП партиясы осылай бірігу арқылы өз ішіндегі жат элементтерден саяси құрылымды тазартуды көздеді. Оның сөзінше, Жармахан Тұяқбай мен Болат Әбілов мырзалар аймақтағы өз ісін білетін көшбасшылардың бірінен құтылуға асыққан.
2010 жылғы сәуірдің 29-ы облыстық партия конференциясында Айдос Садықов «Азат» ЖСДП ақтөбелік филиалы жетекшілігінен босатылады. Бұл шешімге наразылық танытқан Садықов партияның орталық басшылығына қатысты өткір сын айтады.
- Бұл партия билікке тек ел ішінде демократия бар екендігін көрсету мақсатында ғана керек. «Азат» ЖСДП - билікке бағынышты құрылым. Президент Назарбаев үшін «Азат» ЖСДП сайлау алдында билікке сын айта алатын, бірақ оған тимейтін, заңсыз митингілер ұйымдастырмайтын, билікке наразы адамдардың арасында іріткі салатын қолжаулық партия ретінде қажет болды. Осындай қорқақ, азусыз, әрі қажырсыз оппозиция биліктің оң жамбасына келіп тұр,- деді Айдос Садықов өз сөзінде.
«Азат» ЖСДП-дан кеткеннен кейін Айдос Садықов өзінің «Гастат» деп аталатын қоғамдық қозғалысын құрды. Оның бұл қозғалысты бастауына өзі сияқты оппозициялық партиядан бөлінген жақтастары себеп болды. Айдос Садықов бұл салада қытайлық «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мұнай өндіретін компаниясындағы бірқатар тәуелсіз кәсіподақтардың құрылуына мұрындық болды.
ЖАРМАХАН ТҰЯҚБАЙ КӨМЕК БЕРМЕК
Шілденің 20-сы "Азат" ЖСДП жетекшісі Жармахан Тұяқбай Азаттық радиосының Қазақ қызметіне сұхбат беріп Айдос Садықовтың басынан өтіп жатқан жағдай туралы ой бөлісті. Садықовты кезінде партияны жаңарту үшін орнынан босатқанын айтқан Тұяқбай енді бұрынғы ақтөбелік өкіліне қолынан келгенше жәрдем қылатынан айтты:
- Оған қатысты үкім шыққанын ести сала президиум мүшелері жиналдық та, бұл мәселені талқылап алдық. Демократиялық көзқарастағы адамдар ретінде біз оның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын құптамаймыз. Оған моральдық, құқықтық және материалдық көмек бермекшіміз.
Жармахан Тұяқбай Айдос Садықовқа қарсы қозғалған қылмыстық іске қатысты пікірін ашып айтпады. Заңгер ретінде әуелі іс қағаздарын көруі керек екенін алға тартты.
- Біз ол жаққа арнайы заңгер жібереміз. Өз басым Айдос екі жылға соттайтындай қылмыс жасады деп ойламаймын. Билік тарапынан арандатушылық та бар сияқты, - деді "Азат" ЖСДП жетекшісі.