Accessibility links

Оппозиция Қазақстанның сайлау заңнамасын реформалауды ұсынады


Жармахан Тұяқбай, "Азат" ЖСДП тең төрағасы. Алматы, 18 қазан 2010 жыл
Жармахан Тұяқбай, "Азат" ЖСДП тең төрағасы. Алматы, 18 қазан 2010 жыл

Қазақстанда сайлаудың әділ өтпейтінін сынаған мамандар «Сайлау туралы» заңды реформалау қажеттігін айтады. Биліктің Қазақстан халқы ассамблеясына «ерекше жағдай жасап қоюын» да заңсыз деп бағалаған сыншылар сайлауда баршаның құқығы тең болғанын қалайды.


Қазанның 18-і күні Алматыда түрлі саяси күштер қатысқан «Әділ сайлау ұйымдастыру мен өткізу: түйінді мәселелер және оларды шешу жолдары» тақырыбында жиын өтті. Дөңгелек үстел басында «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстан Компартиясы және ТМД аумағындағы өзге бірқатар саяси партиялардың өкілдері пікір алмасты.

«ӨТІРІК АЙТУ, БҰРМАЛАУ, ДАУЫС ҰРЛАУ БҮГІНГІ ДАҒДЫ»

Жиында сөйлегендер Қазақстанда қандай болмасын сайлаулардың ашық, әділ өтпейтінін айта келе, соның салдарынан халықтың билікке деген сенімінің азайып бара жатқанын атап өтті.

– Айтысып жататыны да бар, тартысып жататыны да бар, бірақ біздің елге келгенде, өрескел заңбұзушылық, өтірік айту, сайлау қорытындысын бұрмалау, халықтың дауысын ұрлау күнделікті дағдыға айналды, – деді жиынның модераторы «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Жармахан Тұяқбай.
Қазіргі «Сайлау туралы» заңда тоталитарлық терминдердің аты ғана өзгертілген.

Партия жетекшісі мұндай әрекеттер жалғаса беретін болса, оның соңы халықтың ашу-ызасын туғызып, қоғамда тұрақсыздықтың пайда болуына түрткі болуы мүмкін екендігін ескертті.

Қазақстан билігін Мадридте берген уәдесін орындатуда ЕҚЫҰ-ның табандылық көрсете алмағанын сынаған «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов елдегі сайлау туралы заңды «ескінің қалдығы» деп атады.

– Онда «халық таңдауы» ұғымы мүлде жоқ советтік заманның таңбасы бар. Қазіргі «Сайлау туралы» заңда тоталитарлық терминдердің аты ғана өзгертіліп, оған көзбояушылық ретінде ешнәрсеге міндеттемейтін жалпы сипаттағы «новеллалар» енгізілген. Тарих сахнасынан СОКП кеткеннен кейін, 16 жылдан соң бірпартиялық парламент, бір партиялы мәслихаттың болуы кездейсоқ емес шығар, – деді Әміржан Қосанов.

Орталық сайлау комиссиясының идеологиялық жағынан Ақордаға тұтастай тәуелділігін сөз еткен саясаткер оны сайлауға қатысушылардың мүддесін қорғайтын жеке орган емес, сайлау ісін реттейтін министрлік іспеттес қызмет атқарып отырғанын атап өтті.

МЕМЛЕКЕТ ПЕН ҚОҒАМҒА ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Оппозициялық ұйымдардың жиынына тұңғыш рет қатысқан Қазақстандағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы Александр Кельчевский 1990 жылы қабылданған Копенгаген құжатының мәніне тоқталды.

Ол «сайлаудың еркін өтуі, Адам құқығы саласында халықаралық құжаттардың жүзеге асуы сияқты демократия құндылықтарын алға қоятын бұл құжаттағы нормаларды ЕҚЫҰ-ға мүше кейбір елдер орындамайтынын» айтқанымен, ондай елдердің түсін түстеп, атын атамады.
Александр Кельчевский, Қазақстандағы ЕҚЫҰ орталығының басшысы. Алматы, 18 қазан 2010 жыл

Жиын арасында журналистермен сұхбатта Александр Кельчевский «сайлаудың ашық, еркін өтуіне тек мемлекет қана емес, азаматтық қоғам да жауапты» деп, Қазақстанда билік өкілдерінің аузынан жиі айтылып келе жатқан сөзді қайталады.

– Қазақстанда азаматтық қоғам баяу дамып келеді. Дегенмен ол бар. Қазақстанда реформалар негізінен, жоғарыдан жүргізілетіні өкінішті. Бұл да демократиялық процестерге қайшы ғой, – деді Александр Кельчевский.

АЙЫРЫҚША МӘРТЕБЕЛІ АССАМБЛЕЯ

2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, парламент мәжілісіндегі тоғыз орынға депутаттар Қазақстан халқы ассамблеясынан тағайындалады. Ол өзгертулерге сәйкес, ассамблеямен кеңесе отырып, президент сенат бөлігінің құрамын анықтайды. Мұндай тәжірибенің әлемде жоқтығын айтқан билік өкілдері сол кезде мұның барлығы Қазақстанда ұлтаралық келісім мен татулық орнату мақсатында жасалып жатқанын алға тартқан еді.
Бір сөзбен айтқанда, қазір парламентте ешкім білмейтін, ешкім таңдамаған, тек біреулердің тағайындауымен барған адамдар отыр.

Жиынға қатысқан мамандар Қазақстанда бұған байланысты айтылып жатқан сыни пікірлерге биліктің құлақ асар кейпі байқалмайтындығын да тілге тиек етті.

– Бұл мүлде заңсыз. Ассамблеяның Қазақстан халқының атынан сөз сөйлеуге құқығы жоқ. Бәлкім, ассамблеяның өзінде аз ұлттардың, диаспора өкілдерінің атынан шықса, шығар. Бірақ оларға парламенттен орын берілуі – заңсыз. Екіншіден, оларды ассамблеяға кім тағайындады? Көптің таңдауымен отырды ма, жоқ әлде Ақордадан шақырылды ма деген сұрақ бар.
Болат Әбілов, "Азат" ЖСДП тең төрағасы. Алматы, 18 қазан 2010 жыл

Бір сөзбен айтқанда, қазір парламентте ешкім білмейтін, ешкім таңдамаған, тек біреулердің тағайындауымен барған адамдар отыр. Парламентке өз адамдарын сайлау деген тіпті Африка елдерінде жоқ, – деді «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов.

«БІР ПАРТИЯНЫҢ БАСТАУЫМЕН... КЕРІ КЕТІП БАРАМЫЗ»

Қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Қазақстанның барған сайын демократиядан алшақтап бара жатқанын қынжылыспен атап өтті.

– Президент туралы қабылданған заң, ассамблеяға артықшылық беру – бұл Негізгі заңымызға қайшы. Конституцияда «адамдар сайлайды және сайлана алады» деп жазылған. Ондай принцип бізде жоқ. Мәжіліс, сенаттың құрамын жоғарыдағылар өздері анықтайды: «мынадай кісілер болады, бітті» деп. Депутат болған кезімде «Нұр-Отанды» – «Коммунистік Нұр-Отан партиясы» деп атаған едім. Қазірде солай боп тұр. Басқа партияларды совет үкіметі кезіндегідей кіргізбейді, қабылдамайды. Жалғыз партияға миллиард ақша бөледі бюджеттен. Қазақстанда әділ сайлау өтеді дегенге сенімім күннен-күнге жоғалып барады, – деді Тоқтар Әубәкіров.
Қазақстанда әділ сайлау өтеді дегенге сенімім күннен-күнге жоғалып барады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жиынға «Нұр-Отан» партиясы да шақырылғанымен билік партиясының өкілдері келмепті.
Тоқтар Әубәкіров, қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ ғарышкері. Алматы, 18 қазан 2010 жыл
Әділ сайлау өткізу мәселесін талқылаған мамандар жиын соңында қабылдаған ортақ қарарда билікке төмендегідей ұсыныстар айтылған: сайлау туралы заңнама саяси партиялардың бәріне бірдей құқық бермейтіндіктен заңды реформалау; билік органдарынан тәуелсіз сайлау комиссиясын құру; сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіргендерге қолданылатын қылмыстық жауапкершілікті қатайту; электронды сайлау жүйесін алып тастау, т.б.

Қазақстанда «Сайлау» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі 2004 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. Заңға сәйкес, әрбір азамат сайлауда электронды немесе жазбаша дауыс беру әдісін таңдауына құқығы бар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG