Accessibility links

Қазақ қалаларында тастанды нәрестелер тауып алу оқиғалары жиілеп барады


Осы үйден жас нәрестенің жансыз денесі табылған. Ақтөбе қаласы, 19 наурыз 2010 жыл.
Осы үйден жас нәрестенің жансыз денесі табылған. Ақтөбе қаласы, 19 наурыз 2010 жыл.

Некесіз бала тапқан жас әйелдер қиын жағдайға тап болады. Олардың бірі жезөкшелікке салынып кетсе, екіншісі қайыр сұрап жүр. Үшіншісінің ата-анасы немерелерін асырап алғысы келгенімен, оны рәсімдеудің әуре-сарсаңы көп.


ТАСТАНДЫЛАР ТАҒДЫРЫ


Ақтөбеде пәтерін тәуліктік жалға беретін бір әйел осыдан бір ай бұрын жуынатын бөлмеден оралған зат тауып алды. Әлгіні ашып қарағанда, өлген нәрестенің іри бастаған денесі шыққан. Үш айдың ішінде қаладан қоқысқа, өзге бір жерлерге тастап кеткен төрт сәбиді тауып алған. Олардың біреулері шетінеп кетсе, енді біреулерінің әзірге көрер жарығы бар екен.

Осындай қанша тастанды бала табылды деген сауалмен біздің тілшіміз ішкі істер департаментінің баспасөз-қызметіне хабарласқан еді, ондағылар мұндай статистикалық деректер жоқ деп жауап берді. Жас әйелдердің жаңа туған нәрестелерін тастауға негізінен жоқшылық мәжбүрлейді екен.

57 жасар Салиха апаның айтуынша, күйеуі екеуі төрт бала тәрбиелеп өсіріпті. Ауылда жұмыс жоқ. Сондықтан олар Ақтөбедегі колледжде оқып жүрген қыздарының оқу ақысын төлеу үшін бір сиырын сатқан. Ал қазір қыздан туған немерелерін асырап алуға әрекет жасауда.

– Қалада жүріп қызымыз бір жігіттен жүкті болып қалыпты. Біз ол жігіттің Шалқарда тұратын ата-анасына барған едік, бірақ олар бізді қабылдамады. Қызымыз босанып, кішкентай нәрестені балалар үйіне тастап кетпек болды. Бірақ, біздің бұған жол бергіміз келмеді. Немеремізді өзіміз асырап алмақ болдық. Бірақ, өз немеремізді заңды түрде рәсімдеп, асырап алудың әуре-сарсаңы көп екен. Бізді түсініп жатқан ешкім жоқ. Қызымыз қаладағы оқуын жалғастыруы үшін енді екінші сиырымызды сойып сатпақпыз, – дейді Салиха апа.

ЛАЖСЫЗДЫҚ

21 жасар Ғалия жұмысқа тұрармын, реті келсе тұрмысқа шығармын деген үмітпен қалаға келген екен. Ол шағын бір кафеге даяшылық жұмысқа орналасып, арзандау пәтерді жалға алып тұрған.

– Мен ауылдың қызымын. Сыпайы бір жігітті кездестірген соң оны ұнатып қалдым. Кездесе бастадық. Бірақ ол менің аяғымның ауырлап қалғанын есіткен бетте жоқ болып кетті. Телефон соқсам жауап бермейді. Бірақ ол мені бұлайша тастап кетер дегенге сенген жоқпын, келер деп күттім, – дейді Ғалия Азаттық радиосының тілшісіне.

Оның айтуынша, арада біраз уақыт өтіп кеткен. Баланы алдыртуға да болмайды екен. Ғалия ата-анасы сезіп қоймас үшін ауылға баруды сиреткенін, үйіне барғанда ішін байлап алып жүргенін айтады.

– Мен көп балалы отбасында өстім. Ата-анам баланың әкесіз өскенін жақтырмайтын. Қатты қиналған сәттерімде мен әлі дүниеге келмеген баланы өлтіріп тастағым келетін. Перзентханада баланы тастап кетемін деп шештім. Бірақ менімен бірге бір палатада жатқан әйел ана бақыты туралы, баланы тастап кетсем, үлкен күнәға бататыным жайында талай әңгіме айтты, – дейді Ғалия.

Дүниеге қыз бала әкелген Ғалия күн көру үшін жезөкшелікпен айналыса бастағанын айтып берді. «Мен қызымды жоқшылық көрсетпей өсіру үшін барлығын жасаймын», – деді Ғалия Азаттық радиосының тілшісіне қоштасарда.

СҮЙКІМДІ ҚЫЗ – ЗАРИНА

Көшеде қатты боран соғып тұр. Әркім өз шаруасымен асығып бара жатыр. Қолында көтерген кішкенетай баласы бар жас әйел алақанын жайып, өткен-кеткеннен қайыр сұрап тұр. Дүкен маңында сауда жасап отырған зейнеткер кемпір Азаттық радиосының тілшісіне әлгі әйелдің төрт жылдан бері қайыр сұрап жүргенін айтты.

Өзінің айтуынша, мектеп бітірген 17 жасар Настя досы Жәдігер екеуі жұмыс іздеп қалаға келеді. Жатақханадан орын алады. Настя сырлаушының мамандығын игереді. Арада біраз уақыт өткен кезде ол өзінің жүкті болып қалғанын біледі.

– Алғашында баланы алдыртып тастасам ба деп ойлағанмын. Бірақ Жәдігер босанғанымды қалады. Мен әлі кәмелетке толмағандықтан біз заңды түрде некеге де тұрмаған болатынбыз. Жұмыс жоқ, тамаққа да ақша жоқ. Жәдігер жиі арақ іше бастады. Босанатын уақытым жақындап қалды. Содан соң дүкен маңына келіп қайыр сұрай бастадым. Өзге амалым қалмаған еді. Пәтерге ақы төлеп, баланың болашағын ойлау керек еді, – дейді Настя Азаттық радиосының тілшісіне.

Настя дүниеге қыз бала әкелді. Арада үш жыл өтті. Жас әйел баласымен жалғыз қалды.

– Дүниеге қызым келген соң мен күнімді көру үшін қайыр сұрап жүре бердім. Пәтер иесі әйел бізді аяп, үйінен қуған жоқ. Бірге тұрамыз. Жәдігердің құрт ауруына шалдыққанын естідім. Қазір ол мәжбүрлі түрде емделіп жатыр, қызын ойына да алмайды, – дейді Настя.

Үш жасар бүлдіршін Зарина. Ақтөбе қаласы, 18 наурыз 2010 жыл.
Ішімдікке үйір болған соң Жәдігер оны жиі ұратын болған. Тіпті біраз тісін де ұрып, сындырған. Бір кездері Настяны аналық құқынан да айырмақ болған екен. Бірақ ол сотта қызын өзіне алып қалыпты.

– Иә, қазір мен жұмыссызбын, қалада тіркеуде де жоқпын. Мен өзімді, қызымды асырау үшін көшеде қайыр сұраймын. Күніне мың теңгедей табамын. Ол ақшаға бірден қызым Заринаға азық-түлік сатып аламын. Оны мұқтаж қылғым келмейді. Кейде жүргіншілер нан, азық-түлік береді, – дейді жалғыз басты ана.

Азаттық радиосының тілшісі үш жасар Заринадан: «Анаңды жақсы көресің бе?» – деп сұраған еді. Кішкентай балдырған: «Менің мамам! Менің!» – деп бақытты анасын мойныан тас қылып құшақтап алды.
XS
SM
MD
LG