Қазақстанның жаңа тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі - Желтоқсан көтерілісі болған Алматыдағы орталық алаңның астынан сауда және ойын-сауық орталығының құрылысын салуға қарсылық талабын желтоқсанның 19-ы күні сағат 11-де Алматының әкімі Ахметжан Есімовке тапсыруға келген оппозициялық «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілов пен Маржан Аспандиярова, Гүлжан Ерғалиева, Ермұрат Бапи және Петр Своикты әкім қабылдады.
Бір сағаттай уақыт әкімде болып шыққан соң, Болат Әбілов сыртта жиналған жұртқа кездесуде не айтылғаны жайында баяндады:
- Біз қала әкімі Ахметжан Есімовке кіріп, жұрттың талабын жеткіздік: алаңды толықтай бұрынғы қалпына келтіріп, «Тәуелсіздік алаңы» деген жаңа атау беру және Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың ерлігін жадымызда мәңгі қалдыру мақсатында алаңға жаңа ескерткіш орнату. Және де ол ескерткіштің жобасын ашық байқау жариялап таңдауымыз керек. Қажет болса оның құрлысына қажетті ақшаны халық болып өзіміз жинап береміз. Есімов мырза алаңның астынан салуға жоспарланған сауда – ойын-сауық орталығының орнына енді жер асты автокөлік жолы мен автотұрақ салу туралы ұсыныстар қаралып жатқанын айтты. Бірақ, біз оған өз қарсылығымызды білдірдік. Ешқандай тұрақ та, басқа да керек емес, бұл жер - халқымыздың тәуелсіздігі үшін күрескендердің қаны төгілген қасиетті алаң, ол жерде ешқандай құрылыс болмасын деген талап қойдық. Әкім бізге «Базис А» компаниясының қазіргі таңда қаржы дағдарысына тап болып отырғанын, алаңдағы жұмыстарды аяқтау үшін де ақша қажеттігін айтты. Біздің ойымызша, бұл жұмысты бастаған «Базис А» компаниясы мына қазып тастаған орды өз қаржысына қайта жауып, алаңды баяғы қалпына келтіруі тиіс!
Бүгінгі жиналған топ алдағы дүйсенбі, желтоқсанның 22-і күні осы талаппен «Базис А» компаниясының Алматыдағы кеңсесіне бармақшы.
Осыдан бір жарым жыл бұрын Алматының орталық алаңынан астынан ауқымы 100 мың шаршы метр болатын «Алмалы» ойын-сауық және сауда орталығын салу туралы ұсыныс сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауына ие болған-тұғын. Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар мен ұлтшыл ұйымдардың қарсылығына қарамастан бұрынғы әкім «Базис А» компаниясына құрылысты бастауға рұқсат берген еді.
Құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын «Базис А» компаниясының басшысы Александр Белович барлық жұмыстар жердің астында жүргізілетіндігін айтып, көлік қозғалысы мен алаңға бөгеті болмайды деп уәде берген болатын. Бұдан кейін компания алаңның айналасында ондаған жылдар бойы өсіп тұрған биік те әсем шыршаларды түбірімен қопарып құртып, жан-жағын үлкен темірмен қоршап, ішінен үлкен котлован қазуға кірісті.
Бірақ, кейіннен жер бетінде жарықтар пайда болып, биылғы ақпан айында компания құрылыс жұмыстарын жердің үстінде жалғастыратыны хабарланды.
Ал соңғы жарты жылдан астам уақыт қаржы дағдарысына тап болған «Базис А» компаниясының алаңдағы жұмыстары тоқтап қалған-ды.
Алматы әкімдігі алдындағы бүгінгі оқиғадан түсірілген бейнесюжетті қараңыз.
Алматы әкімдігі алдындағы бүгінгі оқиғадан түсірілген бейнесюжетті қараңыз.