Accessibility links

Аудиожазбалар оппозицияның беделіне әсер етті ме?


Болат Әбілов Қазақстан Президетінің сайлауында оппозициядан түскен ортақ кандидаттың сайлау штабын басқарды. 4 желтоқсан 2005 ж.
Болат Әбілов Қазақстан Президетінің сайлауында оппозициядан түскен ортақ кандидаттың сайлау штабын басқарды. 4 желтоқсан 2005 ж.

Интернетте «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбіловке қатысты жарияланған аудиожазба оппозиция қайраткерінің беделіне дақ түсіре алмады дейді оның пікірлестері.

Қазанның 7-і күні Азаттық радиосына берген түсініктемесінде Болат Әбілов 2007 жылы Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековпен хабарласып, өзінің партиялас екі серігімен оған жолығуға өтініш білдіргенін растады. Оның айтуынша, кездесуге оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасының жылына орай Алматыда Ш.Уәлиханов атындағы алаңда митинг өткізуге биліктен рұқсат алу мәселесі түрткі болған.

«Рұқсат берді. Өткен жылдың ақпан айында сол митингті өткіздік», - деді Болат Әбілов.

Митинг қарсаңында Ақордамен бірқатар келіссөздер жүргізілгендігін Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы да айтты:

«Митингке байланысты әңгіме болды, өзіміздің арамызда талқыланды. Рұқсат бермесе рұқсатсыз митинг өткізуге дейін барамыз деген талапты Әділбек Жақсыбековке, сол кездегі Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке қоятындығымыз туралы әңгіме болды».

2007 жылғы ақпандағы митингті өткізуге Ақордадағы осы кездесулердің ықпалы тигендігін Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың төрағасы Айдос Сарымов та біледі:

«Жақсыбековтың тапсырмасынан соң Алматы әкімшілігі Ш. Уәлиханов атындағы алаңды берген болатын».

Митинг мәселесін бір кездесуде шешкен Болат Әбілов 2007 жылы Әділбек Жақсыбековпен тағы бір мәрте жүздесіпті. Бұл туралы партия төрағасы Азаттық радиосына өзі баяндады:

«2007 жылғы маусым айының басында, Парламент сайлауы қарсаңында, Әділбек Жақсыбековпен келесі бір кездесуіміз болды. Біз сол жолы Жақсыбековтен әділ сайлау өткізуін талап еттік».

Болат Әбіловке қатысты жарияланған аудиожазба оппозиция қайраткерінің беделіне дақ түсіре алмады дейді оның пікірлестері. Жазбаны жариялағандардың Әбіловті билікпен ауыз жаласқан адам етіп көрсету үшін келтірген әлгі дерек ондай дәлел болмай шықты дейді олар.

Осыдан екі апта бұрын Президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, қазірде Венада тұрып жатқан Рахат Әлиев Азаттыққа берген сұхбатында, Қазақстанда оппозициялық күштер жоқ, елдегі билікке қарсы саяси күштер Ақордадан қаржыландырылады деген еді. Артынша-ақ жергілікті оппозиция өкілдері бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Содан кейінгі уақытта Рахат Әлиевтің ықпалында деп айтылып жүрген kaztoday сайты «Ақорда мен оппозиция өкілдері арасындағы телефон әңгімелері» ретінде таныстырылған аудиотаспаларды жариялай бастады. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай интернеттегі телефон әңгімелерін өзі мен және оның партиясының беделін түсіруге бағытталған арандатушылық ретінде бағалады.

XS
SM
MD
LG