Accessibility links

 
Гүлжан Молдажанова әлемдегі ең беделді қазақ әйелі атанды

Гүлжан Молдажанова әлемдегі ең беделді қазақ әйелі атанды


Forbes журналы жариялаған әлемдегі ең беделді 100 әйелдің тізіміндегі 37-ші орынды Гүлжан Молдажанова иеленді. Ол АҚШ-тың бірінші ханымы Лора Буш, Ұлыбритания ханшайымы ІІ Елизаветадан озып шықты.

Ханзадалар мен танымал саясаткерлердің, басқарушы менеджерлер мен журналистердің ықпалдылық деңгейін әлем жұртына жария етіп отырған бұл тізімнің басында осымен үшінші жыл қатарынан Германия канцлері Ангела Мерхель келеді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс 2005 жылы бірінші орынды иеленген-тін, биыл жетінші орынға жылысыпты. Рейтингтің 17-ші орны Украинаның премьер-министрі Юлия Тимошенкоға, ал 21-ші – Үндістан Ұлттық Конгресінің жетекшісі Соня Гандиге бұйырыпты.

Рейтинг ішінде, сондай-ақ алты президенттің есімі аталған. Тізімнің басым бөлігінде миллиардтаған айналымы бар ірі компанияларды басқарушы ықпалды әйелдерге орын берілген. Жалпы, бұл тізімге енген әйелдердің ықпалдылық деңгейі олардың есімінің баспасөзде аталу жиілігі мен сапасына және де ықпалды қыз-келіншектер басқарып отырған қаржы ағындарының ауқымына да байланысты.

Мұндай беделді әрі байсалды тізім ішінде қазақ қызы Гүлжанның есімі аталуы ресейлік іскер, кәсіпкер ортаны аса таңдандыра қойған жоқ. Ресейлік «Базовый холдингтің» бас директоры Гүлжан Молдажанованы Батыс баспасөзі әлемдегі ең бай адамдардың бірі - «қалайы патшасы Олег Дерипасканың оң қолы» деп атап кеткен. Әлемдік деңгейде мойындалғанына қарамастан Гүлжан Молдажанованы Отанында көп біле бермейді. Сондықтан Азаттықтың веб-сайты арқылы оның өмірбаянына толығырақ тоқтала кеткенді жөн санадық.

Forbes келтірген шағын мәліметте Гүлжан Молдажанованың басшылық қызметке қарапайым хатшы деңгейінен бастап көтерілгені туралы дерекпен шектелген. Ол танымал болуға ұмтылмайды, ал оның есімінің баспасөзде және қоғамдық шаралар барысында жиі аталуын, журналистер «өндірістік қажеттілік» деп түсіндіреді. Алдағы жылы Дерипаска «Базовый элемент» холдингін шетелдік қор нарығына шығаруды көздеп отыр. Бұл – компаниядан мейлінше мол ашықтықты және компания жетекшілерін батыс инвесторларына таныстыруды талап етеді.

«Қазақстанда туған Гүлжан Молдажанова Дерипасканың корпоративтік стратегиясына елеулі ықпал етіп отыр. Ал бұл стратегия – автокөліктің құрал-сайманын өндіруден, құрылыс пен ядролық энергетика саласын кеңейтуге дейінгі мәселені қамтиды», - деп жазады Forbes.

Бұл мәліметке өзге де деректерді қоса кетсек. Гүлжан 1966 жылдың 11 маусымында Алматы қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Қазақ мемлекеттік университетін қызыл дипломмен бітірді, мамандығы – физик. Кейін Мәскеуге аспирантураға түсуге кетіп, 27 жасында ғылым кандидаты атанды. 1994-95 жылдары Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми жұмыстармен айналысқан. Сол кезеңдегі ауыр материалдық жағдайдың салдарынан Гүлжан жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болған.

Немістің танымал басылымдарының бірі Handelsblatt газеті, 1995 жылы жас келіншекке өзінің бұрынғы курстасы Олег Дерипаскаға 200 доллар айлығы бар хатшы қызметіне орналасуға тура келді деп жазады. Арада екі апта өткенде оны қаржы директорының көмекшісі етіп тағайындайды. Ал, бір жылдан кейін ол «Русский алюминий» компаниясының сыртқы экономикалық байланыс бөліміне ауысады. Жаңа орынға орналасуымен қатар Гүлжан білімін де жалғастырып, жетілдіре берді. 1998 жылы ол Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы Қаржы академиясын аяқтаса, 2001 жылы халықаралық МВА дипломын алды.

1990-шы жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Гүлжан Молдажанова Олег Дерипасканың компанияларында басқарушы қызметтерге келсе, 2005 жылы «Базовый элемент» сынды ірі қаржы-өнеркәсіп компаниясын басқарған Ресейдегі бірінші әйел атанды. Қазіргі күні Дерипасканың алюминий компаниясы әлемдік нарықта екінші орынды иеленген. Ал, Молдажанова болса бүгінгі күні тек металлургиялық алыпты ғана емес, тұтас бір ірі холдингті басқарып отыр. Холдингтің құрамына «Русский алюминий» компаниясымен бірге целлюлоза комбинаттары, ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен көлік, құрылыс салаларындағы бірнеше елде орналасқан өзге де компаниялар кіреді. Холдингтің айналымы 2006 жылы 18,5 миллиард АҚШ долларына жетті, ал оның құрамындағы барлық өндіріс орындарының құны 23 миллиард доллардан асты.

Гүлжан Молдажанованың қол астында бүгін экономиканың әр түрлі саласында 300 мыңдай адам қызмет етеді. Ал, көп салалы холдинг ішіндегі құрылымның тиімді жұмысы мен іскер менеджерлер командасының жасақталуы - Гүлжанның зор еңбегінің арқасында жүзеге асқан.

Forbes журналы дайындағандай рейтингтік тізімге ену – Гүлжан үшін таңсық емес. Танымал американдық журналдың бірі Fortune Гүлжан Молдажанованы әлемдік бизнестегі ең ықпалды 50 әйелдің қатарына екі мәрте енгізген болатын. Бұл тізімде 2006 жылы Гүлжан 22 орында болса, 2007 жылы 20-шы орынға көтерілді. Ол, сондай-ақ Нью-Йорктің іскерлік газеті Wall Street Journal әзірлеген әйел – бизнес-жетекші рейтингінің құрамына да енген.

Гүлжанның ерен еңбегі Ресейде де мойындалған. Баспасөз атаулы «қалайы ханым» атап кеткен Гүлжан Молдажанова бүгінгі күні Ресейдің іскер әйелдерінің алғашқы бестігін құрайды. Мұндай баға беріп отырған танымал басылымдардың ішінде «Известия», «Финанс» және «Карьераны» атауға болады.

Әріптестері мен қол астындағылары Молдажанованы жігерлі, қайратты, мақсаткер әрі талапты басқарушы деп біледі. Іскер келіншектің ойламаған жерден мықты басшы атануын бүгінгі күні кездейсоқтық деп есептейтін адам кемде-кем. 2005 жылы ресейлік «Профиль» журналына сұхбат берген компания қызметкерінің бірі, «оған мұндай күш-қайрат жоғарыдан берілген, мұны айналасындағылар түгел біліп отыр» дегенді айтқан.
Сұхбаттарының бірінде, "әйел ретінде осы мүмкіндіктерді өз Отаныңызда жүзеге асыра алар ма едіңіз?" деген сұраққа Гүлжан:

- Жоқ, Қазақстанда бұл мүмкін емес еді: онда экономиканың даму деңгейі бөлек және де шығыс дәстүрлерінің ықпалы мол. Қазақтар - өзгелермен салыстырғанда мейлінше батысқа жақын деген күннің өзінде, әйел затының бизнеске араласуы аса жылы қабылданбайды. Ал, әйелдің ғылымдағы орны - өзгеше. Ғылым - әйел үшін мейлінше абыройлы, мәртебелі іс саналады, - деп жауап берген.

Алайда, Гүлжан өзі ғылыми мансаптан гөрі бизнеске араласқанды жөн санаған, сөйтіп, өзіне тән дарыны мен жұмысқа деген ынта-жігерінің арқасында өзге елдің топырағында жүріп биік жетістіктерге қол жеткізе алды.
XS
SM
MD
LG