Accessibility links

Майра Мұхамедқызы: Мақсатым – қазақ әнін Еуропаға таныту


Опера секілді классикалық өнердің шыңына шығу әнші атаулының қолынан келе бермейді. Ал Майра Мұхамедқызының маңдайына Париждің Гранд-опера театрында өнер көрсету бақыты да бұйырған екен.

Олай дейтініміз қазақтың опера әншілерінің ешқайсысы мұндай дәрежеге қол жеткізе алмаған еді. Сонау 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік көрмеде болған этнографиялық концерттерге қатысып ән шырқаған Әміре Қашаубаев салып кеткен жолмен, талай қазақ әншісі француздарды таңдай қақтырып, өнерін тамашалатқаны анық. Алайда, Гранд-опера сияқты ірі театрмен арнайы келісім-шартқа отырып, бірнеше жыл бойы өнер көрсеткен қазақ әншісі болған емес.
Алматыда демалыста жүрген Майра Мұхамедқызымен кездесудің сәті түскен еді. Біз әншіге «Гранд-опера театрында өнер көрсетуге қалай қолыңыз жетті?» деген сауал қойдық.
- Осы жолға жетудің оңай болмағаны белгілі. Қазақстанның мәдени күндері, үлкен-кішілі салтанатты жиындары шет мемлекеттерде жиі-жиі өтіп тұрды. Сондай жиындармен алғашқы жолым түскен мемлекетім – Франция еді. Франция көрермендері мені жылы қабылдады. Альбомымды сұрап, компакт-дискімді берулерін өтінген көрермендер көп болды. Содан мен компакт-дискімді шығаруды мақсат еттім. Сол кезде Францияның бір компаниясы маған демеушілік жасап, алғашқы компакт-дискім шықты. Оның тұсаукесері де Париждегі біздің елшілікте болды. Сол диск Гранд-опера театрының директоры мсье Галдың қолына тиген екен.

Майра Мұхамедқызы: Мүмкіндік бар жерде ұлттық киіммен шығып, қазақ әндерін шырқаймын.
2002 жылы маған біздің Сыртқы істер министрлігінен хабарласып, Гранд опера театрының шақырып жатқандығын айтты. Сөйтіп, Францияға ұшып барып, Гранд-опера театрында алғашқы концертімді қойдым. Вердидің Травиата операсы мен француз Гуноның Ромео мен Джульетта операсынан ариялар орындадым. Осы концерттен кейін театрдың директоры арнайы жолығып, Гранд-операда екі маусымда өнер көрсетуімді сұрады. Сөйтіп, Франция сахнасына жол тарттым, - дейді Майра Мұхамедқызы.
Майра француз тілін үйренуге тым көп уақыт жұмсамағандығын айтады. Алғашқы үш ай арнайы оқытушы жалдап оқығанын, кейін, өз бетімен дайындалғанын жеткізді. Бас-аяғы 6 айдың ішінде французша үйреніп, алдым деген Майра француздардың ұлттық рухының биік екендігін сөз етті.

- Әлемнің жан жағынан келген әншілер негізінен ағылшын және итальян тілінде сөйлейді. Менің бір байқағаным, француздардың ұлтшылдығы. Өз тілінде ғана сөйлеуді мақсат тұтады екен. Өзге тілдерге, әрине, сый-құрмет танытып жатады, дегенмен өз тілдерін биік қоюға тырысатындығын аңғардым.
Классикалық өнердің отанына барғаннан кейін, Майра репертуар жағынан қиналған екен. Өкінішке қарай, қазақ операсы әлемдік деңгейге көтеріле алмай жатыр. Ал, орыстың Үлкен театры мен Маринский театрларын бүкіл әлем мойындайды.Маринский театрының дирижеры Валерий Георгиев Чайковскийдің «Евгений Онегин», «Пиковая дама» опералары мен «Аққу көлі» балетінің әрбір екі жыл сайын жаңадан қойылымын жасап 3 миллион долларға сатып отырады екен. Қазақта дәл сондай беделге ие шығарма да, режиссер де жоқтың қасы. Мұның себебін Майра менеджменттің дамымағандығынан көреді:
- Қазіргі заманда менеджмент деген бар. Сата білу, өткізе білудің өзі үлкен өнер. Менеджментті жақсы меңгерген Валерий Георгиев өзі дара тұлға ретінде,әлемге танымал білікті маман ретінде орыс операларын Еуропа сахналарына өткізе білуде. Меніңше, қазақ операсы да осы деңгейге жетуі керек. Ол үшін,бізге дәл сондай білікті музыкант әрі менеджер керек-ақ, - дейді.
Майра "Орлеан қызы" операсында.
Сол себепті де Майра Гранд-опера сахнасында келісім-шарт бойынша бүкіл әлемге танымал, классикалық шығармаларды ғана орындауға мәжбүр. Майра опера театрларының маусым шымылдығын ашып-жабу ол әр әнші үшін ең үлкен мәртебе деп саналады дейді.
- Лорен Нанси, Бордо ұлттық опера театрларында, Лондонның Кадоган концерт залында,Вашингтон және басқа әлем сахналарында өз таланттымды көрсеттім. Мүмкіндік бар жерде қазақтың әндері шырқалды, қазақтың ұлттық киімімен шықтым. Сонда бүкіл еуропалықтар менің өнеріме тамсана қол соқты. Әрине, қазақтың әнін бүкіл әлемге танытсам деген мұратым бар, - дейді әнші.
Майра Мұхамедқызы келісім-шарт бойынша қазанның 1-інде Парижге жол тартпақ.
- Жаздағы соңғы маусымның пердесін Шекспирдің шығармасы негізінде жазылған Бенжамин Бритиннің «Сон в летнюю ночь» деген операдағы басты рөл Титаниямен жаптым. Оның сәтті болғанының белгісі, Канн және Тулун ұлттық опера театрларының күздегі маусымының пердесін осы операмен ашатын болам, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG