Accessibility links

Облыс әкімінің орынбасары Б.Дәукенов жұмысшыларға вахта, қосымша жалақы туралы сұрамауды бұйырды


"Бонатти" компаниясында еңбек ететін қазақстандық жұмысшылар талаптарын алға тартуда. 1 желтоқсан 2008 ж.
"Бонатти" компаниясында еңбек ететін қазақстандық жұмысшылар талаптарын алға тартуда. 1 желтоқсан 2008 ж.

10 желтоқсанда Қарабатандағы Agip KКO-ның мұнай тазалау зауытының құрылысын салып жатқан жұмысшыларға келіп жиылыс өткізген Атырау облыстық әкімшілігінің бір топ шенеунігі олардың ереуілге шыққандарын заңсыз деп айыптап кетті.

29 қарашада Agipтің субмердігерлерінің бірі Bonatti S.p.A компаниясының 400-ге тарта жұмысшысы вахталық ауысым енгізуді, жұмыс жағдайын жақсарту мен жалақыны көтеруді талап етіп, наразылық митингісін ұйымдастырған еді. Онда облыстық әкімшілік 20 желтоқсанға дейін уақыт сұрап, мәселені шешуге уәде берген болатын. Сондықтан жергілікті биліктің Батыс Ескенеге арнайы ат басын бұрғанын жұмысшылар жақсылыққа жорығанымен, бәрі бекер болып шықты.


Жиналысқа Agip KКO-ның мердігерлері Bonatti S.p.A, SICHIM Company, IGS Sichim, Cape Industrial Services, Bateman компанияларынан 20-30 –дан жұмысшы өкілі қатысқан. Жұмысшылардың айтуынша, Қарабатанға келген облыс әкімінің орынбасары Б.Дәукенов, жұмысшыларды қамту- үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының кеңесшісі Т.Ищанов, еңбек министрлігі және халықты әлеуметтік қорғау департаменті бастығының орынбасары С.Ишай және Мақат аудандық прокуроры жұмысшылар проблемасын шешуге емес, керісінше ереуілге шыққандарға айбат көрсетуге келіпті.

Шенеуніктердің жиылысынан соң Азаттық радиосына хабарласқан жұмысшы Талғат Есенәлиев былай деді:


- Жиылысты ашқан облыс әкімінің орынбасары Б.Дәукенов менен «Бонатти» компаниясынан ереуілге шыққан жұмысшылар бар ма деп сұрады. Кім бастаған? Сіз бе? Сізге және сіздің айналаңыздағы жұмысшыларға разы емеспіз. Сіздер әкімшіліктің осы мәселелер жөніндегі жасап жатқан жұмысын желге ұшырдыңыздар дегенді айтты. Сонда әкімшілік соншама уақыт айналысқанымен шешімі табылмайтындай бұл осыншама күрделі мәселе ме еді?


Бұдан әрі Т.Есенәлиев «Ереуілге шыққан бірде-бір жұмысшы шығарылмайды» деп әкімшілік уәде бергеніне қарамастан, өзінің ертеңіне алаңдап отырғанын жасырмады. Бірақ өзінің басын жас жұмысшы балалар үшін жауапкершілікке тіккенін жария етті. Жұмысшылардың айтуынша, жиылысты ұйымдастырған жергілікті билік Қарағанды, Жезқазған қалаларындағы жұмысшылары мен Ресейдегі Толяттидің 50 мың жұмысшы жұмыссыз қалғанын мысалға келтіріп, сендердің жағдайларың жақсы деп жұбатқан көрінеді. "Бірақ оның бізге қатысы қандай?" деседі жұмысшылар.

Атыраудағы шетелдік компаниялардағы жұмысшылар ахуалы бір күнде пайда болған проблема емес. 4-5 жыл бойына созылып, жауыр болған әңгіме. Оны әкімшілік те мойындап отыр. «Бірақ бізге әкімшіліктің айтқан уәдесінде тұрып, жағдайымызды жақсартудың орнына Дәукеновтың «Сендердің араларыңда арандатушы бар. Ал, барлығымыз көтерілейік дейсіңдер. Бұларың - заңсыз. Мен 15 жыл прокурор болған адаммын. Мәселе көтеріліспен емес, жазбаша арыз жазу арқылы шешіледі» деп бізді заңмен қорқытқанын түсінбей отырмыз. Бұл жиналысты неге ашқаны да түсініксіз. Өйткені онда жұмысшылар наразылығының себебі болып отырған вахта, ақша мәселесі қозғалмады, арыз-шағымдарымыз жауапсыз жатыр», - дейді Т.Есенәлиев.


Бұл жиналысты жұмысшылар проблемасын шешу үшін емес, 20 желтоқсанда олардың наразылығын болдырмау үшін жасалған шара деп хабарлады жұмысшылар. Олар айтқандарының дәлелі ретінде Азаттық радиосына табыс еткен аудиожазбаларынан жиналыста сөйлеген Б.Дәукеновтың:

"Мен бұл проблемалармен екі айдан бері айналысып келе жатырмын. Сондықтан вахта, қосымша жалақы - «Лара» жайлы сұрамаңдар. Басқа күрделі мәселелерің болса соны айтыңдар" дегенін естідік. Бұған не айтарларын білмей дал болған жұмысшылар біздің күрделі мәселеміз осы вахта, ақша жайы дегенде әкім орынбасары тағы шорт кесіпті: «вахта, ақша жайлы сұрамаңдар!».

Жұмысшылардың кімнен сұрарын білмей отырған тағы бір мәселесі - жалақының есептелу реті. Мәселен, жүк тиеуші Жексенбай Омаров:

- Мен жақын ауылдан қатынап жасаймын, жұмыста таңертеңгілік және кешкі асты ішпеймін және жұмыс киімімді жууға өткізбеймін, бірақ осы қызметтерге менен ақша ұсталады. Ал оның қандай себептермен ұсталатындығын «ақша мәселесін қозғамаңдар» деген соң келген әкімшілік өкілдерінен ауызба-ауыз тағы біле алмадық, - дейді.


Б.Дәукеновтың жиналыстағы мәлімдемесіне сүйенсек, қазір әкімшілік Аджиппен күн сайын келіссөз жүргізіп, вахта ауысымы мәселесін қарастырып жатқан көрінеді. Бірақ ол жұмысшылар талап еткен желтоқсанда шешіле ме, әлде жаңа жылдан кейін жауабын таба ма - ол жағы белгісіз. Нақ осы мәселеге байланысты "ҚазМұнайгаздан" лауызымды тұлғалар келе жатқаны белгілі болды. Олардың не шешері де әзірге жұмбақ.

Ал облыс әкімінің орынбасары Б.Дәукенов әкімшіліктің жұмысшылар көтеріп отырған мәселені шешумен айналысып келе жатқанын, осы мақсатта меморандумдар жасалып отырғанын қайта-қайта айтқанымен оның неге орындалмайтынын ұқпаған жұмысшылар жұмыс орындарына қайтты. Әкімшілік не десе де, 20 желтоқсаннан ары күте алмаймыз деп отыр жұмысшылар.

XS
SM
MD
LG