Accessibility links

Ресей "Батыс" әскери жаттығумен НАТО-ның тамырын басып көрмек пе?


Ресей мен Беларусь арасындағы "Батыс-2021" әскери жаттығуда.
Ресей мен Беларусь арасындағы "Батыс-2021" әскери жаттығуда.

Ресей мен Беларусь 12 қыркүйекте "Запад-2025" ("Батыс-2025") әскери оқу-жаттығу жиын бастады. Бұл жаттығу Ресейдің дрондары Польша аумағына кіріп, Варшава мен НАТО қорғанысына алаңдап жатқан тұста өтпек.

"Батыс-2025" оқу жаттығу жиыны Беларусь аумағында 16 қыркүйекке дейін болады.

Ресейдің ресми өкілдері әскери жаттығуда қарсыластың шабуылының бетін қайтару әдістері пысықталады дейді. Ал сарапшылар "бұл – Ресейдің үш жарым жылда Украинадағы соғысып жатса да, бір миллионнан аса адамынан айырылса да қарулы күштері әлі күшті екенін көрсету амалы" деп санайды.

"Меніңше, [Ресей президенті] Путинның мақсаты –Украинадағы соғыс аса қатты әсере ете қоймады дегенді көрсету" дейді АҚШ әскерінің отставкадағы генерал-лейтенанты, қазір Еуропа саясатын сараптау орталығының ғылыми қызметкері Лэнс Лэндрум Азаттыққа.

Биылғы әскери жаттығуда Ресейдің ядролық қарулары мен ядролық бомба таситын ортақашықтыққа ұшатын ракеталарды қолдану бойынша шешімдер де пысықталады. Бұған дейін Мәскеу Минскіге ядролық қару жеткізетінін айтқан еді. Бірақ Ресей Беларуське қанша қару орналастырғанын айтпаған еді. Ал Беларусьтің авторитар лидеріАлександр Лукашенко елінде ондаған ядролық қару бар деп қалған еді.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Беларусьтің авторитар лидері Александр Лукашенко (сол жақта).
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Беларусьтің авторитар лидері Александр Лукашенко (сол жақта).

"Мұны олардың ықпал ету науқанының аясында басқа елдер мен халықаралық медиаға көрініп қалу әдісі деуге болады" дейді Лэндрум.

Әскери жаттығуға Украина алаңдап, Беларусьпен шекаралас Латвия, Литва, Польша жіті назар аударып отыр. Себебі 2021 жылы Ресей "Батыс" оқу-жаттығу жиынына деп Беларуське әскер алып келіп, 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кірген еді.

НАТО өкілі Азаттық радиосына альянс Ресей әскерінің әрекетін бақылап отырғанын айтады. НАТО Ресей мен Беларусьті "Батыс" оқу-жаттығу жиыны кезінде халықаралық міндеттерін сақтауға шақырады. Дегенмен альянс өз мүшелеріне "қандай да бір әскери қауіп-қатер жоқ" деп бағалайды.

"БАТЫС-2025" ЖАТТЫҒУЫНА ҚАНША ӘСКЕР ҚАТЫСАДЫ?

Кремльдің Украинаға басқыншылық соғысы жалғасып жатқан тұста биылғы "Батыс" жаттығуына аз күш келген. Беларусь тарабы жыл басында жаттығуға 13 мың әскери қатысады деген еді. Бірақ мамырда әскерилер саны қысқарып, 7-8 мың адам қатысатыны белгілі болды. Ал 2021 жылғы "Батыс" жаттығуына 200 мың әскери қатысқан.

Беларусь қорғаныс министрі Виктор Хрениннің сөзінше, жаттығудың басым бөлігі Борисов қаласының маңында (Минскіден солтүстік-щығыстан 74 км жатыр) өтеді. Бұған қоса, Ресей Беларуське екі мыңдай әскери жіберетіні айтылды.

Жалпы Ресей Ұлттық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында (Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мүше) да үш оқу-жаттығу жиынын өткізеді.

БИЫЛҒЫ "БАТЫС" НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ?

Биылғы жаттығуға аз күш қатысса да, Ресей мен Беларусь Украинадағы соғыс басталғалы алғаш рет стратегиялық деңгейдегі әскери жиынды қайта қолға алды.

"Биылғы әскери жиын Мәскеудің НАТО-ға қарсы соғыс қалай күтетінін көрсетеді. Қазір жағдай ушығатындай негіз жоқ, дегенмен бұл НАТО-ға Ресейдің болашақтағы әскери концепциясына қатысты маңызды сабақ болмақ" деп жазған еді Германиялық сыртқы саясат кеңесі жиын алдындағы есебінде.

"Батыс" оқу жаттығу жиыны 1970 жылдағы Совет одағы кезінде басталып, 1991 жылы одақ құлағанға дейін жалғасқан. Кейін 1999 жылы Путин бұл әскери жаттығуды Беларусьпен қайта қолға алып, әр төрт жыл сайын ұйымдастырып келген.

Батыс елдері 2009 және 2013 жылғы "Батыс" жаттығуында Варшава мен Стокгольмге соққы пысықталды деген еді.

НАЗАРДА БЕЛАРУСЬ ПЕН ЯДРОЛЫҚ ҚАРУ

Желтоқсанда Лукашенко мен Путин Беларусьтің қауіпсіздігіне кепілдік беретін келісімге қол қойды. Келісімге сай, Минск кез келген агрессияны Ресейдің ядролық қаруы арқылы қайтара алады.

Беларусь қорғаныс министріХрениннің сөзінше, "Батыс" жаттығуында әскерилер Ресейдің ядролық қаруын "қолдану жоспарын" пысықтайды, бірақ жаттығуда қару қолданылмайды.

"Батыс-2021" жаттығуы.
"Батыс-2021" жаттығуы.

Биылғы "Батыс" оқу-жаттығу жиыны Лукашенконың Батыспен қарым-қатынасты реттеуге тырысып жатқан тұста өтіп жатыр.

"Лукашенко ушаққан жағдайды реттеу идеясын ұсынып, Путиннің әрекеттеріне әсер етуге уәде беріп, саяси тұтқындарды босата бастады" дейді Chatham House орталығының Беларусь бойынша директоры Рыгор Астапения.

Биыл Беларусь режимі саяси тұтқындардың біразын босатты. Мәселен, "Батыс" жаттығуы басталарға бір күн қалғанда, 11 қыркүйекте Минск тағы да 52 саяси тұтқынды түрмеден шығарды.

"Егер оқу жаттығу жиыны тыныш әрі ешқандай оқыс әрекетсіз өтсе, онда диалог әріқарай жалғаса береді" дейді Астапения.

Ағылшын тіліндегі мақала сәл ықшамдалып аударылды

XS
SM
MD
LG