Accessibility links

Ауғанстандағы жер сілкінісінен жүздеген адам қаза тапты. Опат болғандар саны өсуі мүмкін


Ауғанстанның солтүстік-шығысында болған зілзаладан зардап шеккендерді құтқарып жатқан сәт. 31 тамыз 2025 жыл.
Ауғанстанның солтүстік-шығысында болған зілзаладан зардап шеккендерді құтқарып жатқан сәт. 31 тамыз 2025 жыл.

31 тамыз түнде Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Құнар провинциясында магнитудасы 6 баллдық жер сілкінісі болып, жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам зардап шеккен. Дүмпу тереңдігі 8-10 километрде болған. Бұл туралы Reuters агенттігі мен ВВС сайты хабарлады.

"Талибан" қозғалысының (АҚШ пен ЕО террорлық ұйым деп таныған) бақылауындағы телеарна кемі 500 адам қаза тауып, мыңнан аса адам жараланды дейді.

Жер сілкінісі болған аймақ
Жер сілкінісі болған аймақ

Алдын ала ақпарат бойынша, бір ауылда кемі 30 адам қаза тапқаны айтылды. Тәліптер басқаратын үкіметтің денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жер сілкінісінен зардап шеккен аймақта құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

"Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің саны өте көп. Себебі зілзала таулы аймақта болды және таудағы ауылдарға жету қиын" деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Шарафат Заман.

Заманның сөзінше, "үш ауыл жермен жексен болып, қатты қираған".

Құнар провинциясы билігінің ақпарат бөлімінің басшысы Наджибулла Ханиф та жүздеген адам ауруханаға жеткізілгенін, зардап шеккендер мен қаза тапқандар саны өсуі мүмкін екенін айтады.

Зілзала болған таулы аймақтағы үйлердің көбі құмнан және тастан салынған.

Жер сілкінісі Ауғанстан астанасы Кабул мен Пәкістанның Исламабад қаласында да сезілген.

Зілзаладан зардап шеккендерді құтқарып жатқан сәт. 31 тамыз 2025 жыл.
Зілзаладан зардап шеккендерді құтқарып жатқан сәт. 31 тамыз 2025 жыл.

Үнді және Еуразия тектоникалық тақтасында орналасқан Ауғанстанда жер сілкінісі жиі болады. 2023 жылы қазанда Герат провинциясында магнитудасы 6.3 баллдық зілзала болған. Биліктегі "Талибан" қозғалысы 4000 адам қаза тапты деген еді. Ал БҰҰ табиғат апатынан 1500 адам қаза болды деп мәлімдеген еді. Бұл әлемдегі кедей елдің бірі Ауғанстанның табиғи апаттарға келгенде әлсіз екенін көрсеткен.

Азаттықтың Ауған қызметі, Reuters пен ВВС ақпараттары негізінде жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG