Accessibility links

АҚШ-тағы сот Азаттық радиосының USAGM-ге қарсы шағымын қарайды


24 наурызда Вашингтон қаласындағы сот Азат Еуропа/ Азаттық радиосының (Radio Free Europe/Radio Liberty, RFE/RL) АҚШ-тың жаһандық медиа агенттігін (USAGM) қарсы шағымын қарайды. Азаттық радиосы тез арада Конгресс бөлген қаржыны беруді талап етеді. Сот АҚШ уақытымен 14:00-де басталады.

АЗАТТЫҚТЫҢ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?

Азаттық радиосы USAGM-нен 1-15 наурызға бөлінген 7,5 млн долларды бірден аударуды талап етеді. Дәл 15 наурызда агенттік Конгресс бекіткен қаржыны бермей қойған еді.

Шағымда қааржыны бермеу федералдық заң мен АҚШ Конституциясын бұзады деп жазылған. Себебі қаржыны пайдалану туралы шешімді толығымен Конгресс қабылдайды. Бұдан бөлек, Азаттық радиосы сот арқылы 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейін бөлінген қаржыны толық алуды көздейді. Бұл талап бойынша сот сәуірдің ортасында өтеді.

Азат Еуропа/ Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Стивен Капус сотқа шағымда ақша болмаса штаттан тыс тілшілермен келісім-шартты бұзып, штаттағы қызметкерлерді ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр болатынын айтқан.

"Бұл біздің 23 елге тәуелсіз ақпарат тарату мүмкіндігімізге кері әсер етеді" деді Капус мәлімдемесінде. Азат Еуропа/ Азаттық радиосының заңгерлері де сот компания шығынға ұшырамас үшін тез арада 7,5 млн доллар бойынша шешім қабылдауы тиіс деп санайды.

USAGM НЕ ДЕЙДІ?

USAGM сот шағымына қатысты мәлімдемесінде Колумбия аймағының аумақтық соты бұл істі қарауға өкілеті жоқ дейді. Бұған қоса, агентттік "гранттарды басқару бойынша өкілеті бар" екенін айтып, соттың бұл процеске араласуы "қоғамдың мүддесіне сай келмейді" деді.

ҚАРЖЫ НЕГЕ ТОҚТАДЫ?

14 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп USAGM бастаған үкіметтік жеті агенттіктің бюджетін қысқарту туралы жарлық шығарған. Ал 15 наурызда USAGM Азаттық радиосына грант берілмейтінін Кари Лейктің қолы қойылған хатпен білдірген. Лейктің хаттағы қызметі "USAGM басшысының міндетін атқарушының аға кеңесшісі" деп көрсетілген. USAGM "Азаттық радиосын қаржыландыру агенттіктің басымдығына сай келмейді" деген.

АЗАТТЫҚТЫ ЕУРОПА ОДАҒЫ ҚОЛДАУЫ МҮМКІН БЕ?

USAGM Азаттық радиосына грант бөлмей қойған тұста Еуропа одағының саясаткерлері медианы сақтап қалу мәселесін талқылай бастады. Бұл бастаманы Чехия үкіметі көтеріп, Еуропадағы тағы тоғыз ел қолдау білдірген.

Бұған қоса, сөз бостандығын қорғаумен айналысатын халықаралық 28 ұйым АҚШ Конгресіне хат жолдап, USAGM мен оның журналистерін қорғауға шақырған.

Азаттық радиосы жұмыс істейтін 23 елдегі оқырмандар да қазір компанияға қолдау көрсетіп жатыр. Ираннан Беларуське, Ауғанстаннан Ресейге, Украинадан Қазақстанға дейінгі елдерде аудитория журналистердің бейтарап жұмысына алғыс айтты әрі алаңдаушылық білдірді.

Трамп бірінші президенттігі кезінде USAGM қарамағындағы медиалардың, соның ішінде Азаттық радиосы мен Америка дауысының редакциялық жұмысына араласпақ болып, агенттікпен жанжалдасқан еді.

USAGM — АҚШ үкіметінің тәуелсіз агенттігі. Елу тілде ақпарат тарататын агенттіктің бір аптадағы аудиториясы 361 млн адамнан асады. Агенттіктің 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі бөлінген қаржысы 950 млн доллар болған. Бұл сома Азаттық радиосы, "Америка дауысы", "Азат Азия радиосына", "Марти радиосына", "Таяу Шығысқа ақпарат тарату желісіне" берілуі тиіс еді. 950 млн доллардың 153 млн доллары Азаттық радиосына тиесілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG