Стамбул әкімі Экрем Имамоғлы "пара алды" деген күдікпен түрмеге қамалған соң елде президент Режеп Тайып Ердоғанға қарсы наразылық күшейді. Түркияның түпкір-түпкірінде мыңдаған адам жаппай наразылыққа шығып жатыр. Бұл – Ердоған билігіне қарсы кейінгі бес жылдағы ең ірі қарсылық.
Жексенбі, 23 наурызда Түркиядағы оппозиция – Халықтық-республикалық партиясы (ХРП) Имамоғлыны 2028 жылы өтетін президент сайлауына кандидат ретінде таңдауы керек еді. Стамбул әкімнің қамалуы осы саяси оқиғаға тұспа-тұс келді.
Сот Имамоғлыны "қылмыстық топ құрып басқарды, пара алды, бопсалады, жеке деректерді заңсыз тіркеп, тендерлердің нәтижесін бұрмалады" деп айыптаған. Стамбул басшысымен қатар Түркияда бұл айыптармен жүзден аса адам ұсталды. Олардың қатарында саясаткерлер, журналистер, бизнесмендер бар.
Жұрттың көбі 54 жастағы Имамоғлыны Ердоғанның басты саяси қарсыласы санайды. 23 наурыздағы сот шешімін Түркиядағы ондаған мың халық пен Түркия оппозициясынан бөлек, еуропалық лидерлер де сынға алды. Олар Имамоғлыға қозғалған істің "саяси астары бар" әрі "демократияға қарсы" деп есептейді.
Халықтық-республикалық партиясының мүшесі Имамоғлы өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, "ақылға сыймайтын айып әрі жала жабу" деді. Ал Ердоған наразылар мен партияны "елдің тыныштығын бұзып, халықты екіге бөлді" деп айыптады.
Стамбулда халық бесінші күн қатарынан қала басшылығының ғимаратына жиналып, полиция алдында Түркия туын ұстап ұрандатып тұр. Полицейлер жиналғандарды тарату үшін су және көзден жас ағызатын бұрыш шашқан.
Түркия ішкі істер министрі Әли Ерликая әлеуметтік желідегі постында Стамбул, Анкара, Измир, Адана, Анталия, Чанаккале, Ескішехир, Кония және Едирне қалаларындағы наразылық кезінде "340-тан аса адам ұсталғанын" жазды.
"Қоғамдық тәртіпті бұзып, адамдардың қауіпсіздігі мен тыныштығына қауіп төндіргендерге, хаос жасап, арандатқандарға төзбейміз" деді ол.
Ал Анкара әкімі, ХРП мүшесі Мансур Яваш 23 наурызда журналистерге Имамоғлының ұсталғаны "сот жүйесінің масқара әрекеті" деп сынады. ХРП партиясының жетекшісі Өзгур Өзел Имамоғлының қамалғаны "келесі президентке қарсы төңкеріс жасау әрекеті" деді.
Сыншылар Стамбул әкімнің ұсталуы танымал оппозиция күші мен Ердоғанның келесі сайлаудағы қарсыласының "үнін өшіруге талпыныс" деп санайды. Ал үкімет бұл айыпты жоққа шығарып, Имамоғлыға қарсы істің "саяси астары жоқ", "елдің сот жүйесі тәуелсіз орган" дейді.
Түркиядағы кейбір әлеуметтік сауалнамаларда Имамоғлы Ердоғаннан озып тұр. Бұл елде келесі президент сайлауы 2028 жылы өтуі тиіс. Бірақ Ердоғанның келесі сайлауға түсуге мүмкіндігі жоқ. Егер ол қайта сайлауға түсем десе кезектен тыс сайлау өткізуі тиіс немесе конституцияны өзгертуі керек.
Түркияда соңғы рет мұндай ірі наразылық 2013 жылы болған. Сол жылы Стамбулдағы Гези паркіндегі ағаштарды кескені үшін халық қарсылыққа шыққан.
ПІКІРЛЕР