Accessibility links

"Қостанай – Ресейдің жері" деген азаматтың ісі тоқтады. Сараптама "қылмыс құрамы жоқ" дейді


"Қостанай – Ресейдің жері және Ресей алдағы 10 жылда бұл жерді қайтарып алады, Қазақстанда азамат соғысы басталады" деген азаматтың үстінен қозғалған іс тоқтатылды. Сараптама "қылмыс құрамы жоқ" деген. Бұл сөзде сепаратизм белгісі расымен жоқ па, әлде саясат заңнан басым түсіп отыр ма?

"ҰЛТАРАЛЫҚ АРАЗДЫҚ БАР, БІРАҚ САРАПШЫ ПІКІРІНЕ СҮЙЕНЕМІЗ"

2024 жылғы 18 желтоқсанда украиналық Свята Джавелина YouTube-арнасында Қостанайда тұратын Н.Ю.Сычугов есімді азаматпен жарты сағаттық сұхбат жарияланды. Сычугов өзін музыкант ретінде таныстырып, басында музыка жайлы әңгімелеседі. Сұхбаттың ортасына қарай саясат, тарих, Украинадағы соғыс мәселесі қозғалып, Сычугов "Қостанай – Ресейдің жері... Алдағы 10 жылда Ресей оны қайтарып алады... Қазақстанда азаматтық соғыс болады" дейді.

Қостанайда туып-өстім деген Сычугов әскерде болғанын, бірақ өзін Қазақстан патриоты санамайтынын, Қазақстанда ұлтшылдық күшейіп, орыстілді азаматтарды жақтырмайтынын айтады. YouTube-арнасының авторы "Қостанай – Ресей" жері дегенге жергілікті қазақтар қарсы болмай ма деп сұрағанда, ол "солтүстіктегі қазақтар орыстанған, сол себепті қарсы болмайды, ал оңтүстіктегілер таза қазақ емес" дейді.

"Егер қолыңа қару алуға тура келсе, сол қаруды кімге қарсы кезейсің? Кім үшін [соғысасың?]" деген сұраққа, Сычугов "Ресей үшін" деп жауап береді.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетті бұл азаматтың осы сөздері үшін ұлтаралық араздықты қоздыру бабы (қылмыстық кодекстің 174-бабы) бойынша іс қозғаған, бірақ ол кейін тоқтап қалған. Бұл туралы Қостанай облысы прокуратурасының 6 мамырда Астана тұрғыны Ж.А. Дуисбаев есімді азаматқа берген жауабынан кейін мәлім болды.

"Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша бейнематериалдың сараптамалық зерттеуін ескере отырып, қылмыстық іс 18.03.2025 жылы қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Облыстық прокуратура бұл шешіммен келісті. Атап айтқанда, сараптама қорытындысына сәйкес, бейнежазбада әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру белгілері жоқ. Адамдардың әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни көзқарасына байланысты табиғи, биологиялық артықшылығы немесе төмендігі туралы ақпарат орын алмаған. Билікті күшпен басып алуға, билікті күшпен ұстап тұруға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге немесе конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге, сол сияқты Қазақстан Республикасының тұтастығы мен оның аумағының біртұтастығын күшпен бұзуға шақырулар анықталмаған" деп жауап берген прокуратура.

Қостанай облысының прокуратурасына Азаттық та қоңырау шалып хабарласты. Прокуратура өкілі содан бері ештеңе өзгермеді, яғни қылмыстық құрам болмауына байланысты іс тоқтады деді.

Қазақстанның ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қостанай тұрғынының сөзін "ұлтаралық араздықты қоздыру" деп түсінетінін айтты. Бірақ ол сараптама қорытындысынан аттап өте алмаймыз деді.

– Менің ойымша, бұл – ұлтаралық араздықты қоздыру. Бірақ әрбір осындай өтініш бойынша біз сараптама тағайындаймыз. Біз ең алдымен өзіміздің түсінігімізге емес, сарапшының пікіріне сүйенеміз. Егер сарапшы оның айтқандарынан құқық бұзушылық көрмесе, онда прокуратура да, сот та, біз де оны жауапкершілікке тарта алмаймыз. Яғни, бұл жерде негізгі тұлға – сарапшы. Сондықтан мен қазір нақты айта алмаймын, ол адамның әрекеттерінде заң бұзушылық жоқ деген сараптама қорытындысы бар шығар, – деді вице-министр Азаттық тілшісінің сұрағына.

Лепеханың сөзінше, "мұндай пікір білдіріп жүрген адамдар, әдетте, масаң күйдегілер, олар ел ішінде дәл сол араздық тудырғысы келетіндердің диірменіне су құйып жатыр".

– Құқық бұзушылық болсын, болмасын, ол қоғамдық айыптауға ұшыраса, егер ертең мәселен, көршілері онымен сөйлеспейтін болса, бұл да үлкен жауапкершілік болады деп ойлаймын, – деді ол.

ЖІКШІЛДІК ҚАНДАЙ ЖАЗАҒА ӘКЕЛЕДІ?

Ел ішінде жікшілдік тудыратын фактілер Қылмыстық кодекстегі алауыздықты қоздыру ( 174-бап) және сепаратистік әрекет (180-бап) баптары бойынша тергеліп, жазаға тартылады. Сепаратизм үшін жазаны күшейткен 180-бап заңға 2014 жылы – Украинадағы жікшіл аймақтар пайда болған уақытта енген.

Сепаратизм – ауыр қылмыс. Оған сәйкес, 10 жылға дейін түрме жазасы қарастырылған.

2015 жылы Риддер тұрғыны Игорь Сычев "сепаратизмге шақыратын сауалнама" жариялағаны үшін айыпталып, 5 жыл бас бостандығынан айырылған.

Петропавл соты 2016 жылы жергілікті тұрғын Игорь Чупринаны 5,5 жыл түрмеге жапты. Оған араздықты қоздырды, сепаратизмге шақырды деген айып таққан.

Ресейшіл ұстанымен танылған блогер Ермек Тайшыбеков ұлт араздығын қоздырды деген баппен 2015 жылы бір рет сотталып, кейін босап шыққан. Осы айыппен 2021 жылы тағы істі боп, 7 жыл түрмеге кесілді. Ол айыпты мойындамайды.

2022 жылы "Орал, Петропавл, Павлодар және өзге [аймақтарды] Ресейге беру керек" деп жазған Орал тұрғыны Максим Яковченкоға сепаратизм бабымен іс қозғалған. Іс сотқа түскенде Яковченконың Ресей кетіп қалғаны, кейін босқын мәртебесін алғаны белгілі болды.

2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысының 20 шақты тұрғыны "өздерін СССР-дың мұрагері деп атап, "Петропавл еңбекшілерінің халықтық кеңесін" құруды жариялаған. Кейін олардың төртеуі жеті жылдан тоғыз жылға дейін сотталды.

Бас прокуратура статистикасына сәйкес, былтыр сепаратизм бойынша 21, алауыздықты қоздыру бабымен 111 қылмыстық іс қозғалған. Ал биыл сепаратизм бабымен 7, алауыздықты қоздыру бабымен 73 қылмыстық іс тіркелген.

"УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫСТЫҢ ЫҚПАЛЫ"

Әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу орталығының жетекшісі Серік Бейсембаев кейінгі бір жылда Қазақстанда ресейшіл саясат күшейгенін айтады. Оның сөзінше, Астана Ресейді қауіп ретінде қарап, оларға қатысы бар деген мәселеде шу шығармауға тырысқан болуы мүмкін.

Әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу орталығының жетекшісі Серік Бейсембаев.
Әлеуметтанушы, Paperlab зерттеу орталығының жетекшісі Серік Бейсембаев.

– Менің бақылауымша, расында да сепаратизмге қатысты, ұлтаралық араздық қоздыруға байланысты істердің саны артқан. Бұл тағы да сол Украинадағы соғыстың тікелей ықпалы сияқты. Өйткені қазір билік Қазақстан мен Ресейдің арасына қандай да сызат түсіретін, болмаса жергілікті контекстіде әртүрлі этникалық ұлттардың арасындағы жанжалдың белгісі болуы мүмкін оқиғалардың барынша алдын алғысы келеді. Өйткені жалпығаламдық тұрақсыздық жағдайында ішкі тұрақтылықты, ішкі қауіпсіздікке назар аудару бар, – дейді сарапшы.

Бірақ дей тұрғанмен, Қазақстанда сепаратизм қаупі қатты әсіреленіп отыр дейді Бейсембаев. Оның айтуынша, билік сепаратизм қаупі мәселесін ішкі саясатта "манипуляция құралы ретінде" пайдаланып келеді.

– Әртүрлі әлеуметтік желілерде Қазақстанның солтүстік облыстары Ресейге тиесілі деген сөздерді, сепаратистік пиғылдағы мәлімдемелерді естіп жатамыз. Ресей пропагандасы белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін. Бірақ әлеуметтік саяси процесс тұрғысынан мұндай нәрселердің болуы [заңдылық] сияқты. Өйткені жалпы адамдар әлемдегі оқиғаларға қатысты рефлексия жасайды, – дейді ол қазіргі қоғамда поляризация күшейгенін атап өтіп.

Құқық қорғаушылар елде 174-бап саяси қуғын, қысым мақсатында қолданылады деп сынайды. Мұны әлеуметтанушы Серік Бейсембаев та қуаттап отыр. Ресми Астана бұл негізсіз сын деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG