Қазақстан Ұлттық банкі ақша айырбастау орындарында теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін белгілеу туралы қаулы жобасын әзірлеп жатыр. Ол АҚШ долларымен және еуромен жасалатын операцияларға қатысты болмақ.
"Жобаға сәйкес, айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегі АҚШ доллары үшін – 7 теңге, еуро үшін – 10 теңге деп белгілеу ұсынылады. Ұсынылып отырған өзгерістер, ең алдымен, валюта нарығындағы алыпсатарлықты төмендетуге, сондай-ақ қаржы нарығына қатысушыларға төнер қауіпті сейілтуге бағытталған", – деп хабарлады Ұлттық банк.
Бұл шектеулер қолма-қол ақшасыз жүргізілетін айырбастау операцияларына әсер етпейді деп жазылған хабарламада.
Қаулы жобасының толық мәтінімен Ұлттық банктің ресми сайтынан танысуға болады.
Бұған дейін Ұлттық банк теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін 2022 жылы АҚШ доллары үшін – 15 теңге, еуро үшін – 20 теңге деп белгілеген. Ол шара Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс елдері салған санкциялар әсерінен девальвацияға ұшыраған ресейлік валютаның кебін құшқан теңге бағамы күрт түсіп кеткен кезде енгізілген еді.
20с24 жылдың аяғы – 2025 жылдың басында әлемдік жетекші валюталарға шаққанда теңге бағамы тағы да айтарлықтай төмендеді. 13 қаңтардағы қор биржасындағы сауда-саттықтың нәтижесі бойынша, бір АҚШ долларының бағамы 528,71 теңгеге теңелді. Қазақстанның ұлттық валютасының бағамы Батыс салған санкциялардың, орасан зор көлемдегі әскери шығындардың, әлемдік базарда мұнай бағасының төмендеуінің салдарынан экономикасы әлсіреген Ресейдің ақшасының ізімен тағы да құлдырай бастады.
ПІКІРЛЕР