Ауыл шаруашылығы министрлігі итбалықтардың қырылуының себебін болжады.
Ведомство алдын ала мәлімет бойынша, итбалықтардың қырылуына “табиғи құбылыстар, оның ішінде суасты жер сілкісінісінің салдарынан шыққан табиғи газ да бар” себеп болуы мүмкін деп жазды.
"Балық шаруашылығы комитеті табиғи құбылыстар, соның ішінде су астындағы жер сілкінісі салдарынан табиғи газ шығарындылары себеп болуы мүмкін деп болжайды. Итбалықтардың өлу себептері туралы түпкілікті тұжырымдар ғылыми ұйымдардың мәліметтері бойынша 3-4 айға созылатын зертханалық зерттеулер аяқталғаннан кейін алынады" деп жазылған ресми хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, 24 қазан мен 13 қараша аралығында Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының мамандары Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізі жағалауынан 1034 итбалық өлексесін тапқан. Олардан сынама үлгілері алынып, зертханаға жіберілген.
Зерттеу жұмыстарына гидробиология және экология институты, итбалықтарды зерттеу және оңалту орталығы және микробиология ғылыми зерттеу институты, вирусология ғылыми зерттеу орталығы сияқты ұйымдар қатысып жатыр.
"2024 жылдың 13 қарашасында пастереллез, құс тұмауы, жыртқыш оба, сальмонеллез және листериозға арналған ПТР әдісімен зерттелген барлық сынама теріс нәтиже көрсетті" деп жазылған министрлік хабарламасында.
Итбалықтардың жаппай қырылу дерегі алғаш 24 қазанда тіркелген.
Бұған дейін Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова Каспий жағалауындағы итбалықтың жаппай қырылуына қатысты жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижесін жариялаған. Баймұқанованың пікірінше, итбалықтар түрлі себептен өлген болуы мүмкін: жер сілкінісі, табиғи газдың шығуы, теңіздің ластануы, індет.
Каспий теңізі жағасынан биыл сәуірде де итбалық өлекселері табылған. Ол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті Түпқараған ауданында 27 итбалық өлексесі табылды, олар дауыл салдарынан жағаға шыққан деп хабарлаған еді. Комитет итбалық қыс мезгілінде бір уақытта өліп, содан бері өлксесі суда тұрған болуы мүмкін деп долбар жасаған.
ПІКІРЛЕР