АҚШ-та республикашылдар Конгрестің төменгі палатасы - өкілдер палатасындағы 435 орынның кемінде 218-ін иеленіп, басымдықты сақтап қалды. Бұл жөнінде AP агенттігі жазды.
Елде парламент сайлауы өткен аптада президент сайлауымен қатар өткен. Осы уақыт бойы дауыстар саналып келді. Аризона штатындағы аймақтардың бірінде республикашыл депутат Хуан Чискоманидің сайлаушылардың 49,6% дауысын жинап, жеңіске жетуі сайлауда шешуші рөл атқарған.
Демократтар өкілдер палатасында қазір 208 орынды иеленіп отыр. Тоғыз ауданда дауыс санау әлі толық бітпеген.
Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон қызметін сақтап қалуы әбден мүмкін. Өкілдер палатасының сайлауы екі жыл сайын өтеді.
Бұған дейін республикашылдар Конгрестің жоғарғы палатасы сенатта да басымдықты сақтап қалған. Президент сайлауында республикашылдар кандидаты Дональд Трамп жеңіске жетті. Республикашылдардың Конгрестің қос палатасында көпшілік болып отыруы Трампқа өз саясатын жүргізуді әлдеқайда жеңілдете түседі.
ПІКІРЛЕР